[1] Ақылды бала әке тәрбиесін қабыл алар, Ал мысқылшыл ескертуге құлақ аспас.
[2] Адам игі сөздерінің жемісін көрер, Ал опасыз жан зорлық-зомбылық көздер.
[3] Аузына ие болған өмірін сақтар, Аузын айқара ашқан пәлеге ұшырар.
[4] Жалқау мол аңсағанмен аз алар, Ынтамен еңбек еткен тоқ болар.
[5] Әділ өтірік сөзді жек көрер, Зұлым арсыз ісімен абыройын төгер.
[6] Таза жанды әділдігі аман сақтар, Күнәкарды зұлымдығы құлатар.
[7] Бай болғансыған біреудің түгі де жоқ, Ал кедейсіген басқа біреу байлыққа тоқ.
[8] Байлық байдың өміріне төлем болар, Ал кедей қоқан-лоқыдан аман болар.
[9] Әділдің нұры жарқырап жанар, Зұлымның шырағы өшіп қалар.
[10] Менмендік дау-жанжал туғызар, Даналық ақылдасқандарда болар.
[11] Оңай олжа тез таусылар, Еңбекпен жинаған байлығын молайтар.
[12] Ұзаққа созылған үміт жүрек қажытар, Орындалған тілек өмірді құлпыртар.
[13] Нақыл сөзді елемеген кесірін көрер, Нұсқауды құрметтеген пайдасын көрер.
[14] Данышпанның тәлімі — өмір бұлағы, Ол адамды ажал торынан құтқарады.
[15] Ақыл-парасат адамды ұнамды қылар, Зымиянның жолы тым ауыр болар.
[16] Зерделі білгірлікпен әрекет етер, Зердесіз надандығын паш етер.
[17] Зұлым хабаршы пәлеге тап болар, Адал хабаршы амандық орнатар.
[18] Тәрбиеден безген жоқтық пен масқараға ұшырар, Ескертуге көңіл бөлген қадір-құрметке ие болар.
[19] Аңсағаны іске асса көңіл сүйсінер, Арам ісінен қайтудан надан жиренер.
[20] Данамен жолдас болған дана болар, Наданмен жолдас болған пәлеге қалар.
[21] Күнәкардың соңынан пәле қалмас, Әділ жан ізгі сыйынан ада қалмас.
[22] Ізгі жанның мұрасы үрім-бұтағына қалар, Күнәкардың байлығы әділ жанға сақталар.
[23] Кедей жыртқан тың жерден егін бітік шығар, Ал әділетсіздіктің кесірінен бір бөлігі ұрланар.
[24] Жазасын тартқызбаған баласын сүймейді, Баласын сүйген оны жасынан тәрбиелейді.
[25] Әділ жан тамағын тойып ішер, Арамзаның қарны аш жүрер.