[1] Иса осы сөздерін тамамдады да, шәкірттеріне:
[2] «Екі күннен кейін Құтқарылу мейрамы болатынын білесіңдер. Сонда адамдар көктен келген Мені айқышқа шегелеп өлтіру үшін ұстап береді», — деді.
[3] Сол уақытта елдің басты діни қызметкерлері мен рубасылары бас діни қызметкердің сарайына жиналып,
[4] кеңес құрды. Олар Исаны айламен қолға түсіріп, өлтірудің жолын қарастырды,
[5] бірақ: «Мұны мейрам күндері іске асыруға болмайды! Әйтпесе халық арасында бүлік шығып жүрер», — десті.
[6] Ал Иса бұл кезде Бетанияда, бұрын алапеспен ауырған Шимонның үйінде болатын.
[7] Сонда қолында аса бағалы иісмайға толы мөлдір тас құтысы бар бір әйел Исаның қасына жақындап келді. Әйел иісмайды дастарқан басында жантайып жатқан Исаның басына құйды.
[8] Шәкірттері осыны көргенде наразы болып: — Неге мұндай ысырап?
[9] Бұл иісмайды қымбат бағаға сатып, түскен ақшаны мүсәпірлерге үлестіруге болатын еді ғой! — десті.
[10] Бірақ соларын ұға қойған Иса оларға қарсы шығып былай деді: — Әйелді неге мазалайсыңдар? Ол Маған ерекше жақсылық жасады.
[11] Мүсәпірлер әрдайым қастарыңда ғой, ал Мен ұдайы қастарыңда бола бермеймін.
[12] Иісмайды құюы арқылы ол Менің денемді қабірге қойылуға дайындады.
[13] Сендерге шын айтамын: қай жерде болмасын бүкіл дүние жүзінде осы Ізгі хабар уағыздалғанда, осы әйелді де еске алып, істегенін айтатын болады.
[14] Ал он екі елшінің Яһуда Исқариот есімді біреуі басты діни қызметкерлерге барып:
[15] «Исаны қолдарыңызға түсірсем, маған не бересіздер?» — деп сұрады. Олар оған отыз күміс теңге ұсынды.
[16] Осы кезден бастап Яһуда Исаны оларға ұстап берудің қолайлы сәтін аңдыды.
[17] Ашымаған нан мейрамының бірінші күні шәкірттері Исаның қасына келіп: — Мейрам асыңызды қай жерде әзірлеуімізді қалайсыз? — деп сұрады.
[18] Иса оларға мынадай жауап берді: — Қаладағы Мен айтқан адамға барып, оған былай деңдер: «Бұйырылған уақытым жақындап қалды. Мейрам салтын шәкірттеріммен бірге сенің үйіңде орындамақпын деп Ұстазымыз сәлем айтты». —
[19] Шәкірттері Исаның тапсырғанындай істеп, мейрам асын даярлады.
[20] Кеш түсе Иса он екі шәкіртімен бірге дастарқан басында жантайды.
[21] Тамақ ішіп отырғанда Иса оларға қарап: — Сендерге шындығын айтайын: араларыңдағы біреу Маған опасыздық жасайды, — деді.
[22] Олар еңселері түсіп, қатты абыржып бірінен соң бірі: — Мырза, сол адам мен емес пе екенмін? — деп сұрай бастады.
[23] — Табақтағы тұздыққа Менімен бірге бір үзім нанын батырып алып жатқан біреуің Мені ұстап бересің.
[24] Көктен келген Мен Киелі жазбаларда Өзім туралы алдын ала айтылған жолмен жүремін. Алайда Мені ұстап беретін адам қасіретке қалады-ау! Сол кісі үшін ешқашан дүниеге келмегені жақсы болар еді! — деді Иса.
[25] Оған опасыздық жасаған Яһуда да: — Ұстаз, сол адам мен емес пе екенмін? — деп сұрағанда, Иса: — Мұны өзің айтып тұрсың, — деп жауап берді.
[26] Олар тамақ ішіп отырғанда, Иса қолына нан алып, шүкірлік етіп бата берді. Нанды үзіп, шәкірттеріне беріп жатып: — Алып жеңдер, бұл — Менің денем, — деді.
[27] Иса тостағанды да алып, шүкірлік етті. Оларға соны беріп жатып, былай деді: — Мынадан бәрің де ішіңдер.
[28] Өйткені бұл — күнәлары кешірілсін деп көптеген адамдар үшін төгіліп, (Жаңа) Келісімді бекітетін Менің қаным.
