[1] Сол күні кейінірек Иса үйден шығып, көл жағасына барып отырды.
[2] Қасына жиналған халықтың көп болғаны сонша, Иса қайыққа мініп, соған жайғасты. Ал барша халық жағалауда тұрды.
[3] Иса оларға мынау сияқты астарлы әңгімелермен көп тәлім беріп былай деді: «Бір диқан тұқым себуге шығыпты.
[4] Ол сеуіп жүргенде дәндерінің кейбіреулері жол бойына түсіп қалады. Құстар ұшып келіп, шоқып жеп қояды.
[5] Біраз тұқым топырағы аз тастақ жерге түседі. Топырақ жұқа болғандықтан, тұқым тез көктеп шығады.
[6] Алайда күн шыққан соң күйіп, тамыр жая алмағандықтан қурап қалады.
[7] Тағы басқа дәндер тікен арасына түседі. Тікендер қаулап, оларды тұншықтырып, өсірмей тастайды.
[8] Ал өзге тұқымдар құнарлы топыраққа түседі. Бұлардың біразы жүз, басқалары алпыс, бірқатары отыз еседен өнім береді.
[9] Құлағы барлар жақсылап тыңдап алсын!»
[10] Шәкірттері Исаның қасына келіп: — Жұртқа неге әңгімені астарлап айтып тұрсыз? — деп сұрағанда,
[11] Оның жауабы мынадай болды: — Құдай өз Патшалығы туралы сырларды білуді оларға емес, сендерге ғана бұйырған.
[12] Өйткені кімде (біраз түсінік) бар болса, соған тағы да беріліп, онікі асып-тасып кетеді. Ал кімде жоқ болса, оның өзімде бар дегені де одан алынып қойылады.
[13] Мен бұларға астарлап айтамын, өйткені олар көріп тұрса да, шынымен көрмейді, естіп тұрса да, шынымен естімейді де, түсінбейді де.
[14] Осылайша Ишая пайғамбардың алдын ала айтқан мына тәрізді сөздері олардың өмірінде жүзеге асады: Естисіңдер, бәрібір түсінбейсіңдер, көресіңдер, бәрібір аңғармайсыңдар!
[15] Өйткені бұл халықтың жүректері қасарысқан сезімсіз, құлақтары керең, көздері жұмылған. Әйтпесе олар көздерімен көріп, құлақтарымен естіп, жүректерімен түсініп, теріс жолдарынан қайтар еді. Сонда Мен оларды рухани дертінен сауықтырар едім!
[16] Ал сендер бақыттысыңдар: көздерің көреді, құлақтарың естиді.
[17] Сендерге шындығын айтайын: көптеген пайғамбарлар да, өзге әділ адамдар да сендер көріп жүрген нәрселерді көргілері келді, бірақ көре алмады, сендер естіп жүрген сөздерді естігілері келді, бірақ ести алмады.
[18] Енді тұқым сепкен диқан туралы әңгіменің мағынасын тыңдаңдар:
[19] біреу Патшалық туралы Ізгі хабарды естіп, түсінбесе, лезде әзәзіл шайтан келіп, сол адамның жүрегіне себілген бұл сөздерді ұрлап алып кетеді. Жол бойына түскен тұқым — осы.
[20] Ал тастақ жерге себілгені мынаны көрсетеді: адам Ізгі хабарды естіген бойда оны қуанышпен қабылдайды,
[21] бірақ тамыр жаймағандықтан берік болмайды. Ізгі хабарға бола басына азап не қуғын түскенде, дереу сенімінен безіп кетеді.
[22] Тікен арасына себілген дәндер болса, мынаны білдіреді: біреу Ізгі хабарды естиді. Алайда бұ дүниелік тұрмыс қамын ойлап абыржып, байлыққа алданады. Осылайша Ізгі хабар ескерусіз қалып, өнім бермейді.
[23] Ал құнарлы топыраққа себілген тұқым болса, мынаны бейнелейді: адам Ізгі хабарды тыңдап, түсініп, өнімді болады. Ол жүз, алпыс немесе отыз еседен өнім береді.
[24] Иса халыққа тағы басқа бір астарлы әңгімені айтып берді: «Құдай Патшалығының орнауы мынаған ұқсайды. Бір адам егіндігіне жақсы тұқым себеді.
[25] Жұрт ұйықтап жатқанда дұшпаны келіп, бидай арасына бидайықтың тұқымын шашып кетеді.
[26] Бидай көктеп шығып, дән жинай бастағанда, әлгі арам шөп те өсіп шығады.
[27] Сонда қызметшілері егіндіктің иесіне келіп: — Мырза, жеріңізге сепкеніңіз жақсы тұқым емес пе еді? Онда бидайық қайдан шыққан? — деп сұрайды.
[28] Ол: — Мұны істеген дұшпан кісі, — деп түсіндіреді. — Ендеше біздің сонда барып, отап тастауымызды қалайсыз ба?
[29] — Жоқ, — деп жауап береді қожайын, — сендер бидайықты отаймыз деп, бидайды бірге жұлып тастарсыңдар.
