Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 0:58

[1] Бұлар да Сүлейменнің нақыл сөздері. Оларды жинақтағандар — Яһуда елінің патшасы Езекияның қызметкерлері.

[2] Істі құпиялау — Құдайдың даңқы, Оны зерттеп ашу — патшаның даңқы.

[3] Аспанның заңғар, жердің терең екеніндей, Патшаның ой-ниетін білмес ешкім түгелдей.

[4] Күмісті балқытып қоқыстан аластатар, Саф күмістен зергер құнды ыдыс жасар,

[5] Дәл солай патшадан сұмдарды алшақтатыңдар, Патшаның тағы сонда әділдікпен нығаяр.

[6] Патша алдында асқақтама, Ұлықтар орнына тұрып алма,

[7] Мырзаңның көз алдында ұялғанша, Саған игі, «төрге шық» деп шақырса. Көргеніңді сотқа айтуға асықпа,

[8] Қарсыласың жеңіп шықса соңында, Қайтесің өзіңді масқара қылғанда?

[9] Көршіңмен мәселеңді жеке талқыла, Басқа адамның бірақ сырын ашпа.

[10] Әйтпесе естіп қалған сені балағаттар, Масқараң өзіңде мәңгілік қалар.

[11] Орнымен айтылған сөз күміс табаққа Салынған алтын алмадай тамаша.

[12] Тыңдайтын құлаққа дананың әшкересі Алтын сырға мен саф алтын әшекей іспетті.

[13] Жазғы орақ кезіндегі Сергіткен қар секілді, Қожайынының жанын сергітеді Жіберген сенімді елшісі.

[14] Бермес сый-тартуымен мақтанушы Құрғақ жел һәм жаумас бұлтқа ұқсайды.

[15] Билеушіні төзімділікпен сендірер, Қарсыласты майда тілмен көндірер.

[16] Бал таба қалсаң Же оны шамаңа қарап, Артық жеп қойсаң Жиренерсің құсып тастап.

[17] Көршіңе тым жиі барып Кетірме қадіріңді, Әйтпесе сенен мезі болып Жек көріп кетер өзіңді.

[18] Өзгеге қарсы жалған куә болған — Сойыл, семсер, үшкір жебедей қауіпті жан.

[19] Опасызға үміт арту апатты күні, Бұл — сынған тіс, сал болған аяқ іспетті.

[20] Салқын күні басқаның шапанын тартып алған, Яки жарақатқа сірке су құйған жан Сияқты — қайғылыға көңілді өлең айтқан.

[21] Жауың сенің аш болса тамақтандыр, Егер ол шөлдесе шөлін қандыр!

[22] Сен осылай етіп басына оның Қызып тұрған шоқ жиғандай боласың, Һәм Жаратқан қайтарар саған қарымтасын.

[23] Сөз жоқ, солтүстік самал жаңбыр жаудырар, Жала жапқыш тіл ашулы кейіп туғызар.

[24] Ұрысқақ әйелмен бір үйде тұрғанша, Үй төбесіндегі күркеде тұрған артық оңаша.

[25] Алыс елден әкелінген жақсы хабар Шөлдегенге берілген салқын суға ұқсар.

[26] Арамзадан қорқып, көнген әділ жан — Бүлінген құдық пен бұлақтай лайланған.

[27] Балды тым көп жеу пайдалы емес, Өз даңқы үшін ұмтылу абырой бермес.

[28] Өзіне ие бола алмайтын жан Қорғансыз қаладай, қамалы құлаған.

Нақыл сөздер — Chapters