[1] Діни демалыс өткеннен кейін жексенбі күні таң ата мағдалалық Мәриям мен өзге Мәриям қабірді көруге барды.
[2] Кенеттен жер қатты сілкінді. Өйткені Жаратқан Иенің бір періштесі аспаннан түсіп, қабірге жақындап, қақпақ тасты домалатып алып тастады да, үстіне отырды!
[3] Оның сырт көрінісі найзағай іспетті, ал киімі қардай аппақ еді.
[4] Одан зәрелері ұшқан күзетшілер дірілдеп-қалшылдап, өліп қалғандай жерге құлап түсті.
[5] Періште әйелдерге қарап: «Қорықпаңдар! Айқышқа шегеленген Исаны іздеп келгендеріңді білемін.
[6] Ол мұнда жоқ, Өзі алдын ала айтқандай қайта тіріліп кетті! Бері келіп, Иенің жатқан орнын қараңдар!
[7] Енді тезірек барып, Оның шәкірттеріне мынаны жеткізіңдер: «Иеміз өлімнен қайта тірілді! Ол сендерден бұрын Ғалилеяға барады. Сол жерден Оны көресіңдер». Сендерге айтатыным осы», — деді.
[8] Әйелдер әрі қорқып, әрі қатты қуанып, дереу мазардан шығып кетті. Олар Исаның шәкірттеріне айту үшін асығып жүгіре жөнелді.
[9] Кенеттен Иса олардың алдынан кездесіп: «Сәлем, қуаныңдар!» — деп амандасты. Әйелдер Оның қасына жақындап, иіліп тағзым етіп, аяғына қолдарын тигізді.
[10] Иса оларға: «Қорықпаңдар! Бауырларыма барып, «Ғалилеяға жөнелсін, сонда Мені көреді» деген хабарды жеткізіңдер», — деп тапсырды.
[11] Әйелдер жолда бара жатқанда, күзетшілердің кейбіреулері қалаға кіріп, басты діни қызметкерлерге болған оқиғаны түгелдей айтып берді.
[12] Сонда олар рубасылармен бірге жиналып, кеңес құрды. Жасақшыларға едәуір ақша беріп,
[13] былай деп бұйырды: «Халыққа: «Түнде біз ұйықтап қалғанда шәкірттері келіп, мәйітін ұрлап әкетіпті» деңдер!
[14] Ал егер бұл туралы қауесет әміршінің құлағына жетсе, біз оны көндіріп, сендерді пәледен құтқарып аламыз».
[15] Пара алған күзетшілер солардың тапсырғанындай істеді. Содан осы жалған лақап яһудилер арасында күні бүгінге дейін таралуда.
[16] Он бір шәкірті Ғалилеяға барып, Иса айтқан тауға көтерілді.
[17] Олар Исаны көргенде алдында иіліп тағзым етті, ал бірқатары әлі де күдіктенді.
[18] Иса қастарына таяу келіп, былай деді: «Маған көк пен жердің барлық билігі берілген!
[19] Сондықтан күллі халықтарға барыңдар! Оларды Менің шәкірттерім етіп, Құдай Әкенің, рухани Ұлының және Киелі Рухының атымен шомылдыру рәсімінен өткізіңдер,
[20] әрі сендерге өсиет еткендерімнің бәрін де ұстануға үйретіңдер! Естеріңде болсын: Мен бұл дүниенің ақыр соңына дейін әр күні өздеріңмен бірге болып, сендерге жар боламын!» (Аумин)