[29] Сендерге айтамын: Мен Әкемнің Патшалығы орнағанда сендермен бірге жаңа жүзім шырынынан ішетін боламын. Сол күнге дейін енді қайтып одан еш татпаймын.
[30] Бұдан кейін олар Құдайды мадақтау әнін айтты; содан соң сол жерден шығып, Зәйтүн тауына қарай беттеді.
[31] Жолшыбай Иса шәкірттеріне тіл қатып былай деді: — Бүгін түнде бәрің де (басыма түсетін жайттарға бола) Менен безіп кетесіңдер. Себебі (Пайғамбар жазбаларында мына тәрізді сөздер) жазылған: «Бақташыны» ұрып өлтіремін, сонда «отарындағы қойлары» бытырап кетеді.
[32] Бірақ Мен қайта тірілгеннен кейін сендерден бұрын Ғалилеяға барамын. —
[33] Ал Петір жауап қайырып: — Бәрі Сізден безіп кетсе де, мен ешқашан безіп кетпеймін! — деді.
[34] Иса оған: — Саған шындығын айтайын: осы түні-ақ әтеш шақырғанша, сен Менен үш рет танасың! — дегенде,
[35] Петір: — Маған Сізбен бірге тіпті өлуге тура келсе де, Сізден еш танбаймын! — деді. Барлық басқа шәкірттері де осыны айтты.
[36] Осылай Иса олармен бірге бақшасы бар Гетсимани деген жерге жетті. Сонда Ол шәкірттеріне: «Мен ана жерге барып, сиынып мінажат еткенше, осында отыра тұрыңдар», — деп тапсырды.
[37] Ол Петірді және Зебедейдің екі ұлын Өзімен бірге ала кетіп, қайғырып қинала бастады.
[38] Осы үш шәкіртіне Иса: «Жаным өлердей қайғырып тұр. Осында қалып, Менімен бірге ұйықтамай, сергек болыңдар!» — деді.
[39] Иса сол жерден әрірек барып, етпетінен жығылып былай деп мінажат етті: «О, Әкем, мүмкін болса, (қаһарыңа толы) осы «тостағанды» Маған жолата көрме. Алайда Менің емес, Сенің еркіңе сай болсын!»
[40] Иса қайтып келгенде шәкірттерінің ұйықтап жатқанын көрді. Петірге: «Сонда ең болмағанда бір сағат Менімен бірге ұйықтамай отыра алмағаның ба?
[41] Азғырылмау үшін сергек болып, сиынып мінажат етіңдер! Рух дайын болғанмен, тән осал», — деді.
[42] Иса екінші рет тағы да шеткері барып, сиынып: «О, Әкем, егер (қаһарыңа толы) бұл «тостаған» Маған соқпай өте алмаса, онда Сенің еркің орындалсын!» — деп мінажат етті.
[43] Иса оралып келгенде, шәкірттерінің қайтадан ұйықтап жатқанын көрді. Себебі көздерін ұйқы басқан еді.
[44] Иса оларды қалдырып, тағы да барып, үшінші рет дәл сол сөздерін айтып сиынды.
[45] Содан кейін шәкірттеріне қайта оралып, былай деді: «Әлі де ұйықтап, тынығып жатырсыңдар ма? Енді уақыт болды: Құдай тағайындаған Билеуші күнәкарлардың қолына ұстап беріледі.
[46] Міне, Мені ұстап беруші таяп қалды. Тұрыңдар, соған қарай жүрейік!»
[47] Иса әлі де осыны айтып жатқанда, он екі елшінің біреуі — Яһуда семсер мен сойыл ұстанған үлкен бір топ адамды сол жерге ертіп келді. Бұларды елдің басты діни қызметкерлері және рубасылары жіберген еді.
[48] Исаға опасыздық жасаушы Яһуда белгі беру туралы: «Кімнің бетінен сүйсем, Ол — Соның Өзі. Сол Адамды тұтқынға алыңдар!» — деген болатын.
[49] Яһуда дереу Исаның қасына барып: — Ұстаз, амансыз ба! — деп, Оның бетінен сүйді.
[50] Иса оған: — Достым, сен не үшін келдің? — деді. Сонда жасақшылар жақындап келді де, Исаға тап беріп, Оны ұстай алды.
[51] Кенеттен Исаның қасындағыларының біреуі семсерін суырып алып, бас діни қызметкердің малайына қарай сілтеп қалып, оның бір құлағын шауып түсірді.
[52] Ал Иса оған: «Семсеріңді қынабына сал! — деп бұйырды. — Семсеріне сенген семсерден өлер.
