[1] Иса осыдан алты күннен кейін тек Петірді және Жақып пен оның інісі Жоханды ғана ертіп алып, бір биік таудың басына шықты.
[2] Сонда Оның сыртқы түрі үш елшісінің көз алдарында өзгеріске түсті: бет-әлпеті күндей жарқырап, киімдері нұрланып аппақ сәуле шашты.
[3] Кенеттен (ежелде өмір сүрген) Мұса пайғамбар мен Ілияс пайғамбар пайда болып, Исамен сөйлесті.
[4] Сол кезде Петір Исаға: «Мырза, бұл жерде болғанымыз қандай жақсы! Біреуін Сізге, біреуін Мұсаға, біреуін Ілиясқа арнап үш күрке құрайын», — деп тіл қатты.
[5] Ол әлі де сөйлеп тұрған кезде-ақ кенеттен бір нұрлы бұлт оларға көлеңкесін түсіріп, бұлт ішінен: «Бұл — Менің сүйікті рухани Ұлым, Оған ризамын. Оны тыңдаңдар!» — деген дауыс шықты.
[6] Мұны естіген шәкірттер қатты үрейленіп, етпеттерінен жерге құлай кетті.
[7] Бірақ Иса қастарына келіп, қолын тигізіп: «Тұрыңдар, қорықпаңдар», — деп көңілдерін орнықтырды.
[8] Олар бастарын көтеріп, көздерін ашқанда жалғыз Исадан басқа ешкімді көрмеді.
[9] Таудан түсіп бара жатқанда Иса оларға: «Көктен келген Билеуші өлімнен қайта тірілгенше, бұл көргендерің туралы ешкімге тіс жармаңдар!» — деп тыйым салды.
[10] Кейінірек шәкірттері Оған: — Сонда дін мұғалімдерінің «алдымен Ілияс пайғамбар бұ дүниеге қайтып келуге тиіс» деулері қалай? — деген сұрақ қойды.
[11] Иса: — Ілиястың қайтып келіп, бәрін қалпына келтіретіні рас.
[12] Бірақ сендерге айтамын: Ілияс келген де еді. Алайда адамдар оны танымай, оған ойына келгендерін істеді. Көктен келген Билеуші де солай олардың қолдарынан азап шегетін болады, — деп жауап берді.
[13] Сонда шәкірттері Оның шомылдыру рәсімін орындаған Жақия пайғамбар туралы айтып тұрғанын түсінді.
[14] Иса үш елшісімен таудың етегінде жиналған халыққа қайтып келді. Бір адам Оның қасына жақындап, тізесін бүгіп тағзым етіп, былай деп өтінді:
[15] — Мырза, менің ұлымды аяй көріңіз! Оның ұстамасы бар, содан қатты азап шегеді. Жиі-жиі отқа да, суға да құлайды.
[16] Ұлымды шәкірттеріңізге әкелген едім, бірақ оны сауықтыру қолдарынан келмеді. —
[17] Сонда Иса: — Ей, сенбейтін, шындық жолынан тайған ұрпақ-ай! Қанша уақыт қастарыңда болмақпын, қанша уақыт сендерге төзбекпін?! Кәне, баланы Маған әкеліңдер! — деді.
[18] Содан соң Ол жынға қатаң бұйрық берді. Жын баланың денесінен шығып, ол сол сәтте-ақ сауығып кетті.
[19] Кейінірек шәкірттері оңашада Исаның қасына келіп: — Неліктен біз жынды қуып шығара алмадық? — деп сұрады.
[20] Иса оларға былай деді: — Сенімдеріңнің жеткіліксіздігінен. Сендерге шындығын айтайын: тіпті тарының түйіріндей ғана сенімдерің болса, мына тауға: «Бұл жерден ана жаққа көш!» десеңдер, ол көшер еді. Қолдарыңнан келмейтін ештеңе де болмас еді.
[21] (Мұндай жындарды тек Құдайға сиынып мінажат етіп, ораза ұстаумен ғана қуып шығаруға болады.)
[22] Олар Ғалилеяда бірге жүрген кезде Иса шәкірттеріне (өз басынан өткізетіндері туралы) былай деді: «Көктен келген Билеушіні адамдардың қолына ұстап береді!
[23] Оны өлтіреді, бірақ үшінші күні Ол қайта тіріледі!» — Сонда шәкірттерінің еңселері түсіп қатты қапаланды.
[24] Олар Қапарнаумға келгенде, ғибадатхана үшін садақа ақшасын жинайтындар Петірге келіп: — Ұстаздарың ғибадатхана садақасын төлемей ме? — деп сұрады. Ол:
[25] — Иә, төлейді, — деді. Петір үйге кірген соң, Иса оның алдын орап: — Шимон, қалай ойлайсың: осы дүниелік патшалар алым-салықты кімнен жинайды: өз халқынан ба, әлде бөтендерден бе? — деген сұрақ қойды.
[26] — Бөтендерден. — Сонымен өз халқы салықтан босатылған, — деп тұжырымдады Иса.
[27] — Алайда әлгі садақа жинаушыларды өкпелетпеу үшін көлге барып, қармақ таста. Ілінген алғашқы балықтың аузын ашсаң, бір үлкен күміс теңгені табасың. Соны алып, оларға сен екеуіміз үшін бере сал, — деп тапсырды.