Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 7:41

[1] Сол кезде Құдай Патшалығындағы жағдай мынаған ұқсас болады: он бойжеткен қолдарына шамдарын ұстап, күйеу жігітті қарсы алуға шығыпты.

[2] Олардың бесеуі ақылды, бесеуі ақылсыз екен.

[3] Ақылсыз қыздар шамдарын алғанмен, құятын артық май алмай шығады.

[4] Ал ақылдылары шамға қоса майға толы құмыраларын да ала жүреді.

[5] Күйеу жігіт ұзақ кешіккендіктен, барлығы қалғып, ұйықтап қалады.

[6] Бірақ түн ортасында: «Күйеу жігіт келіп қалды! Қарсы алуға шығыңдар!» — деген дауыс естіледі.

[7] Сонда қыздардың бәрі де орындарынан тұрып, шамдарын жөндейді.

[8] Ақылсыздары ақылдыларына: — Майларыңнан беріңдерші, шамдарымыз сөнейін деп жатыр, — дейді.

[9] Ал олар: — Бізге де, сендерге де жетпей қалғанша, өздерің сатушыларға барып, май сатып алғандарың жөн, — деп жауап береді.

[10] Әлгілер майға кеткенде күйеу жігіт келіп, дайын тұрғандар онымен бірге тойға кіріп кетеді де, есіктер жабылып қалады.

[11] Кейін майға кеткен қыздар да келіп: — Тақсыр мырза! Есікті аша көріңіз! — деп өтінеді.

[12] Ал күйеу жігіт оларға: — Шын айтамын, сендерді танымаймын! — деп жауап береді.

[13] Сондықтан сергек болыңдар! Себебі сендер Мен Билеуші ретінде көктен келетін күнді де, сәтті де білмейсіңдер.

[14] Бұл жайт сапарға шықпақ болған бір кісінің әрекетіне ұқсас: ол кетер алдында қол астындағы қызметшілерін шақырып алып, оларға меншікті қаражатын аманаттап тапсырады:

[15] әрқайсысына қабілетіне қарай, біреуіне бес, келесісіне екі, тағы біреуіне бір ат басындай күміс береді. Содан кейін сапарына аттаныпты.

[16] Бес ат басындай күміс алған қызметші онысын дереу айналымға жіберіп, үстіне тағы бесеуін қосып қояды.

[17] Екі ат басындай күміс алғаны да дәл осылай етіп, тағы екеуін қосып қояды.

[18] Ал бір ат басындай күміс алғаны қожайынының қаржысын бір жерге апарып, көміп тастайды.

[19] Арада көп уақыт өткеннен кейін қызметшілердің қожайыны қайтып келіп, олардың есеп берулерін талап етеді.

[20] Бес ат басындай күміс алған қызметші тағы да бесеуін әкеліп тұрып, былай дейді: — Мырзам, сіз маған бес ат басындай күміс беріп едіңіз. Міне, солардан тағы бесеу пайда түсірдім. —

[21] Қожайыны оны мақтап: — Жарайсың, жақсы да адал қызметшім! Шағын істе сенімді болдың, сені үлкен істердің басына қоямын. Енді қуанышты тойыма кел! — дейді.

[22] Екі ат басындай күміс алғаны да келіп: — Мырзам, сіз маған екі ат басындай күміс беріп едіңіз. Міне, солардан тағы екеу пайда түсірдім, — деп есеп береді.

[23] Қожайыны оған да: — Жарайсың, жақсы да адал қызметшім! Шағын істе сенімді болдың, сені үлкен істердің басына қоямын. Енді қуанышты тойыма кел! — дейді.

[24] Ал бір ат басындай күміс алғаны келіп: — Мырзам, сіздің қатал адам екеніңізді білдім. Өзіңіз екпеген жерден орып, шашпаған жерден жинайсыз.

[25] Сондықтан қорқып, күмісіңізді жерге көміп тастаған едім. Мінеки, соныңыз, — дейді.

