Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 6:07

[1] Иса сөзін жалғастырып былай деді: «Құдай Патшалығындағы жайт мынау сияқты: бір қожайын таң сәріде жүзім бағына жұмысшы жалдау үшін үйінен шығыпты.

[2] Жұмысшылармен күніне бір күміс теңгеден төлейтін болып келісіп, оларды жүзімдігіне жібереді.

[3] Сағат тоғызда қожайын қайтадан үйінен шығып, базардан әлі де жұмыссыз тұрған басқаларды көргенде,

[4] оларға: — Сендер де жүзімдігіме барыңдар! Тиісті ақыларыңды төлеймін, — дейді. Олар да сонда кетеді. Қожайын түскі сағат он екі және үш шамасында да солай істейді.

[6] Соңғы рет сағат бесте барса, жұмыссыз тұрған тағы бірнеше адамды көріп, оларға былай деп тіл қатады: — Неліктен сендер күні бойы бос тұрсыңдар?

[7] — Бізді ешкім жалдаған жоқ. — Онда сендер де жүзімдігіме барыңдар! — дейді қожайын.

[8] Кешке ол шаруашылығын басқарушысына: — Жұмысшыларды шақырып, жалақыларын төле. Ең соңғыларынан бастап, алғашқы барғандарымен аяқта, — деп тапсырады.

[9] Сонда сағат бесте жалданғандар келіп, бір күміс теңгеден алады.

[10] Алғашқы болып келгендер көбірек алармыз деп үміттенгенмен, оларға да бір-ақ күміс теңгеден тиеді.

[11] Соны алған олар қожайынға өкпелеп:

[12] — Соңғылар бір сағат қана жұмыс істесе, біз осындай ыстықта күні бойы жұмыс істедік. Дегенмен сіз бәрімізге бірдей ақы төледіңіз! — деп күңкілдейді.

[13] Қожайын біреуіне жауап қайтарып: — Достым, саған әділетсіздік жасаған жоқпын ғой. Әуел баста бір күміс теңгеге келіспеп пе едік?!

[14] Ендеше ақыңды ал да кете бер. Соңынан жалданған мыналарға саған бергендей ақы төлеуді өзім қалап тұрмын.

[15] Әлде менің меншігімді өз қалауымша жұмсауға еркім жоқ па?! Яки оларға жомарттық жасағанымды көре алмайсың ба? — дейді.

[16] Осылайша соңғылар алдыңғы қатарға шығады, ал алдыңғы қатарлылар соңғылар болады!»

[17] Иерусалимге өрлеп бара жатқанда Иса жолшыбай он екі шәкіртін бөлек шақырып алып, оларға өз басынан өткізетіндері туралы былай деді:

[18] «Енді Иерусалимге өрлеп бара жатырмыз. Сол жерде көктен келген Билеушіні басты діни қызметкерлер мен дін мұғалімдеріне сатып кетеді. Олар Оны өлімге кесіп,

[19] Құдайға мойынсұнбайтын басқа ұлт адамдарына ұстап береді. Солар Оны мазақтап, қамшымен сабайды, ақырында айқышқа шегелеп өлтіреді. Алайда Ол үшінші күні қайта тіріледі!»

[20] Сол уақытта Зебедейдің әйелі ұлдарын ертіп Исаның қасына келді. Әйел бір өтініш білдірмек болып Оған тізе бүгіп тағзым етті. Иса:

[21] — Сіз не қалайсыз? — деп сұрады. Әйел: — Патшалығыңызда осы екі ұлымның біреуіне оң, екіншісіне сол жағыңызда отыруды бұйырсаңыз екен, — деген тілек білдірді.

[22] Алайда Иса жауап беріп: — Не сұрап тұрғандарыңды ұқпайсыңдар! Мен (Құдайдың қаһарына толы) «тостағаннан ішпекпін». Ал сендер солай істей аласыңдар ма? — деді. Екі шәкірт: — Иә, істей аламыз, — дегенде, Иса:

[23] — Мен ішетін «тостағаннан» сендер де ішетін боласыңдар. Бірақ оң мен сол жағыма отыруға тағайындау Менің қолымда емес. Көктегі Әкем кімге дайындаған болса, солар отырады, — деп сөзін аяқтады.

[24] Қалған он елші мұны естігенде екі ағайынды жігітке қатты наразы болды.

[25] Иса оларды қасына шақырып алып, былай деді: — Билеушілері қол астындағы халықтарды билеп-төстейді, төрелері де соларға қатаң әмір жүргізеді, соны білесіңдер.

[26] Бірақ сендердің араларыңда ондай болмасын! Керісінше, қайсың ұлы болғысы келсе, сол өзгелеріңе қызмет ете берсін!

[27] Қайсың ең бастыларың болғысы келсе, сол сендерге құл іспетті қызмет ете берсін!

[28] Осы сияқты Мен де Құдай тағайындаған Билеуші бола тұра, Өзіме қызмет еткізуге емес, Өзім қызмет етіп, көптеген адамдардың азаттық төлемін өтеу үшін жанымды қиюға осы дүниеге келдім.

[29] Иса шәкірттерімен Иерихон қаласынан шыққанда, Оның соңынан халықтың үлкен тобы ілесті.

[30] Сонда жол жиегінде отырған екі соқыр кісі қастарынан Исаның өтіп бара жатқанын естіп: «Тақсыр, Дәуіттің Ұрпағы, бізге рақым ете көріңіз!» — деп айқайлады.

[31] Халық оларға ұрсып, үндемеуге бұйырды. Бірақ екеуі одан бетер айқайлап: «Уа, Тақсыр, Дәуіттің Ұрпағы, бізге рақым ете көріңіз!» — деп жалбарынды.

[32] Иса тоқтай қалып, оларды қасына шақырып: — Өздеріңе не істегенімді қалайсыңдар? — деп сұрады. Олар:

[33] — Тақсыр, көзімізді аша көріңіз! — деп өтінді.

[34] Иса оларға жаны ашып, көздеріне қолын тигізді. Сол сәтте-ақ көздері ашылып, көретін болды! Содан олар Исаға еріп жолға шықты.

Матай — Chapters