[1] Бұдан кейін Киелі Рух Исаны шайтанның сынағынан өтуі үшін айдалаға бастап алып барды.
[2] Иса қырық күн, қырық түн ораза тұтып, соңында әбден ашықты.
[3] Сонда азғырушы әзәзіл Оның қасына келіп: — Егер Құдайдың рухани Ұлы болсаң, мына тастар нанға айналсын деп бұйыра гөр! — деді.
[4] Иса оған былай деп жауап қатты: — «Адам тек нанмен ғана емес, Құдайдың аузынан шыққан әрбір сөзімен өмір сүреді» деп (Тауратта) жазылған ғой!
[5] Бұдан кейін әзәзіл шайтан Оны қасиетті қалаға (Иерусалимге) апарып, ғибадатхананың төбесіне шығарып, былай деді:
[6] — Егер Құдайдың рухани Ұлы болсаң, төмен қарай секіре гөр! Өйткені «Періштелеріне Ол Сен жайлы бұйрық береді: Сен аяғыңды тасқа соғып алмауың үшін қолдарына көтеріп Сені алып жүреді» деп (Забурда) жазылған ғой.
[7] Иса оған жауап қайтарып: — Алайда «Құдай Иеңді еркінсіп сынама!» деп те (Тауратта) жазылған ғой! — деді.
[8] Содан кейін әзәзіл шайтан Оны тағы да ертіп алып бір биік таудың басына шығарды. Оған әлемнің барлық мемлекеттері мен олардың сән-салтанатын көрсетіп:
[9] — Егер аяғыма жығылып маған ғибадат етсең, бұлардың бәрін де Саған беремін, — деді.
[10] Сонда Иса оған былай деп жауап қайтарды: — Кет қасымнан, шайтан! «Құдай Иеңді терең қастерлеп, жалғыз Оған ғана қызмет ет!» деп (Тауратта) жазылған ғой!
[11] Мұнан соң әзәзіл шайтан Оның қасынан кетіп қалды. Сол сәтте періштелер келіп, Исаға қызмет көрсетті.
[12] Жақия пайғамбардың тұтқындалғаны туралы естігенде Иса Ғалилея аймағына жүріп кетті.
[13] Ол Назарет қаласын тастап, Забулон мен Нафталим руларының жерінде көл жағасында орналасқан Қапарнаум қаласына көшіп барып, сонда тұрды.
[14] Ишая пайғамбардың алдын ала айтып кеткен мынадай сөздері осылай жүзеге асты:
[15] Забулон мен Нафталимның отаны, Теңізге баратын жол бойындағы Әрі Иорданның батыс жағындағы Бөтен ұлттар тұрған Ғалилея аймағы:
[16] Халық қараңғыда ғұмыр кешіп келеді, Ал енді бір ғаламат Нұрды көреді, Түнек басқан жерде тұратын елге Таңның шапағы сәулесін төгуде!
[17] Сол уақыттан бастап Иса: «Теріс жолдан қайтып, Құдай жолына түсіңдер! Себебі Құдай Патшалығының жер бетіне орнайтын кезі таяп қалды!» деп уағыздап жүрді.
[18] Бірде Ғалилея көлінің жағасымен келе жатып, Иса ағайынды екі жігітті: Шимон Петір мен інісі Әндірді көрді. Балық аулап күнелтіп жүрген олар көлге ау салып жатты.
[19] Иса оларға тіл қатып: «Соңымнан еріңдер! Мен сендерді балық аулағандарың сияқты бұдан былай адамдарды жинап әкелетін етемін», — деді.
[20] Екеуі дереу ауларын тастап, Исаға шәкірт болып ерді.
[21] Сол жерден әрі қарай кетіп бара жатып, Иса ағайынды тағы екі жігітті: Зебедейдің ұлдары Жақып пен Жоханды көрді. Олар әкелерімен бірге қайықта ауларын жамап отыр екен. Иса оларды да Өзіне шақырды.
[22] Екеуі дереу қайықты да, әкелерін де тастап, Исаға шәкірт болып ерді.
[23] Бұдан кейін Иса бүкіл Ғалилея аймағын аралап жүріп, мәжілісханаларында тәлім берді. Құдай Патшалығы туралы Ізгі хабарды уағыздап, адамдарды барлық ауру-сырқауларынан сауықтырды.
[24] Иса туралы хабар бүкіл Сирия өлкесіне де тарап, жұрт Оған түрлі дерттері бар қиналып науқастанғандардың бәрін де, жын соққандарды, ұстамалы-қояншықтар мен сал болғандарды алып келіп жатты, ал Иса оларды сауықтырды.
[25] Ғалилея, Онқала және Яһудея аймақтарынан, Иерусалим қаласынан әрі Иорданның шығыс бетінен көптеген халық келіп, Оның соңынан ілесті.