[26] Қожайыны оған былай дейді: — Әй, зұлым да жалқау қызметші! Менің екпеген жерден орып, шашпаған жерден жинайтынымды білдің ғой!

[27] Сол үшін де күмісімді саудагерлерге қарызға беруің керек болатын. Сонда мен қайтып келгенде өзімдікін өсімімен қайтарып алатын едім.

[28] Ендеше одан күмісін алып, он ат басындай күмісі барға беріңдер!

[29] Себебі кімде бар болса, соған тағы беріліп, молая түседі. Ал кімде жоқ болса, оның өзімде бар дегені де одан алынып қойылады.

[30] Енді мына түкке тұрғысыз қызметшіні сыртқа, қара түнекке лақтырып тастаңдар! Сонда ол зар еңіреп жылап, қинала тістенетін болады.

[31] — Құдай тағайындаған Билеуші қасиетті періштелерін ертіп ғаламат ұлылықпен көктен келген кезде Өзінің салтанатты тағына отыратын болады.

[32] Барлық халықтар Оның алдына жинап әкелінеді. Ол шопанның қойларды серкелерден ажыратқанындай адамдарды екі топқа бөліп,

[33] «қойларды» оң жағына, «серкелерді» сол жағына қояды.

[34] Сонда Патша оң жағындағыларға былай деп үкім шығарады: — Әкем жарылқағандар, келіңдер! Әлем жаратылғаннан бері өздеріңе дайындалған Патшалықтан үлестеріңді алыңдар!

[35] Себебі сендер Мен ашыққанда тамақ, шөлдегенімде сусын бердіңдер. Бейтаныс болып баспана іздегенімде Мені үйлеріңе қабылдадыңдар.

[36] Киімсіз жүргенімде киіндірдіңдер, ауырғанымда Маған қамқорлық жасадыңдар, түрмеде отырғанымда артымнан келіп тұрдыңдар.

[37] Сонда әділдер Оған: — Иеміз, қашан Сіздің ашыққаныңызды көріп, тамақтандырған едік? Немесе шөлдегеніңізде сусын берген едік?

[38] Қашан бейтаныс болып баспана іздеп жүргеніңізді көріп, Сізді қабылдаған едік? Немесе киімсіз жүрген Сізді киіндірдік?

[39] Қай кезде Сіз ауырып не түрмеде жатқаныңызда артыңыздан келіп тұрдық? — деген сұрақ қояды.

[40] Патша оларға былай деп жауап береді: — Сендерге шындығын айтамын: Менің мына бауырларымның тіпті ең маңызсыз болып көрінген біреуіне жасаған жақсылықтарың — шын мәнінде Маған жасаған жақсылықтарың!

[41] Бұдан кейін Патша Өзінің сол жағындағыларға да былай деп үкім шығарады: — Менен аулақ кетіңдер, қарғыс атқандар! Шайтанға және оның хабаршыларына дайындалған мәңгілік тозақ отына түсіңдер!

[42] Себебі сендер Мен ашыққанда тамақ, шөлдегенде сусын бермедіңдер.

[43] Бейтаныс болып баспана іздеп жүргенімде Мені үйлеріңе қабылдамадыңдар. Киімсіз жүргенімде киіндірмедіңдер, ауырып не түрмеде жатқанымда артымнан келмедіңдер. —

[44] Олар да: — Иеміз, біз қашан ашыққаныңызды не шөлдегеніңізді, бейтаныс болып баспана іздеп, киімсіз жүргеніңізді я болмаса ауырып не түрмеде жатқаныңызды көріп, Сізге көмектеспедік? — деп сұрайды.

[45] Ол сонда: — Сендерге шындығын айтамын: мыналардың ең маңызсыз болып көрінген біреуіне жасамаған жақсылықтарың — шын мәнінде Маған жасамаған жақсылықтарың! — деп жауап беретін болады.

[46] Сонымен бұлар мәңгілік азап шегуге кетеді. Ал әділдер мәңгілік өмірге ие болады, — деді Иса.

Матай — Chapters