[1] Өз уақыты бар әр нәрсенің, Осы дүниеде істелінетін Әр істің мезгілі бар өзінің.
[2] Өз уақыттары бар туудың әрі қайтыс болудың, Тұқым себудің әрі тамырымен жұлудың.
[3] Өз мезгілдері бар өлтірудің әрі сауықтырудың, Бұзудың әрі қайта тұрғызудың.
[4] Өз кезеңдері бар қайғырып жылаудың әрі күлудің, Жоқтау айтудың әрі би билеудің.
[5] Өз мезгілдері бар тас лақтырудың әрі оларды жинаудың, Құшақтасудың әрі содан жалтарудың.
[6] Өз кездері бар іздеп жүрудің әрі жоғалтудың, Сақтаудың әрі лақтырып тастаудың.
[7] Өз уақыттары бар жыртудың әрі тігіп жөндеудің, Үндемеудің әрі сөйлеудің.
[8] Өз кездері бар сүюдің әрі жек көрудің, Соғысудың әрі татуласудың.
[9] Еңбек еткеннің өз бейнетінен көретін не пайдасы бар?
[10] Құдайдың адам баласына жүктеген міндеттеріне де назар аудардым.
[11] Құдай әр нәрсені өз уақытына сай көрікті етіп жаратты. Ол адамның жан дүниесіне мәңгілікті сезетін түйсікті дарытты. Әйтсе де адамдар Құдайдың әуел бастан аяғына дейін не істегендерін түсіне алмайды.
[12] Адам үшін шаттану мен жақсылық жасаудан артық ештеңенің жоқ екенін ұқтым.
[13] Осылай әрбір адам ішіп-жеп, еткен еңбегінен қанағат тапсын. Бұл да Құдайдың берген сыйы.
[14] Құдай не істесе, соның мәңгі болатынын, одан ештеңе алынып, оған ештеңе қосылмайтынын да ұқтым. Құдай бұны Өзін адамдар терең қастерлеу үшін солай етті.
[15] Болып жатқан және болашақта болатын жайттар бұрын да болып кеткен. Ал Құдай өтіп кеткен солардың қайталануын қадағалайды.
[16] Мен, сондай-ақ, осы өткінші дүниеде тағы мынаны да байқадым: Әділдік іске асуға тиіс орында — зұлымдық, әрі әділет орындалуға тиіс жерде сұмдық жүреді екен!
[17] Сонда мен іштей: «Құдай әділді де, зұлымды да сотында тексеретін болады. Өйткені сол жайттардағы әрбір ой-ниеттің және әрбір істің сыналып тексерілетін уақыты бар», — дедім.
[18] Мен тағы адам баласы туралы былай деп те ойладым: «Құдай оның тәндік жағынан хайуан секілді екенін көрсету үшін оны сынақтан өткізеді.
[19] Өйткені адам баласының да, хайуанның да ұшырайтын тағдыры бірдей: адамның өлетініндей, хайуан да өледі. Екеуінің де кеудесінде тіршілік лебі бар, осы жағынан адамның хайуаннан артықшылығы жоқ. Себебі олардың бәрі де өткінші.
[20] Барлығының да барар жері біреу: бәрі де топырақтан жаратылған және қайтадан топыраққа айналады.
[21] Адам баласының жанының көкке көтерілетінін, ал хайуанның жанының төменге, жер қойнына кететінін біледі?»
[22] Сонымен еткен еңбегінен қанағат табу адам үшін ең жақсы нәрсе екеніне көзім жетті. Бұл оның үлесіне тиген. Өйткені кейінірек болатын жайттарды оған кім көрсете алады?