[1] Сол уақытта аймақ әкімі Ирод (Антипас) Иса туралы хабарды естіп,
[2] нөкерлеріне: «Бұл, шомылдыру рәсімін жасаған Жақия екен. Өлімнен қайта тіріліпті, сол себептен де сондай құдіретті істер жасайды», — деді.
[3] Бұрынырақ аймақ әкімі Ирод Жақия пайғамбарды тұтқындатып, бұғаулатып, түрмеге жаптырған еді. Ирод мұны туған бауыры Філіптің әйелі Иродияға бола істеді.
[4] Себебі Жақия Иродқа: «Бауырыңыздан жұбайын тартып алғаныңыз Таурат заңына қайшы!» — деп ескерткен болатын.
[5] Содан Ирод Жақияны өлтіргісі келді, бірақ оны пайғамбар деп санайтын халықтан қорықты.
[6] Бірақ Ирод өзінің туған күнін тойлап отырғанда, Иродияның қызы қонақтардың алдында би билеп, Иродқа қатты ұнап қалды.
[7] Сондықтан Ирод бойжеткенге не сұраса да сыйлауға уәде берді.
[8] Қыз шешесінің айтып үйретуі бойынша Иродтан: «Шомылдыру рәсімін жасаған Жақияның басын табаққа салып, маған осында тарту етіңіз», — деп өтінді.
[9] Патша еңсесі түсіп қапаланды. Алайда бірге отырған қонақтарының алдында ант бергендіктен, қыздың өтінішін орындауға бұйырды.
[10] Бір жасақшысын түрмеге жіберіп, Жақияның басын шаптырды.
[11] Бас табаққа салынып, қызға әкелінді. Қыз оны шешесіне апарып берді.
[12] Кейін Жақияның шәкірттері келіп, оның мәйітін алып кетіп, қабірге қойды. Содан Исаға барып, болған жайтты жеткізді.
[13] Мұны естігеннен кейін Иса оңаша болу үшін қайықпен елсіз бір жерге жөнелді. Ал бұл туралы біліп қалған халық сол маңайдағы қалалардан шығып, жаяу Оның соңынан ілесті.
[14] Иса қайықтан түскенде, қарақұрым халықты көрді. Оларға жаны ашып, араларындағы ауру адамдарды сауықтырды.
[15] Кеш түсе шәкірттері Ұстазының қасына келіп: — Бұл — құлазыған дала, ал күн кеш болып кетті. Халықты таратып жіберіңіз. Олар жақын маңдағы ауылдарға барып, тамақ сатып алсын, — деген ұсыныс жасады.
[16] Бірақ Иса: — Кетулері қажет емес, оларға тамақты сендер беріңдер! — деп жауап қатты. Шәкірттер:
[17] — Бізде тек бес күлше нан мен екі кепкен балық қана бар, — деді. Иса:
[18] — Соларды Маған алып келіңдер! — деп,
[19] халыққа көгалдың үстіне жайғасып отыруды бұйырды. Мұнан кейін Иса бес күлше мен екі балықты қолына алып, көкке қарап тұрып шүкірлік етті. Нанды үзіп-үзіп, шәкірттеріне бере берді, ал олар халыққа үлестірді.
[20] Барлығы да жеп тойды. Соңында олар нан үзімдері мен балықтан артылып қалғандарын жинап алғанда, он екі себет толды.
[21] Ал балалар мен әйелдерді есептемегеннің өзінде тамақтанған ер адамдардың жалпы саны бес мыңдай еді.
[22] Бұдан кейін Иса дереу шәкірттеріне қайыққа мініп, Өзінен бұрын көлдің солтүстік жағасына өтуге бұйырды. Ал Өзі халықты таратып жібермек болып, сол жерде қалды.
[23] Ол жұртты қайтарған соң (көктегі Әкесіне) оңашада сиынып мінажат ету үшін бір төбенің басына шықты. Кеш түскенде Иса әлі де сол жерде жалғыз тұрды.
[24] Ал қайық жағадан бірталай алыстап кеткен болатын. Сол кезде жел қарсы тұрып, толқындар қайықты соққылай бастады.
[25] Таңғы сағат үш шамасында Иса шәкірттеріне көл бетімен жақындап келді.
[26] Оның көл үстінде жаяу жүргенін байқап қалып, шәкірттерінің зәрелері ұшып: «Мынау елес!» — деп қатты қорқып, айқайлап жіберді.
[27] Иса оларға дереу тіл қатып: — Қорықпаңдар, бұл Менмін ғой! Үрейлерің ұшпасын! — деп көңілдерін орнықтырды.
[28] Петір: — Мырза, егер бұл Өзіңіз болсаңыз, онда маған су бетімен қасыңызға баруға бұйырыңызшы, — деп жауап берді. Иса:
[29] — Кел! — дегенде, Петір қайықтан шығып, су үстімен Исаға қарай беттеді.
[30] Бірақ қатты соққан желді байқап, қорқып кеткен ол суға бата бастады да: — Мырза, мені құтқара көріңіз! — деп айқайлап жіберді.
[31] Иса дереу қолын созып, демеп жіберіп: — Әй, сенімі азым-ай! Неліктен (Менің құдіретіме) күдіктендің? — деді.
[32] Екеуі қайыққа мінгенде жел де басылды.
[33] Сонда қайықтағылар: — Сіз шынымен де Құдайдың рухани Ұлысыз! — деп, Оған иіліп тағзым етті.
[34] Сонымен олар көлден өтіп, Генесәрет қаласының маңындағы жағаға жетті.
[35] Сол жердің тұрғындары Исаны танып қалып, бүкіл төңірекке кісі жіберіп, барлық ауру-сырқауларын Оның қасына алып келді.
[36] Олар Исадан ең болмағанда Оның шапанының шетіне қол тигізуге рұқсат етуін сұрады. Қол тигізгендердің бәрі де сауығып кетіп жатты!