[1] Иса он екі шәкіртін тағы да қасына шақырып алып, оларға жындарды қуып шығаратын әрі барлық ауру-сырқауды сауықтыратын билік берді.
[2] Осы он екі елшінің есімдері мыналар: алдымен Шимон, ол Петір деп те аталатын, әрі соның інісі Әндір; сондай-ақ Зебедей ұлдары Жақып пен Жохан;
[3] Філіп пен Барталмай; Тома мен салықшы Матай; Әлпей ұлы Жақып және Тадей (деген Лебей);
[4] Діншіл Шимон және кейін Исаға опасыздық жасаған Яһуда Исқариот.
[5] Осы он екі елшісін Иса төмендегі тапсырмаларымен жіберді: — Басқа ұлт адамдарының жерлеріне бармаңдар, самариялық қалаларға да кірмеңдер;
[6] қайта, адасып кеткен қойларға ұқсас Исраил халқының адамдарына барыңдар!
[7] Аралай жүріп: «Құдай Патшалығының жер бетінде орнайтын кезі таяп қалды!» деп уағыздаңдар.
[8] Ауруларды сауықтырып, өлгендерді қайта тірілтіңдер, алапестерді құлантаза айықтырып, жындарды қуып шығарыңдар. Тегін алдыңдар, тегін беріңдер де!
[9] Қалталарыңа алтын, күміс, бақыр ақша салмаңдар.
[10] Жолға дорба, артық киім, аяқкиім және таяқ та алмаңдар. Еңбек еткен жейтін тамағына қақылы ғой.
[11] Қай қалаға не ауылға кірсеңдер де, сол жерде өздеріңе түсуге лайықты адамды іздестіріп тауып алып, қайтадан жолға шыққанша соның үйінде қалыңдар.
[12] Үйге кіргенде амандасып: «Осы үйге амандық пен тыныштық болсын!» деп бата беріңдер.
[13] Сол үйдегілер лайықты болса, берген баталарың қонады, ал лайықсыз болса, баталарың өздеріңе қайтып келеді.
[14] Егер біреу сендерді қабылдамаса не сөздеріңе құлақ салмаса, сол үйден немесе қаладан шығып кетіп бара жатқанда аяқтарыңдағы шаң-тозаңды қағып тастаңдар.
[15] Сендерге шын айтамын: қиямет соты күні сондай қала тұрғындарының тартатын жазасынан тіпті Содом мен Ғомора халқының жазасы жеңілірек болады!
[16] Естеріңде болсын: Мен сендерді қасқырлар арасына жіберілген қойлар сияқты жіберіп отырмын. Сондықтан жыландай көреген, көгершіндей ақкөңіл болыңдар!
[17] Жұрттан сақтанып жүріңдер, олар сендерді соттарға ұстап беріп, өздерінің мәжілісханаларында дүре соғатын болады.
[18] Менің жолыма түскендеріңе бола сендерді әміршілер мен патшалар алдына да апарады. Осылайша соларға және басқа ұлт адамдарына Мен туралы ашық айтасыңдар.
[19] Адамдар сендерді ұстап бергенде, қалай және не айтатындарыңды ойлап уайымдамаңдар! Айтатын сөздерің сол сәтте ауыздарыңа салынады.
[20] Осылай өздерің емес, сендер арқылы көктегі Әкелеріңнің Киелі Рухы сөйлейтін болады.
[21] Сонда тіпті бауыры өз бауырын, әкесі өз баласын ажалға ұстап беріп, балалары да әке-шешелеріне қарсы көтеріліп, оларды өлімге душар етеді.
[22] Менің атымды мойындағандарыңа бола барлық жұрт сендерді жек көретін болады. Ал ақырына дейін табандылық танытқан әркім құтқарылады.
[23] Бір қалада қудаласа, басқасына қашыңдар. Шын айтамын: сендер Исраилдің барлық қалаларын аралап шықпай жатып-ақ, Мен Билеуші ретінде көктен қайтып келемін.
[24] Шәкірті ұстазынан, қызметшісі қожайынынан жоғары емес.
[25] Шәкірті ұстазына, қызметшісі қожайынына ұқсаса, соған қанағат тұтсын. Жұрт «үйдің Иесін» белзебүл (шайтан) деп атаса, оның үй ішіне одан бетер жаман ат тақпай ма?
[26] Сонымен олардан қорықпаңдар! Ашылмайтын сыр, білінбейтін құпия болмайды.
[27] Сендерге қараңғыда айтқанымды жарықта айтыңдар, әрі құлақтарыңа сыбырлаған сөздерімді жұртқа жариялаңдар!
[28] Тәнді өлтірсе де, жанды өлтіре алмайтындардан қорықпаңдар! Одан гөрі жанды да, тәнді де тозақта құрта алатын Құдайдан қорқып, Оны терең қастерлеңдер!
[29] Екі торғайды бір теңгеге сатпай ма? Дегенмен көктегі Әкелеріңнің еркінсіз бірде-бір торғай жерге құлап түспейді.
[30] Тіпті бастарыңдағы шаштарыңның саны да Оған белгілі!
[31] Сондықтан адамдардан қорықпаңдар: Құдай үшін сендер көптеген торғайлардан да әлдеқайда қымбатсыңдар!
[32] Сонымен Мені адамдар алдында мойындаған әркімді Мен де көктегі Әкемнің алдында мойындаймын.
[33] Бірақ Менен жұрт алдында танған әркімнен Мен де көктегі Әкемнің алдында танбақпын.
[34] Мені дүние жүзіне (жалған) татулық әкелу үшін келді деп ойламаңдар. Мен сондай татулықты емес, жақсы мен жаманды бір-бірінен ажырататын айыруды әкелу үшін келдім.
[35] Сөйтіп (пайғамбардың алдын ала айтқан мына тәрізді сөздерін) жүзеге асыруға келдім: «Өз ұлы әкесіне, қызы шешесіне, келіні енесіне қарсы шығады.
[36] Адамның дұшпаны өз үй іші болады».
[37] Кім әке-шешесін не ұл-қызын Менен артық көрсе, сол Менікі болуға лайықты емес.
[38] Сондай-ақ, кім айқышын арқалаған кісідей өз мүддесінен бас тартып, тіпті азапты өлімге дайын болып Менің соңымнан еріп жүрмесе, сол Менікі болуға лайықты емес.
[39] Өміріне өзі иелік еткен әркім одан айырылады, ал өмірін Мен үшін қиған оған мәңгі иелік етеді.
[40] Кім сендерді қабылдаса, соның Мені қабылдағаны. Ал кім Мені қабылдаса, оның Мені Жібергенді де қабылдағаны.
[41] Бір пайғамбарды Құдайдың хабаршысы болғандықтан қабылдағандар сол пайғамбар алатын сыйға ие болады, әрі әділ кісіні әділ болғаны үшін қабылдағандар соның алатынындай сыйды иемденеді.
[42] Сендерге шындығын айтайын: атақ-шені жоқ осылардың біреуіне Менің шәкіртім болғаны үшін ең болмағанда бір тостаған салқын су берген әркім сол үшін алатын сыйынан құр қалмайды!