[1] Ыбырайым атаның ұрпағы Дәуіт патшаның әулетінен шыққан Иса Мәсіхтің ата-тегінің шежіресі былай құралған:
[2] Ыбырайымнан Ысқақ, Ысқақтан Жақып, Жақыптан Яһуда мен оның аға-інілері,
[3] ал Яһудадан Парес пен Зарах туды, олардың анасы Тамар болатын. Парестен Хесрон, Хесроннан Рам,
[4] Рамнан Әминадап, Әминадаптан Нағасон, Нағасоннан Салмон,
[5] Салмоннан Боғоз тарады, оның анасы Рахаб болатын. Боғоздан Ғабит туды, оның анасы Рут еді. Ғабиттен Есей,
[6] Есейден Дәуіт патша туды. Дәуіттен Сүлеймен туды, оның анасы Ұрияның бұрынғы әйелі болатын.
[7] Сүлейменнен Рохабоғам, Рохабоғамнан Абиях, Абияхтан Аса,
[8] Асадан Жосапат, Жосапаттан Жорам, Жорамнан Ұзиях,
[9] Ұзияхтан Жотам, Жотамнан Ахаз, Ахаздан Езекия,
[10] Езекиядан Манаса, Манасадан Амон, Амоннан Жосия,
[11] Жосиядан Ехониях пен оның аға-інілері тарады. Бұл, яһуди халқының көпшілігі Бабыл еліне жер аударылмас бұрын болған еді.
[12] Бабылға жер аударылғаннан кейін Ехонияхтан Салатиел, Салатиелден Зоробабел,
[13] Зоробабелден Әбиуд, Әбиудтен Елиәкім, Елиәкімнен Азор,
[14] Азордан Садық, Садықтан Әкім, Әкімнен Елиуд,
[15] Елиудтен Елазар, Елазардан Маттан, Маттаннан Жақып,
[16] Жақыптан Мәриямның күйеуі Жүсіп тарады. Ал Мәриямнан Иса дүниеге келді, Ол Мәсіх («Құдай тағайындаған Құтқарушы Патша») деп те аталады.
[17] Осылай Ыбырайымнан Дәуітке дейін он төрт ата, Дәуіттен халықтың Бабыл еліне жер аударылғанына дейін де он төрт ата, жер аударылғаннан Мәсіхке дейін де он төрт ата болды.
[18] Иса Мәсіхтің дүниеге келуі былай болды: Оның анасы Мәриям Жүсіпке айттырылған еді. Ал екеуі әлі де қосылмай тұрғанда-ақ, Киелі Рухтың құдіретімен Мәриямның аяғы ауыр екендігі белгілі болды.
[19] Болашақ күйеуі Жүсіп әділ кісі болғандықтан, қалыңдығын ел алдында ұятқа қалдырмау үшін ешкімге білдірмей келісімдерінен бас тартпақ болды.
[20] Бірақ ол осыны ойлап жүргенде Жаратқан Иенің періштесі түсінде аян беріп: «Дәуіттің ұрпағы Жүсіп, қалыңдығың Мәриямға үйленуден шошынба! Себебі құрсағындағы Баласы Киелі Рухтан.
[21] Мәриям Ұл таппақ, Оның атын Иса деп қой! Себебі Ол халқын күнәларынан құтқаратын болады», — деді.
[22] Мұның бәрі Жаратқан Иенің (Ишая) пайғамбар арқылы алдын ала айтқанының жүзеге асуы үшін солай болды.
[23] Ол былай деген: «Біліп алыңдар, пәк қыз құрсақ көтеріп, Ұл туады. Оған Имануил, яғни «Құдай бізбен бірге», деген ат қояды».
[24] Жүсіп оянып, орнынан тұрғаннан кейін Жаратқан Иенің періштесінің бұйрығын орындап Мәриямға үйленді.
[25] Ал Мәриям босанып, Ұлын тапқанша, Жүсіп онымен жақындасқан жоқ. Нәресте дүниеге келгеннен кейін Оның атын Иса деп қойды.