[1] Иса осы айтқандарын тамамдаған соң, Ғалилеядан шығып, Яһудея аймағына әрі Иордан өзенінің шығыс бетіне барды.
[2] Оның соңынан халық көптеп еріп, Иса оларды сол жерде ауруларынан сауықтырды.
[3] Бірнеше парызшылдар қасына келіп, Исаны сынақтан өткізбек болып: — Күйеуінің кез келген себептен әйелімен ажырасуына бола ма? — деген сұрақ қойды.
[4] Исаның жауабы мынау болды: — Сендер Жаратқан Иенің әуел бастан-ақ «адамды бірін еркек, бірін әйел қылып» жаратқанын (Тауратта) оқымап па едіңдер?!
[5] Сол кезде Ол былай деген: «Сондықтан еркек әке-шешесін тастап, әйеліне қосылады, сөйтіп екеуі біртұтас болады».
[6] Осылайша олар енді екеу емес, біртұтас. Сонымен Құдай қосқанды адам баласы ажыратпасын! —
[7] Парызшылдар қарсылық білдіріп: — Олай болса, күйеуі арнайы куәлік қағазын жазып берсе, әйелімен ажырасуына болады деген ережені Мұса пайғамбар неге жазып қалдырған? — деді.
[8] Иса оларға былай деп жауап қатты: — Мұса жүректеріңнің Құдайдың еркіне мойынсұнбай қасарысқандығына бола әйелдеріңмен ажырасуға жол берген. Алайда әуел баста бұл олай болмаған еді.
[9] Сендерге айтамын: кім жеңіл жүріске түспеген әйелімен ажырасып, басқаны алса, сол неке адалдығын бұзады. (Күйеуімен ажырасқан әйелге үйленген де неке адалдығын бұзады.)
[10] Сонда шәкірттері: — Егер еркектің әйелінің алдындағы міндеті осындай болса, онда үйленбеген артық, — деді. Иса:
[11] — Бұл айтқандарымды жұрттың бәрі емес, Құдай бұйырғандар ғана ұға алады.
[12] Себебі үйлене алмайтын түрлі адамдар бар: кейбіреулері некеге жарамайтын болып туған, басқаларын кісілер сондай еткен, ал тағы біреулері — Құдай Патшалығына көбірек қызмет ету үшін некеден бас тартқандар. Мұны ұғына алатындар ұғынсын! — деп сөзін қорытты.
[13] Жұрт Исаға балаларын алып келіп, Одан қолын балалардың үстіне қойып мінажат етіп бата берсін деп өтінді. Бірақ шәкірттері оларға тыйым салды.
[14] Ал Иса былай деді: «Балалардың Маған келуіне жол беріңдер, оларға кедергі жасамаңдар! Құдайдың Патшалығы сондайлар үшін».
[15] Содан Иса бұл жас балалардың үстіне қолын қойып бата берді; мұнан кейін сол жерден кетіп қалды.
[16] Сол кезде біреу Исаға келіп: — Ізгі Ұстаз! Мәңгілік өмірге ие болу үшін қандай игі істер істеуім керек? — деген сұрақ қойды. Иса оған:
[17] — Менен неге игілік туралы сұрайсың? Нағыз игілікті — Біреу-ақ. Мәңгілік өмірге ие болу үшін Оның өсиеттерін орындайтын бол! — деп жауап берді. Әлгі кісі:
[18] — Қайсыларын? — деп сұрады. — «Кісі өлтірме; неке адалдығын бұзба; ұрлық жасама; жалған куәлік берме;
[19] ата-анаңды сыйла!» және «Өзіңді қалай сүйсең, маңайыңдағы адамды да солай сүй!» — деді Иса.
[20] Жігіт: — Бұлардың бәрін де (жастайымнан) орындап келемін. Маған тағы не нәрсе жетіспейді? — дегенде,
[21] Иса оған былай жауап берді: — Егер мүлтіксіз болғың келсе, барып, мал-мүлкіңді сатып, түскен ақшаны мұқтаждарға үлестіріп бер. Сонда сенің қазынаң көкте болады. Өзің қайтып келіп, шәкіртім болып соңымнан ер!
[22] Бұл сөзді естігенде жігіт еңсесі түсіп, қапаланып, сол жерден кетіп қалды. Себебі ол аса дәулетті болатын.
[23] Содан Иса шәкірттеріне қарап былай деді: — Сендерге шындығын айтамын: байлардың Құдай Патшалығына кіруі тым қиын!
[24] Тағы да айтамын: байдың Құдай Патшалығына кіруінен гөрі түйенің ине көзінен өтуі оңай. —
[25] Мұны естіген шәкірттері қатты таңғалып: — Ендеше кім (Құдайдың қаһарынан) құтқарыла алады?! — деген сауал қойды.
[26] Иса оларға қарап: — Бұл, адамның қолынан келмейді, бірақ Құдайдың қолынан бәрі де келеді, — деп жауап берді.
[27] Петір: — Міне, біз барлығын қалдырып, Сіздің соңыңыздан еріп жүрміз. Сол үшін бізді не күтіп тұр? — деп сұрады.
[28] Сонда Иса былай деп жауап қатты: — Сендерге шындығын айтамын: әлем жаңарған кезде, Мен Билеуші ретінде көктен қайтып келіп, салтанатты тағымда отырғанда, сендер де он екі тақта отырып, Исраилдің он екі руына билік жүргізетін боласыңдар.
[29] Үй-жайын, бауырларын, әке-шешесін, бала-шағасын не жер-суын Маған бола қалдырған әркімге қарымтасы жүз есе артығымен қайтарылады, әрі ол мәңгілік өмірге ие болады.
[30] Сол заманда көптеген алдыңғы қатарлылар соңғылар болады, ал соңғылар алдыңғы қатарға шығады.