[1] Құдай өздеріңе үкім шығармас үшін сендер басқаларға үкім айтпаңдар!
[2] Себебі басқаларға қандай үкім айтсаңдар, өздеріңе де сондай үкім шығарылады. Сендер өзгелерге қолданған өлшем өздерің үшін де қолданылмақ.
[3] Неге бауырыңның көзіндегі жаңқаны көре тұра, өз көзіңдегі бөренені байқамайсың?
[4] Өз көзіңде бөрене тұрғанда бауырыңа: «Кәне, сенің көзіңнен жаңқаны алып тастайын» деп қалайша айта аласың?
[5] Әй, екі жүзді! Әуелі өз көзіңнен бөренені алып таста! Бауырыңның көзіндегі жаңқаны содан кейін анық көріп, алып тастарсың.
[6] Қасиеттілерді иттерге тастамаңдар, інжу-маржандарыңды шошқалар алдына лақтырмаңдар! Әйтпесе олар соларды аяқтарымен таптап, бұрылып келіп, өздеріңді жарып тастамақ.
[7] Құдайдан сұраңдар, сонда ол сендерге (мұқтаждарыңды) береді; іздеңдер, сонда табасыңдар; есікті қағыңдар, сонда ол сендерге ашылады.
[8] Себебі сұрай берген әркім алады, іздей берген табады, қағып тұрғанға есік ашылады.
[9] Араларыңдағы қандай кісі нан сұраған баласына тас берер еді?
[10] Не балық сұраса, жылан берер еді?
[11] Сонымен, өздерің күнәкар бола тұра балаларыңа жақсылық жасауды білсеңдер, көктегі Әкелеріңнің Өзінен сұрағандарға жақсылық жасайтыны ешбір шүбәсіз!
[12] Барлық істе де басқалар өздеріңе қалай істесін десеңдер, сендер де оларға солай істеңдер! Бұл Таурат пен Пайғамбарлар жазбаларының тәліміне сай.
[13] Тар қақпадан кіріңдер! Тозаққа апаратын қақпа кең, жол да даңғыл. Онымен көп адамдар жүреді.
[14] Ал шынайы өмірге апаратын қақпа да, жол да тар. Соны біразы ғана табады.
[15] Жалған пайғамбарлардан сақтанып жүріңдер! Олар сендерге қой терісін жамылып келеді, бірақ шынында олар — жыртқыш қасқырлар.
[16] Оларды «жемістерінен» (яғни іс-әрекеттерінен) танисыңдар. «Шомырттан жүзім, ошағаннан өрік жинамас».
[17] Сол секілді, әрбір жақсы ағаш жақсы жеміс, ал жаман ағаш жаман жеміс береді.
[18] Жақсы ағаш нашар жеміс, нашар ағаш жақсы жеміс бере алмайды ғой.
[19] Ал жақсы жеміс бермейтін әр ағашты кесіп тастап, отқа жағады.
[20] Сол сияқты, адамдарды да «жемістерінен» танып білесіңдер.
[21] Маған: «Мырза, Ие!» дейтін әркім емес, көктегі Әкемнің еркін орындайтындар ғана Оның Патшалығына кіре алады.
[22] Көптеген адамдар қиямет соты күні Маған: «Уа, Тақсыр Ие, Сенің атыңмен біз жұртқа Құдайдың хабарын жеткізбедік пе? Сенің атыңмен жындарды қуып шығарып, көптеген кереметтер жасамап па едік?» — деп жалынатын болады.
[23] Сонда Мен оларға: «Сендерді ешқашан (өз адамдарым ретінде) таныған емеспін. Әділетсіздік істегендер, Менен аулақ кетіңдер!» — деп ашық айтамын.
[24] Осы айтқандарымды тыңдап, оларды орындаған әркім үйін берік тастың үстіне қалап салған көреген адамға ұқсас болады.
[25] Жаңбыр жауып, өзендер тасып, дауыл тұрып үйді соққылағанда, ол құламайды. Себебі оның іргетасы берік тасқа қаланған.
[26] Алайда осы айтқандарымды естісе де, орындамаған әркім үйін құм үстіне салған ақымаққа ұқсайды.
[27] Жаңбыр жауып, өзендер тасып, дауыл тұрып үйді соққылағанда, ол опырылып құлап қалады.
[28] Иса сөзін аяқтағанда, халық Оның тәліміне қатты қайран қалды.
[29] Себебі Иса оларға өздерінің дін мұғалімдері сияқты емес, Құдайдан ерекше билігі бар Біреу ретінде тағылым берді.