[1] Даналық өзінің үйін салған еді, Оның жеті діңгегін қойған еді,
[2] Енді сусынын даярлап, малын сойды, Тамаша дастарқанын жайып қойды,
[3] Адамдарға қызметшілерін жұмсады, Олар қаланың биігінен жар салады:
[4] «Мұнда келіңдер!» деп шақырады Бар аңғалдарды және ақылсыздарды:
[5] «Кәне, келіп, дәм татыңдар асымнан, Ішіңдер дайындаған сусынымнан!
[6] Надандықты тастап, шынайы өмір сүріңдер, Лайым ақыл-парасат жолымен жүріңдер!»
[7] Мысқылшылға сөгіс берген масқара болар, Зұлымға ескерткенге мін тағылар.
[8] Мысқылшылға ескертпе, сені жек көрер, Дана жанға ескерт, ол сені сүйер.
[9] Дана жанға тәлім бер, даналығы өсер, Әділді де үйрет, білімі көбейер.
[10] Даналықтың бастауы — Жаратқан Иені Терең қастерлеп, Оған мойынсұну, Һәм ақыл-парасат — Киелі Құдайды Және Оның еркін жақыннан тану.
[11] Даналықпен көрер күнің көп болар, Парасатпен жасыңа жас қосылар.
[12] Дана болсаң, пайдасын өзің көрерсің. Мысқылшыл болсаң, зиянын өзің шегерсің.
[13] «Надан әйел» даурыға айқайлайды, Өзі аңғал, мән-жайларды ұғынбайды.
[14] Үйінің есік алдында орындыққа Отырады ол, қаланың биік орнында.
[15] Тура жолмен өтіп бара жатқандарға «Надан әйел» дауыстап жар салуда:
[16] «Мұнда келіңдер!» деп шақырады Бар аңғалдарды әрі ақымақтарды:
[17] «Ұрлап ішкен су сондай тәтті екен! Тығып жеген нан сондай дәмді екен!»
[18] Адамдар білмейді бұрын шақырылғандардың Өлік болып көр түбінде жатқандарын.