Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 3:36

[1] Ізгі атағың бағалы зор байлықтан, Жақсы абыройың құнды күміс-алтыннан.

[2] Бай мен жарлының ортақ қасиеті: Екеуін де жаратты Тәңір — Құдай Иелері.

[3] Зерделі жан қатер көріп бас сауғалар, Аңғал адам жүре беріп, зиян табар.

[4] Жаратқанды терең қастерлейтін кішіпейілдер Байлық, абырой, шынайы өмірге кенелер.

[5] Зымиянның жолы тікен мен торға толған, Өзіне сақ болған аулақ жүрсін содан.

[6] Баланы жастан салсаң тура жолға, Есейгенде ол содан таймайды да.

[7] Бай адам жарлыға үстемдік құрар, Қарыздар қарыз бергеннің құлы болар.

[8] Әділетсіздік сепкен пәлені орар, Оның қаһарының сойылы сынып қалар.

[9] Жомарт жан жарлымен нанын бөлісер, Құдайдың жарылқауына кейін кенелер.

[10] Қорлаушыны қусаң, жанжалдан арыларсың, Ұрыс-керіс, балағаттан ада боларсың.

[11] Жүрек пәктігін жақтыратын, Ұнамды сөздерді айтатын Жанға патша да болар жақын.

[12] Жаратқан Ие білімге қырағы болар, Опасыздардың істерін Ол құлдыратар.

[13] «Далада арыстан бар, алаңда көзімді құртар» Деп жалқау ұдайы сылтау айтар.

[14] Азғын әйелдің сөздері — терең шыңырау, Тәңір Ие жақтырмаған пенде соған құлар-ау.

[15] Баланың жүрегінде надандық бар, Тиянақты тәрбие оны содан арылтар.

[16] Баюы үшін кедейге жәбір көрсететін Әрі байға сыйлықтар бере беретін Адам болады кедейленетін.

[17] Даналардың айтқандарын құлақ түріп тыңда, Бермек тәліміме зейініңді бағышта!

[18] Игі болар оларды есіңде сақтасаң, Әрі аузыңнан да ешбір тастамасаң.

[19] Сенімің болсын деп Жаратқан Иемізде, Осыны бүгін үйретемін дәл өзіңе.

[20] Саған ақыл-кеңес пен білім беру үшін Мына отыз нақылды жазған едім,

[21] Ақиқат, адал сөздер үйренуің үшін, Өзіңді жібергенге дәл жауап беруің үшін:

[22] Жарлыны жарлы деп тонама, Бейшараны дау сотында қыстама!

[23] Солардың мүдделерін Жаратқан Ие қорғайды, Оларды тонағандардың өздерін тонайды.

[24] Ызақормен дос болма, Ашушаңмен байланыспа.

[25] Әйтпесе өзің соған еліктейсің, Тұзаққа түсіп, күйреп кетесің.

[26] Қол алысып, бөтеннің қарызына Кепіл болатындай ақылсыз болма!

[27] Болмағанда төлейтін ақшаң Төсегіңді тартып алар астыңнан.

[28] Ата-бабаң салып кеткен межеңді Жасырын жылжытып, ұлғайтпа жеріңді.

[29] Кездестірсең біреуді ісіне аса шебер, Жай адамдарға емес, патшаларға қызмет етер.

Нақыл сөздер — Chapters