Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 7:03

[1] Иса халыққа астарлы әңгімелер арқылы тәлім беруін жалғастырды. Оларға былай деді:

[2] «Құдай Патшалығындағы жағдайды мынаумен салыстыруға болады: бір патша баласының үйлену тойын өткізуге дайындалыпты.

[3] Содан ол шақырған кісілерін алып келуге қызметшілерін жібереді. Алайда сол адамдардың келгілері келмейді.

[4] Патша басқа қызметшілерін жұмсап: — Шақырылғандарға айтыңдар, мен қонақасымды әзірлеп қойдым, өгіздер мен бордақыланған торпақтар сойылып, бәрі дайын тұр. Тойға келе беріңдер! — дегізеді.

[5] Бірақ олар шақыруды елемей, біреуі егіндік жеріне, біреуі саудасына кетіп қалады.

[6] Тағы басқалары қызметшілерін ұстап алып, қорлап, өлтіріп тастайды.

[7] Мұны естіген патша қаһарланып, әскерін жұмсап, әлгі кісі өлтірушілердің көздерін құртып, олардың қаласын өртеп жібереді.

[8] Содан кейін қызметшілеріне: — Той дайын, ал шақырылғандар оған лайықсыз болып шықты.

[9] Енді жол тораптарына барып, кімді кездестірсеңдер, соларды тойға шақырып, алып келіңдер! — деген жарлық береді.

[10] Жан-жаққа аттанған қызметкерлер кімді кездестірмесін — жаманын да, жақсысын да бәрін жинап алып келеді. Той болған үй адамдарға лық толады.

[11] Патша келгендерді көруге кіргенде, тойға сай киім кимеген біреуді көріп,

[12] одан: — Достым, мұнда той киімінсіз қалайша кірдің? — деп сұрайды. Ол үндемейді.

[13] Патша нөкерлеріне: — Мынаның аяқ-қолын байлап, сыртқа, қара түнекке лақтырыңдар! — деп бұйырады. — Сонда ол зар еңіреп жылап, қинала тістенетін болады.

[14] Себебі шақырылғандар көп, ал таңдап алынғандар аз».

[15] Парызшылдар сол жерден кетіп, Исаны өз сөзінен ұстаудың жолын іздеп ақылдасты.

[16] Оған Иродтың жақтастарымен бірге өз шәкірттерін жіберіп, мынадай қитұрқы сұрақты қойғызды: — Ұстаз, Сіздің әділ екеніңізді білеміз. Жұртты шынымен Құдай жолына үйретіп, біреуге жағыну ниетінен аулақсыз, ешкімнің де бет-жүзіне қарамайсыз.

[17] Енді бізге айтыңызшы, қалай ойлайсыз, Рим патшасына алым-салық төлеуіміз дұрыс па, әлде бұрыс па? —

[18] Олардың арам ойларын білген Иса: — Екі жүзділер, Мені азғырып сынамақсыңдар, ә?

[19] Маған салыққа төлейтін бір күміс теңгені көрсетіңдерші! — деді. Олар Оған бір күміс теңге әкеліп берді.

[20] Иса: — Мына сурет пен жазу кімдікі? — деп сұрады.

[21] Олар: — Рим патшасынікі, — деп жауап берді. Сонда Иса: — Олай болса, патшаға тиістісін патшаға, ал Құдайға тиістісін Құдайға беріңдер! — деп тұжырымдады.

[22] Мұны естіген олар таңданып, Исаның қасынан кетіп қалды.

[23] Саддукейлер өлімнен қайта тірілу жоқ дейтін. Сондықтан саддукейлер ұйымының кейбір мүшелері сол күні Исаға келіп, мына сұрақты қойды:

[24] — Ұстаз, Мұса пайғамбар бізге (Тауратта) мынадай бұйрық берген: Егер үйленген біреу артынан бала қалдырмай өлсе, онда жесіріне ағасы не інісі үйленіп, марқұм бауыры үшін ұрпақ қалдырсын!

[25] Арамызда жеті ағайынды жігіт бар еді. Солардың тұңғышы үйленіп, соңынан бала қалдырмай өлді. Жесіріне екіншісі әмеңгер болып үйленді.

[26] Ал мұнымен де, үшіншісімен де, тіпті жетеуінің бәрімен де дәл осы сияқты болды.

[27] Ақыры бәрінің соңынан әйел де көз жұмды.

[28] Ендеше, қиямет күні қайта тірілгенде әйел осы жетеудің қайсысынікі болады? Ол солардың бәрінің де әйелі болған еді ғой! —

[29] Бірақ Иса былай жауап қайырды: — Киелі жазбаларды және Құдайдың құдіретін ұқпағандықтан жаңылып жүрсіңдер!

[30] Себебі өлімнен қайта тірілгеннен кейін адамдар әйел алмайды, күйеуге де шықпайды. (Сол жағынан) олар көктегі Құдайдың періштелері іспетті болады.

[31] Ал өлгендердің қайта тірілуі жайында Құдайдың (Тауратта):

[32] «Мен Ыбырайым, Ысқақ және Жақыптың Құдайымын» дегенін оқымап па едіңдер? Демек, Ол — өлгендердің емес, тірілердің Құдайы!

[33] Мұны естіген халық Исаның тәліміне таңғалды.

[34] Исаның саддукейлерді үндетпей қойғанын естігенде, парызшылдар бас қосып жиналды.

[35] Кейін олардың біреуі, Таурат заңын үйретуші ғұлама, Исаның ұстанған ілімін сынамақшы болып Оған мына сұрақты қойды:

[36] — Ұстаз, Таураттағы ең ұлы өсиет қайсысы? — Иса:

[37] — «Құдай Иеңді шын жүректен, бүкіл жан дүниеңмен, барлық ақыл-ойыңмен сүй!»

[38] Бұл — ең ұлы да басты өсиет.

[39] Ал екіншісі де сол сияқты маңызды: «Өзіңді қалай сүйсең, маңайыңдағы адамды да солай сүй!»

[40] Бүкіл Таурат заңы мен Пайғамбарлар жазбалары осы екі өсиетке негізделген, — деді.

[41] Қасына жиналған парызшылдарға Иса:

[42] — Мәсіх туралы не ойлайсыздар, Ол кімнің Ұрпағы болады? — деген сұрақ қойды. Олар: — Дәуіттің Ұрпағы! — деді.

[43] Сонда Иса: — Ендеше неліктен Дәуіт Киелі Рухтың жетелеуімен Мәсіхті «Ием» деп атады? Ол:

[44] «Жаратқан Ие менің Иеме былай деп айтқан: Мен жауларыңды табаныңның астына салып бергенімше отыр оң жағымда», — деген ғой.

[45] Сонымен, Дәуіт (пайғамбар) Мәсіхті «Ием» деп атаса, қалайша Ол «Дәуіттің Ұрпағы» ғана болады? — деп сұрады.

[46] Ешқайсысы Исаға жауап беріп, бір сөз де айта алмады. Бұдан кейін тағы басқа сұрақтар қоюға ешкімнің де батылы бармады.

Матай — Chapters