[1] Сол кездері Иерусалимнен бірнеше дін мұғалімдері мен парызшылдар келді. Олар Исаға мына сұрақты қойды:
[2] — Шәкірттеріңіз неге ата-бабаларымыздан қалған дәстүрлерді бұзады? Олар қол жуу рәсімін орындамай-ақ тамақтана береді екен! —
[3] Исаның жауабы мынау болды: — Ал сендер неге өз дәстүрлеріңе бола Құдайдың өсиеттерін бұзасыңдар?!
[4] Құдай: «Ата-анаңды сыйла!» және «Егер біреу әкесін не шешесін жамандайтын болса, ол өлтірілсін!» деп бұйырған еді ғой.
[5] Бірақ сендер адамның өз әкесіне не шешесіне: «Менен көрмек игіліктеріңізді мен Құдай жолына бағыштадым» деуіне рұқсат бересіңдер.
[6] Осылай ол әке-шешесін сыйлап, парызын орындауға міндетті емес деп үйретесіңдер. Сөйтіп сендер өз дәстүрлеріңе бола Құдайдың бұйрығын жоққа шығардыңдар!
[7] Екі жүзділер! Сендер жайында Ишая пайғамбар алдын ала дәл айтып кеткен:
[8] «Бұл халық Мені тек ауызбен ғана сыйлайды, ал жүректері Менен тым алшақ.
[9] Адам баласы шығарған ережелерді үйретіп, Мені құр босқа құрметтегенсиді!»
[10] Содан Иса жиналған жұртты қасына шақырып алып, оларға былай деп ескертті: «Құлақ салып, жақсылап ұғып алыңдар:
[11] адамның аузынан енген нәрселер оны арамдай алмайды. Керісінше, аузынан шыққандары адамды арамдайды».
[12] Кейінірек шәкірттері Исаға келіп: — Парызшылдардың осы айтқандарыңызға өкпелеп қалғанын байқадыңыз ба? — деп сұрады.
[13] Иса оларға: — Көктегі Әкем екпеген әр өсімдік түбірімен жұлынып тасталмақ!
[14] Оларды қойыңдар, өздері — соқырлардың соқыр жетекшілері! Ал соқырды соқыр жетелесе, екеуі де орға құлап түсер, — деді.
[15] Сонда Петір: — Алдыңғы астарлап айтқандарыңызды түсіндіріп беріңізші, — деп өтінді.
[16] — Сендер де айтқандарымды әлі түсінбей тұрсыңдар ма? — деп жауап берді Иса.
[17] — Адамның аузы арқылы енген барлық тағамдар асқазанға жетіп, кейін денеден шығып кетеді, мұны ұқпайсыңдар ма?
[18] Бірақ адамның аузынан шыққандары оның жүрегінен, яғни ішкі дүниесінен, шығады. Адамды арамдайтын, міне, осылар!
[19] Себебі жүректен шығатындар мыналар: жаман ойлар, кісі өлтіру, неке адалдығын бұзу, азғындық, ұрлық, өтірік, жамандау.
[20] Осылар адамды арамдайды. Ал қол жуу рәсімін орындамастан тамақ ішу ешкімді арам қылмайды.
[21] Иса сол жерден кетіп, Тир мен Сидон аймағына барды.
[22] Бұл өңірден шыққан бір қанахандық әйел Оған: «Тақсыр, Дәуіттің Ұрпағы, рақым етіңіз! Қызымды жын соғып, қатты қинап жатыр!» — деп айқайлады.
[23] Бірақ Иса оған бір сөз де айтпады. Сонда шәкірттері Ұстазына келіп: — Мынаның тілегін орындап, жібере салыңыз. Ол соңымыздан қалмастан айқайлап келеді, — деп өтінді.
[24] Ал Иса: — Мен тек адасып кеткен қойларға ұқсас Исраил халқына ғана жіберілгенмін, — деді.
[25] Әйел Оның алдына келіп, иіліп тағзым етіп: — Тақсыр, маған көмектесе көріңіз! — деп жалынғанда,
[26] Иса оған астарлап: — «Балалардың нанын алып қойып, үй күшіктеріне тастау дұрыс емес», — деді. Әйел:
[27] — Айтқаныңыз дұрыс, Тақсыр! Дегенмен «үй күшіктері» де иелерінің дастарқанынан түскен ұсақ-түйек қалдықтармен қоректенеді ғой, — деп жауап берді.
[28] Иса: — Қарындас, сенімің ғаламат зор екен! Тілегенің болсын! — деді. Сол сәтте-ақ оның қызы сауығып кетті.
[29] Иса сол жерден кетіп, Ғалилея көлінің бойымен жүрді. Бір төбенің басына шығып, отырды.
[30] Исаның қасына қарақұрым халық жиналды. Олар сал болғандар, соқырлар, мылқаулар, мүгедектер және басқа да көптеген ауру-сырқауларды алып келіп, Оның алдына жайғастырды. Иса оларды сауықтырып жіберді.
[31] Жұрт мылқаулардың сөйлегенін, мүгедектердің сауыққанын, сал болғандардың жүргенін және соқырлардың көздерінің ашылғанын көргенде, Исраилдің Құдайын мадақтап дәріптеді.
[32] Кейінірек Иса шәкірттерін қасына шақырып: — Халыққа жаным ашиды. Олар үш күннен бері қасымда болып, жейтін азықтары қалмады. Оларды аш күйлерінде қайтарып жібергім келмейді: жолшыбай әлсіреп, құлап қалар, — деді.
[33] Шәкірттері: — Осы құлазыған далада соншама көп халықты тамақтандыруға жететін нанды қайдан табамыз? — деп жауап берді. Иса:
[34] — Қанша нандарың бар? — деп сұрағанда олар: — Жеті күлше мен бірнеше кепкен ұсақ балық қана, — деді.
[35] Сонда Иса жұртқа жерге жайғасуға бұйырды.
[36] Жеті күлше мен балықтарды қолына алып, шүкіршілік етті де, үзіп-үзіп шәкірттеріне бере берді. Олар халыққа үлестірді.
[37] Бәрі де тамақтанып, тойып алды. Соңынан қалдықтарды жинап алғанда жеті үлкен себет толды.
[38] Әйелдер мен балаларды есептемегеннің өзінде төрт мың ер адам тамақтанған болатын.
[39] Иса халықты таратып жіберген соң қайыққа мініп, Мағдала қаласының маңына кетті.