Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 7:58

[1] Жексенбі күні әлгі әйелдер дайындаған иісмайларын алып, (басқа да әйелдермен бірге) таң сәріде қабірге барды.

[2] Сонда жеткенде олар үңгір аузындағы дәу қақпақ тастың домалатылып, былай қойылғанын көрді.

[3] Ішке кірген әйелдер Иеміз Исаның сүйегін таба алмады!

[4] Олар бұған аң-таң болып тұрғанда, киімдері найзағайдай жарқыраған екі ер адам кенеттен қастарына келіп, тұра қалды.

[5] Әйелдер үрейленіп, жерден көздерін алмай тұрғанда, әлгі екі кісі оларға үн қатып: «Тіріні өлілердің арасынан неге іздейсіңдер?

[6] Ол мұнда жоқ, қайта тіріліп кетті! Оның Ғалилеяда жүрген кезінде сендерге алдын ала айтқандарын естеріңе түсіріңдер:

[7] көктен келген Билеуші күнәкар адамдарға ұстап беріліп, айқышқа шегеленіп өлтірілуге, алайда үшінші күні қайта тірілуге тиіс екенін Өзі алдын ала білдірген еді ғой», — деді.

[8] Сонда Исаның айтқан сөздері олардың естеріне түсті.

[9] Қабірден қайтып келгенде олар бұл оқиғаны Оның он бір елшісі мен барлық басқа шәкірттеріне түгелдей хабарлады.

[10] Мұны елшілерге айтқан — мағдалалық Мәриям, Жоханна, Жақыптың шешесі Мәриям және олармен бірге болған басқа әйелдер еді.

[11] Бірақ елшілер бос сөз деп, олардың айтқандарына сенген жоқ.

[12] Ал Петір орнынан тұра сала қабірге жүгіріп барды. Ол үңгірдің ішіне еңкейіп қарағанда жерде жатқан кебінді ғана көрді де, болған оқиғаға таңғалып, қайта оралды.

[13] Тап сол күні шәкірттердің екеуі Иерусалимнен он бір шақырымдай қашықтықтағы Еммаус деген ауылға бара жатып,

[14] осы оқиғалар туралы әңгімелесті.

[15] Олар өзара сөйлесіп, пікір алысып бара жатқанда, Исаның Өзі жақындап келіп, екеуіне қосылды.

[16] Бірақ олар Оны тани алмады.

[17] — Сендер не туралы әңгімелесіп (қайғыланып) келе жатырсыңдар? — деп сұрады Ол. Олар тұнжырап тұрып қалды.

[18] Клеопа есімді біреуі Оған: — Иерусалимге келген, бірақ осы күндері онда не болғанынан еш хабары жоқ жалғыз Сіз шығарсыз? — деді.

[19] Иса: — Не болған еді? — деп сұрады. Олар былай жауап берді: — Назареттік Исамен болған нәрсені айтамыз. Ол Құдай алдында да, бүкіл халық алдында да сөзімен де, ісімен де құдіретті Пайғамбар болды.

[20] Алайда біздің басты діни қызметкерлер мен рубасыларымыз Оны өлімге кестіру үшін ұстап беріп, айқышқа шегелетіп өлтіртті.

[21] Ал біз, Исраил елін Құтқарушы — Сол деп үміттенген едік. Бұған қоса, барлық осы оқиғалардың болғанына бүгін үшінші күн.

[22] Бірақ арамызда жүрген бірнеше әйел бізді қатты таңғалдырды: олар ертемен қабірге барып,

[23] Оның мәйітін таппапты! Қайтып келгенде сол әйелдер көздеріне періштелердің көрініп, өздеріне: «Ол тірі!» дегендерін айтып берді.

[24] Содан арамыздағы кейбір ер адамдар қабірге барып, оның әйелдер айтқандай бос екенін көріпті! Алайда олар Исаның Өзін көрген жоқ. —

[25] Сонда Ол: — Ей, түйсіксіз, жүрегі шеменденген шабандарым-ай! Пайғамбарлардың алдын ала айтқандарының бәріне шын жүректен сенбегенсіңдер!