[53] Мен қазір Әкемнен сұрасам, Ол Маған дереу он екі әскери бөлімнен астам періштелерін жібереді! Әлде солай болмайды деп ойлайсың ба?
[54] Бірақ олай істесем, Киелі жазбалардағы осы оқиғалар болуға тиіс деп алдын ала айтылғандар қалай жүзеге асар еді?!»
[55] Сол сәтте Иса келген үлкен топқа қарап: «Мені тұтқындауға, қарақшыға қарсы аттанғандай, семсер мен сойыл алып шыққандарыңыз қалай? Күн сайын ғибадатханада тағылым беріп отырғанымда Мені ұстаған жоқсыздар.
[56] Бірақ осылардың бәрі Пайғамбарлар жазбаларында алдын ала айтылғандардың жүзеге асуы үшін болды», — деді. Сонда шәкірттерінің бәрі Оны тастап, қаша жөнелді.
[57] Исаны тұтқынға алғандар Оны бас діни қызметкер Қаяфаға апарды. Сол жерге дін мұғалімдері мен рубасылар жиналған болатын.
[58] Петір Исаға алыстан, бас діни қызметкердің сарайының ауласына дейін, ілесе отырып, ішке кірді. Істің немен бітетінін көру үшін сақшылардың қасына барып отырды.
[59] Сол кезде басты діни қызметкерлер мен бүкіл Жоғарғы кеңес Исаны өлімге кесу үшін Оған қарсы жалған айғақтар іздестірді.
[60] Алайда көптеген куәгерлер алға шығып, өтірік айтса да, Оған тағатын бірде-бір дәлелді айып табылмады. Ақырында екі кісі алға шығып, Исаны былай деп кінәлады:
[61] — Мынау: «Құдайдың киелі үйін бұзып, үш күнде қайта тұрғызу қолымнан келеді!» дейтін.
[62] Сонда бас діни қызметкер орнынан тұрып, Исадан: — Ешқандай жауап бермейсің бе? Мыналар Саған қарсы не деп куәлік беріп тұр? — деп сұрады.
[63] Бірақ Иса үндемеді. Сонда бас діни қызметкер Оған: — Мәңгі тірі Құдайдың алдында ант етіп, бізге айтып бер: Сен Құдайдың рухани Ұлы — Мәсіхсің бе? — деген сұрақ қойды.
[64] Иса: — Өзіңіз айтып тұрсыз. Сіздерге мынаны да айтамын: Менің Билеуші ретінде Құдірет Иесінің оң жағында отырғанымды әрі аспандағы бұлттармен келе жатқанымды әлі көретін боласыздар! — деп жауап берді.
[65] Сонда бас діни қызметкер шапанының өңірін айыра жыртып: — Ол Тәңірге тіл тигізді! Енді куәгерлердің қажеті қанша? Қорлық сөздерін өз құлақтарыңызбен естідіңіздер!
[66] Бұған қалай қарайсыздар? — деп дауыстады. — Жиналғандар: — Ол өлім жазасына лайық! — деп жауап қайтарды.
[67] Сонда олар Исаның бетіне түкіріп, жұдырықтады. Кейбіреулері Оның жағынан тартып-тартып жіберіп:
[68] «Әй, Мәсіх, пайғамбар болсаң, Сені кім ұрды, бізге айтып берші!» — деп келекеледі.
[69] Сол кезде Петір сыртта, сарайдың ішкі ауласында отырған еді. Бір қызметші қыз оған жақындап келіп: — Сен де ғалилеялық Исамен бірге жүретін едің ғой! — деді.
[70] Алайда Петір бәрінің алдында: — Не деп тұрғаныңды білмеймін! — деп мойындамады.
[71] Содан ол ішкі ауладан шығып, қақпа жағына жылжи берді. Сонда Петірді тағы бір қызметші қыз көріп, маңындағыларға: — Мынау да назареттік Исамен бірге жүретін! — деді.
[72] Петір қайтадан: — Ол Адамды білмеймін! — деп мойындамай, ант ішті.
[73] Сәл кейінірек сонда тұрғандар оның қасына келіп: — Сен шынымен де солардың біреуісің! Қалай сөйлегеніңнен-ақ білініп тұр! — деді.
[74] Сонда Петір: — Ол Адамды еш білмеймін! — деп ант ішіп, қарғана бастады. Сол сәтте-ақ әтеш шақырды.
[75] Петірдің есіне Исаның: «Әтеш шақырғанша сен Менен үш рет танасың» деген сөзі түсті. Ол қақпа сыртына шығып, қатты жылады.