[30] Орылғанша бірге өсе берсін. Ал орақ кезінде егін жинаушыларға: Өртеп жіберу үшін алдымен арам шөптерді баулап, жиып алыңдар, ал бидайды жинап, қамбама құйыңдар! — деп бұйырамын».
[31] Иса халыққа тағы мына астарлы әңгімені де айтып берді: «Құдай Патшалығы бір адамның егістігіне еккен қыша дәніне ұқсас:
[32] қыша дәні басқа тұқымдардан гөрі титтей болса да, өскенде барлық дәнді дақылдардан биік болып шығып, бұтаға айналады. Сонда бұтақтарына құстар ұшып келіп, паналайды».
[33] Иса оларға астарлап келесі бір әңгімені де айтып берді: «Құдай Патшалығын ашытқымен де салыстыруға болады: әйелдер үш астау ұнға аздаған ашытқы қосып, араластырған соң, ол барлық қамырды ашытып, көтереді».
[34] Мұның бәрін Иса халыққа астарлы әңгімелермен айтты. Оларға еш нәрсені де астарсыз уағыздамады.
[35] Осылай Құдайдың пайғамбар арқылы айтқан мына тәрізді сөздері жүзеге асты: «Астарлы әңгімелерді айтамын, Әлем жаратылғаннан бері бар құпияларды ашамын».
[36] Бұдан кейін Иса халықты таратып, үйге кірді. Қасына келген шәкірттері: «Егіндіктегі арам шөп туралы астарлы әңгімені түсіндіріңізші», — деп өтінген соң,
[37] Иса оларға былай деді: «Жақсы тұқым сепкен — көктен келген Билеуші.
[38] Егіндік — осы дүние, жақсы тұқым — Құдай Патшалығының адамдары, ал бидайық — әзәзілдің адамдары.
[39] Сол арам шөптің тұқымын шашқан дұшпан — шайтан, орақ кезі — ақырзаман, ал орушылар — періштелер.
[40] Жұрттың арам шөптерді жинап, өртеп жіберетіні сияқты, ақырзаманда да солай болады:
[41] көктен келген Билеуші Өзінің періштелерін жібереді. Олар азғындық пен заңсыздық жасайтын адамдардың бәрін Оның Патшалығынан жинап алып,
[42] жанып тұрған ошақ іспетті тозақ отына лақтырмақ. Сонда олар зар еңіреп жылап, қинала тістенетін болады-ау!
[43] Ал әділдер көктегі Әкелерінің Патшалығында күн сәулесіндей жарқырайтын болады. Құлағы барлар жақсылап тыңдап алсын!»
[44] «Құдай Патшалығын егіндік жерге көмілген қазынаға да ұқсатуға болады. Соны тауып алған адам қазынаны қайтадан көміп тастап, қуанғанынан өзіндегі барды түгел сатып жіберіп, егіндікті сатып алады.
[45] Құдай Патшалығы мынаған да ұқсайды: бір саудагер асыл інжу-маржан іздеп жүріп,
[46] аса құнды біреуін тауып алады. Сонда ол өзінде бардың бәрін түгел сатып, сол асыл інжуге ие болады.
[47] Құдай Патшалығын көлге тасталғанда әр түрлі балықтар түсетін аумен де салыстыруға болады.
[48] Ау толғанда оны жағаға шығарып, отыра қалып, жақсыларын ыдысқа жинап алып, нашарларын лақтырып тастайды.
[49] Ақырзаманда да осылай болмақ: періштелер келіп, жамандарды әділдерден ажыратып,
[50] жанып тұрған ошақ іспетті тозақ отына лақтырады. Сонда олар зар еңіреп жылап, қинала тістенетін болады», — деп сөзін аяқтаған
[51] Иса: — Мұның бәрін түсіндіңдер ме? — деп сұрады. Шәкірттері: — Иә, түсіндік, — деп жауап берді.
[52] Иса: — Сонымен Құдай Патшалығы туралы тәлім алып, Киелі жазбаларды оқытушы әрбір ғұлама өз қазынасынан жаңасын да, көнесін де шығарып отырған үй иесіне ұқсайды, — деп тұжырымдады.
[53] Иса осы астарлы әңгімелерді айтып болғаннан кейін сол жерден кетіп қалды.
[54] Өзінің өскен жеріне келіп, ондағы мәжілісханада жамағатқа тәлім берді. Олар Оған қатты таңданып, өзара былай десті: — Бұған мұндай даналық пен құдірет қайдан біткен?
[55] Өзі ағаш ұстасының Баласы емес пе? Шешесінің аты — Мәриям, ал інілері — Жақып, Жүсіп, Шимон, Яһуда.
[56] Қарындастарының бәрі де арамызда тұрады ғой. Сонда мұның бәрі Бұған қайдан біткен, ә?
[57] Олар қызғаныштан Исаны көре алмай, ашуланды. Ал Иса оларға қарап: — Өз ел-жұрты мен үй ішінен өзге жерде пайғамбар қадірсіз болмас, — деді.
[58] Олардың сенбеушілігіне бола Иса сол маңайда көп кереметтер жасаған жоқ.