[1] Иса қайыққа мініп, көлдің батыс жағасына өтіп, Өзі тұрған Қапарнаум қаласына қайта оралды.
[2] Міне, біреулер Оған сал болып ауырған бір адамды төсегімен көтеріп алып келді. Иса олардың сенімдерін көріп, сал адамға: «Жігерлен, балам, сенің күнәларың кешірілді!» — деді.
[3] Сонда дін мұғалімдері: «Бұл Кісі Құдайды қорлап тұр ғой!» — деп іштей наразы болды.
[4] Олардың осы ойларын біле қойған Иса: — Неге сондай жамандық ойлайсыздар?
[5] Қайсысын айту оңайырақ: «Сенің күнәларың кешірілді!» деу ме, әлде: «Орныңнан тұрып, жүре бер!» деу ме?
[6] Ал Билеуші ретінде көктен келген Менің жер бетінде күнәларды кешіруге билігімнің бар екендігін білулеріңіз үшін,.. — деп, сал адамға қарап: — Орныңнан тұр да, төсенішіңді жинап алып, үйіңе бар! — деп тапсырды.
[7] Ауру адам орнынан тұрды да, үйіне кетті!
[8] Мұны көрген халықтың зәрелері ұшып, олар адамдарға осындай билік берген Құдайға мақтау айтты.
[9] Иса сол жерден кетіп бара жатып, салық кеңсесінің қасында отырған Матай есімді салықшыны көрді. Оны: «Соңымнан ер!» — деп шақырды. Сонда Матай орнынан тұрып, Исаға шәкірті болып ерді.
[10] Кейін Иса Матайдың үйінде дастарқан басында отырды. Көптеген салық жинаушылар және өзге де күнәкарлар сонда келіп, Исамен және шәкірттерімен дастарқандас болды.
[11] Ал мұны көргенде парызшылдар Оның шәкірттеріне: — Ұстаздарың неге салықшылармен және басқа күнәкарлармен бірге тамақ ішіп отыр? — деп наразылық білдірді.
[12] Иса мұны естіп, оларға былай деп жауап берді: — Дәрігер дені сауға емес, ауру адамға қажет.
[13] Сендер Жаратқан Иенің: «Мен құрбандық шалғандарыңнан гөрі берік мейірімділік көрсеткендеріңді қалаймын» деген сөзінің мағынасын ұғынып алыңдар! Мен «әділдерді» емес, күнәкарларды (теріс жолдан қайтуға) шақыру үшін келдім.
[14] Сол кездері Жақия пайғамбардың шәкірттері Исаға келіп: — Біздер де, парызшылдар да жиі ораза ұстаймыз, ал Сіздің шәкірттеріңіз неге ораза ұстамайды? — деп сұрады.
[15] Иса оларға астарлап былай деп жауап берді: — Күйеу жігіт қастарында болғанда тойға келгендер қайғыра ала ма? Бірақ та «Күйеуді» қастарынан алып кететін күн туады; сол кезде олар ораза ұстайтын болады.
[16] Ескі киімді жаңа матамен жамамас. Олай етсе, жамау отырып, ескі матадан жұлынып қалады, сонда жыртық бұрынғысынан бетер үлкен болады.
[17] Сондай-ақ, жас шарапты ескі торсыққа құймас. Олай етсе, быршып ашыған шарап торсықты жарып, ағып кетеді, торсық та пайдадан қалады. Керісінше, жас шарапты жаңа торсыққа құйған дұрыс. Сонда екеуі де сақталады.
[18] Иса оларға осыны айтып отырғанда, Оның қасына бір мәжілісхана жетекшісі келді. Жетекші Исаға тізе бүгіп тағзым етіп: «Қызым жаңа ғана қайтыс болды! Бірақ Сіз барып, қолыңызды тигізе көріңізші. Сонда ол тіріледі», — деп өтінді.
[19] Иса орнынан тұрып, шәкірттерімен бірге оған ерді.
[20] Сол заматта бір әйел Исаның арт жағынан жақындап келіп, Оның шапанының шетіне қолын тигізді. Әйел он екі жыл бойы қан кетіп қиналып жүрген еді.
[21] Ол өзіне-өзі: «Тек Оның шапанына қолымды тигізсем болғаны, сонда сауығып кетер едім», — деген болатын.
[22] Иса бұрылып, оны көріп: «Қарындас, жігерлен, сенімің арқылы құтқарылдың!» — деді. Әйел сол сәтте-ақ сауығып кетті.
[23] Иса жетекшінің үйіне жеткенде, азалы әуен тартып жатқан сыбызғышыларды және абыржыған жоқтаушы жұртты көрді. Оларға:
[24] «Бұл жерден шығыңдар! — деп бұйырды. — Қыз өлген жоқ, ұйықтап жатыр». — Бірақ олар Оның айтқанына күлді.
[25] Алайда жұрт сыртқа шығарылғаннан кейін Иса ішке кіріп, қыздың қолынан ұстады. Сонда ол тіріліп, орнынан тұрды!
[26] Бұл керемет туралы хабар бүкіл аймаққа тарады.
[27] Иса сол жерден кетіп бара жатқанда, Оның соңынан екі соқыр кісі ілесіп: — Дәуіттің Ұрпағы, бізге рақым ете көріңіз! — деп айқайлап жалбарынды.
[28] Иса үйге кіргеннен кейін сол екі зағип Оның қасына келді. Иса: — Менің солай істей алатыныма сенесіңдер ме? — деген сұрақ қойды. Олар: — Иә, Тақсыр, сенеміз, — деп жауап берді.
[29] Сонда Иса: — Сенімдеріңе сай болсын! — деп, көздеріне саусағын тигізді.
[30] Сонда зағиптардың көздері ашылып, көретін болды! Иса оларға: «Байқаңдар, бұл туралы ешкім білмесін!» — деп қатты ескертті.
[31] Алайда олар далаға шығып, Иса туралы хабарды сол төңіректегі барлық жұртқа жайды.
[32] Бұлар кетіп бара жатқанда, жұрт Исаның алдына жын соққан бір мылқауды алып келді.
[33] Жыны қуып шығарылғаннан кейін мылқау сөйлей бастады. Көптеп жиналған халық қайран қалып: — Мұндай керемет оқиға Исраилде ешқашан болған емес! — десті.
[34] Бірақ парызшылдар: — Анау жындарды солардың әміршісінің күшімен қуып шығарады! — деп жала жапты.
[35] Бұдан кейін Иса барлық қалалар мен ауылдарды аралап, мәжілісханаларында халыққа тәлім берді; Патшалық туралы Ізгі хабарды уағыздап, адамдарды ауру-сырқау атаулыдан сауықтырды.
[36] Иса көптеп жиналған халықты көргенде, оларға жаны ашыды. Себебі адамдар бағушысы жоқ қойлардай қалжыраған бейшара күйде болатын.
[37] Сонда Ол шәкірттеріне: «Оратын егін көп, бірақ жұмысшылар аз.
[38] Сондықтан егіннің Иесінен оны жинап алатын жұмысшылар жіберуін өтініңдер!» — деп тапсырды.