Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 3:47

[1] Әміршімен дастарқандас болған уақытыңда Алдыңда кім отырғанын есіңде ұста.

[2] Қомағай да ашқарақ болып жүрме, Тамағыңа пышақ тақағандай тәбетіңді бөге.

[3] Әміршінің дәмді тағамдарына болма құмар, Мүмкін, ол қу ниетпен ұсынған шығар.

[4] Бай боламын деп өзіңді зорықтырма, Даналық бар сондай ойдан бас тартқанда.

[5] Байлыққа көзіңді салсаң, ол қанат бітіп Аспанға ұшқан бүркіттей лезде болар ғайып.

[6] Сараңның асын ішпе, Дәмді тағамдарын көксеме.

[7] Ол қара басының ғана қамын ойлайды, «Ішіп-же» деп сені қолпаштайды, Бірақ онысын шын жүректен айтпайды.

[8] Аз-кем жеген асыңды кейін құсып тастарсың, Зая кетер инабатты айтқандарың.

[9] Ақымаққа бекер айтпа сөздеріңді, Ол менсінбейді ғой берген кеңесіңді.

[10] Ежелгі межені жасырын жылжытпа, Жетімнің жеріне қолыңды сұқпа!

[11] Өйткені оны Қорғаушы қуатты, Мүддесін қорғап саған қарсы тұрады.

[12] Санаңды тәлімге бұр, Құлағыңды нақылға түр.

[13] Баланы тәрбиесіз, бетімен жіберме, Жөнімен жазаласаң ол өлмейді де,

[14] Шектеу қойып, оны жөнге салсаң, Ажалдан жанын аман сақтарсың.

[15] Балам, егер шынымен дана болсаң, Жүрегім қатты шаттанады бұған,

[16] Ақиқат сөздер ғана шықса аузыңнан, Қуанышым қойныма сыймайды соған.

[17] Күнәкарларды ешқашан күндеме, Тәңір Иені әр күні шын қастерле!

[18] Сонда болар жарқын келешегің, Әрі үзілмес сенің күдерің.

[19] Ақылды бол, балам, мені тыңда, Жүрегіңді тура жолға бағытта:

[20] Шарап ішіп, етке тоймас Мешкейлерге сен қосылма!

[21] Мешкейлік, маскүнемдік жарлы қылар, Ұйқышылдың киімі тоз-тоз болар.

[22] Тыңда өзіңді дүниеге келтірген әкеңді, Менсінбей жүрме қартайды деп шешеңді.

[23] Шындықты тауып, оны ешқашан сатпа: Ие бол даналық, тағылым мен парасатқа.

[24] Әділдің әкесі қатты қуанады, Дананың шешесі де шаттанады.

[25] Осылай ата-анаң шаттана алсын, Иә, туған анаң әндетіп қуансын!

[26] Балам, жүрегіңді маған бағышта, Риза бол өзіңді жүргізетін жолдарыма!

[27] Себебі азғын әйел — түпсіз шыңыраудай, Түскен адам шыға алмас тар құдықтай.

[28] Бөтен әйел қарақшыдай торуылдап күтер, Опасыз жандардың санын көбейтер.

[29] Кімде пәле, қайғы, жанжал бар? Кімде шағым, қажет емес жара бар? Кімнің көзі көреді бұлыңғыр?

[30] Мұның бәрі шарап ішіп, Ұзақ отыратындарда болар, Ішімдіктерді араластырып, Дәмін тататындарда болар.

[31] Сен шараптың қалай қызарып, Тостағанда құбыла жалтырап, Бірқалыпты жұмсақ жұтылғанына Лайым қызықтап қарайтын болма!

[32] Әйтпесе ол соңында жыландай шағып алар, Денеңе сұр жыландай уын шашар,

[33] Көз алдыңа елестеп бөгде бейнелер, Жүрегіңнен шығар жаман сөздер;

[34] Сонда ұқсарсың теңіздің қақ ортасында Кеме діңгегінің ұшар басында Ұйықтап жатқан сорлы жанға;

[35] Былай дерсің: «Ұрғанда ауырмады ешбір жерім, Итергенде мені түк те сезбедім, Оянғанда тағы да ішімдікті іздеймін».

Нақыл сөздер — Chapters