[1] Зұлымдарды күндеме, Қосылуды көксеме,
[2] Ойлары — зорлық ету, Сөздері — сұмдық істеу.
[3] Даналықпен үй салынар, Парасатпен берік болар,
[4] Білгірлікпен үйдің іші Әр түрлі әсем дүниеге толар.
[5] Дананың қуаты басым болар, Білгірдің күші нығайып толар.
[6] Соғысты ақыл-кеңеспен басқар, Кеңесшісі көп жеңіп шығар.
[7] Даналық тым жоғары ақымаққа, Аузын ашпас ол даналар бас қосқанда.
[8] Сұмдық жасауды жоспарлаған жан Арам ниетті деп аталған.
[9] Ақылсыздың арам ойы күнәкар, Мысқылшыл жан жұртқа жексұрын болар.
[10] Тап болған қиындыққа мойығаның — Тым аздығы бойыңдағы қуатыңның!
[11] Ажалға айдалып бара жатқандарды құтқар, Қырғынға теңселіп бара жатқандарды қайтар!
[12] «Біздер білген жоқпыз» дейсің бе? Жүрек түкпірін сынайтын Жаратқан шындықты білмей ме? Ұдайы жаныңды бақылайтын Тәңір Ие білмей қалар дейсің бе? Ісіне қарап әрбір жанның Қарымтасын Ол береді де.
[13] Балам менің, бал же, бойыңа ол нәрлі, Балауыз ұясынан тамғанын же, таңдайыңа ол тәтті,
[14] Дәл солай даналық та жаныңа игілікті: Оны тапсаң жарқын болар келешегің, Әрі еш үзілмес үмітің сенің.
[15] Әй, сұрқия, тосқауылдан көз салма Әділетті жанның тұрағына, Оның жайлы мекенін ойрандама!
[16] Жеті рет жығылса да әділ жан, Қайта тұрып кетер орнынан, Ал зұлым құрып кетер апаттан.
[17] Жығылса жауың соған қуанба, Сүрінсе мәз болып табалама!
[18] Әйтпесе Жаратқан саған наразы болар, Жауыңа деген қаһарынан қайтар.
[19] Зұлымдарға ызаланба, Арамзаларды қызғанба,
[20] Болашағы жоқ зұлым жанның, Шырағы ерте өшер зымиянның.
[21] Балам, Жаратқанды терең қастерле, Мойынсұнып патшаңды да құрметте, Ал бүлікшімен ешқашан бірлеспе!
[22] Қосылсаң оған, кенет пәлеге ұшырарсың, Кім білер Жаратқан мен патшаның үкімдерінің Сондай бүлікшіні неге бұйыратындарын?
[23] Даналар мына нақылдарды да қалдырған. Адамды алалау сот ісінде, Бұл — нағыз әділетсіз нәрсе.
[24] Айыптыны «әділ» деп ақтаған төрені Халықтар қарғап, ұлттар жек көреді.
[25] Ал айыптыны әшкерелегендер Мол игілік пен жарылқауға кенелер.
[26] Әрқашан адал жауап қайтарушы Бетіңнен сүйген досыңа ұқсайды.
[27] Алдымен сыртқы шаруаңды бітір, Егіндігіңді дайындап, жөнге келтір, Содан соң барып, шаңырақ көтер.
[28] Жақыныңа жала жаппа, Аузыңнан өтірік шығарма!
[29] Мынаны да айтушы болма: «Ол не нәрсе істесе маған, Мен де соны істеймін оған, Ісіне қарап мен оның қарымтасын Қалай да қайтаратын боламын!»
[30] Бірде мен өттім жалқаудың жерінен, Ақылы аздың жүзімдігінен,
[31] Қарасам, бәрін тікен басыпты, Ішіне қалақай қаптап кетіпті, Қоршаған тас дуалы қирап қалыпты.
[32] Бұған қарап, ойға шомып қалдым, Өзім үшін мынадай сабақ алдым:
[33] Біраз ұйықтап, аздап мызғып отырсаң, Аз-аздан қол қусырып жата берсең,
[34] Сонда қарақшыдай боп жоқшылық, Қарулы тонаушыдай боп тапшылық Жетіп келер саған бас салып.