[26] Мәсіх Өзінің салтанатты ұлылығына енуінен бұрын осындай азаптарды көруге тиіс емес пе еді?! — деп,

[27] оларға Мұса мен бүкіл басқа пайғамбарлардан бастап, Киелі жазбалардың бәрінде Өзі туралы айтылғандарды түсіндірді.

[28] Олар бара жатқан ауылға жақындағанда, Иса тоқтамай жүре беретін сыңай танытты.

[29] Бірақ екі шәкірт: — Бізбен бірге бола көріңіз! Күн кеш болды, көп ұзамай қараңғы түседі, — деп қадала өтінді. Сонда Ол үйге кіріп, екеуімен бірге қалды.

[30] Дастарқан басына бірге жайғасқан соң Иеміз Иса қолына нанды алып, шүкірлік етіп, үзіп берді.

[31] Сонда екі шәкірттің көздері ашылып, Оны таныды. Бірақ Ол кенеттен көздеріне көрінбей қалды.

[32] Олар біріне-бірі: «Ол жолшыбай бірге келе жатып, бізге Киелі жазбалардың мәнін ашып бергенде, жүректеріміз жалындап кеткен жоқ па еді?» — десті.

[33] Сол сәтте орындарынан тұрып, Иерусалимге қайтып, сонда жиналған он бір елшіні де, олардың қасындағы өзге сенушілерді де кездестірді.

[34] Олар: — Иеміз шынында да қайта тіріліп, Шимонға көрінді! — деді.

[35] Ал ана екеуі жолда не болғанын және дастарқан басында нанды үзген кезінде өздерінің Иеміз Исаны қалай танығандарын айтып берді.

[36] Екі шәкірт осыны айтып тұрғанда, Мәсіх Исаның Өзі жиналғандардың орталарына келіп, тұра қалды да, оларға: «Сендерге амандық пен тыныштық болсын!» — деп батасын берді.

[37] Шәкірттері қатты абыржып қорқып, елес көріп тұрмыз деп ойлады.

[38] Бірақ Иеміз: «Неліктен абыржып тұрсыңдар? Көңілдеріңде неге сондай ой туады?

[39] Қол-аяғыма қараңдар: бұл — Менің Өзім. Маған қол тигізіп денемнің шынайы екеніне көз жеткізіңдер! Елестің еті мен сүйегі болмайды ғой», — деді де,

[40] оларға Өзінің қол-аяғын көрсетті.

[41] Шәкірттері қуаныштан әлі де сенбей таңырқап тұрғанда, Мәсіх: «Жейтін бір нәрселерің бар ма?» — деп сұрады.

[42] Олар қуырылған балықтан бір үзіп берді.

[43] Иса оны алып, көздерінше жеді.

[44] Содан кейін Мәсіх Иса: «Сендермен бірге жүрген кезімде өздеріңе айтқан сөздерім мынау болатын: Мұсаның Таурат кітабында, Пайғамбарлардың жазбаларында және Забурда Мен туралы жазылғандардың бәрі орындалуға тиіс, — деп,

[45] Киелі жазбаларды түсінуге олардың саналарын оятты. Тағы сөзін жалғастырып:

[46] — Былай деп жазылған ғой: Мәсіх азап шегіп өліп, үшінші күні қайта тірілуге тиіс.

[47] Оның атынан Иерусалимнен бастап барлық ұлттарға да теріс жолдан қайтқан адамдардың күнәларын Құдай кешіреді деген Ізгі хабарды жариялау да қажет.

[48] Сендер осы жайттарды өз көздеріңмен көрген куәгерлерсіңдер.

[49] Міне, Мен Әкем уәде еткен Киелі Рухын сендерге жіберемін. Ол көктен түсіп, сендерді Өзінің құдіретіне бөлегенше Иерусалимде болыңдар!» — деді.

[50] Мұнан соң Мәсіх сенушілерді қаладан шығарып, Бетанияның маңына ертіп барды. Сол жерде қолын жайып оларға батасын берді.

[51] Батасын беріп тұрғанда олардан бөлініп, көкке көтеріліп кетті.

[52] Сенушілер Мәсіхке тағзым етіп құрмет көрсетті, бұдан кейін зор қуанышпен Иерусалимге қайта оралды.

[53] Содан бастап ұдайы ғибадатханада болып, Құдайды мадақтап дәріптеп жүрді. (Аумин)

Лұқа — Chapters