[1] Рим патшасы Тіберидің билік құруының он бесінші жылы Яһудея аймағын Понти Пилат билеп, Ирод (Антипас) — Ғалилея аймағының әкімі, оның бауыры Філіп — Итурея мен Трахонит аймақтарының әкімі, Лүсани — Абілине аймағының әкімі,
[2] ал Ханна мен Қаяфа — басты діни қызметкерлер болып тұрды. Сол кезде Құдай айдалада Зәкәрия ұлы Жақияға сөзін арнап (оны пайғамбарлық міндетіне кірістірді).
[3] Содан Жақия Иордан өзенінің бойындағы барлық өңірді аралап былай деп уағыз айтты: «Күнәларыңа өкініп теріс жолдан қайтып, Құдай жолына түсіңдер, әрі шомылдыру рәсімінен өтіңдер! Сонда Құдай күнәларыңды кешіреді».
[4] Бұл — Ишая пайғамбардың жазбасында сақталған мына тәрізді сөздеріне сай болды: Жар салған дауыс шығады айдалада: Жаратқан Иеге жолды дайындаңдар, Түзу қылып даңғыл жолды салыңдар!
[5] Жолдағы сай-салалар толтырылсын, Әрі тау-төбелер аласартылсын, Бұралаң жерлері де түзетілсін, Бұдыр жолдар да түгелдей тегістелсін!
[6] Сонда бар адамзат көре алады Құдай Ие жіберген құтқаруды!
[7] Көп халық шомылдыру рәсімінен өту үшін Жақияға келді. Бірақ ол соларға ескертіп былай деді: — Ей, улы жыланның тұқымдары! Келешектегі қаһарлы жазадан құтылуды сендерге кім үйретті?
[8] Егер шынымен теріс жолдарыңнан қайтып, Құдай жолына түссеңдер, соған лайықты іс істеңдер! «Біздің түп атамыз — Ыбырайым» деп мақтанбаңдар! Сендерге шын айтамын: Құдай Ыбырайымға мына тастардан да ұрпақ жасап бере алады.
[9] Қазірдің өзінде-ақ ағаш түбінде балта дайын тұр! Жақсы жеміс бермейтін әрбір ағаш шабылып, отқа тасталады!
[10] Халық Жақиядан: — Енді біздің не істеуіміз керек? — деп сұрады.
[11] Жақия оларға: — Кімнің екі көйлегі болса, біреуін киімі жоққа берсін, кімнің азығы болса, ол да солай істесін! — деп жауап берді.
[12] Тіпті (әділетсіз) салық жинаушылар да өздерін шомылдыру рәсімінен өткізуге келді. Салықшылар: — Ұстаз, біздің не істеуіміз керек? — деп сұрағанда,
[13] Жақия оларға: — Белгіленген мөлшерден артық еш нәрсе талап етпеңдер! — деп тапсырды.
[14] Бірқатар жасақшылар да: — Ал біздің не істеуіміз керек? — деген сұрақ қойды. Жақия оларға: — Ешкімге зорлық жасамаңдар, жала жауып тонамаңдар! Өз жалақыларыңа қанағаттаныңдар! — деп бұйырды.
[15] Халық Құтқарушы Патша Мәсіхтің келуін күтіп, барлығы Жақия туралы іштей: «Бәлкім, осының өзі Мәсіх шығар?» — деп ойлады.
[16] Жақия бәріне былай деп жауап берді: — Мен сендерді суға шомылдыру рәсімінен ғана өткіземін. Ал менен құдіретті Біреу келе жатыр. Оның құлы болып кебісін әперуге де тұрмаймын. Ол сендерді Құдайдың Киелі Рухына және отқа шомылдырады.
[17] Ол бидайды желпушіге ұқсайды: күрегі қолында, қырманын тазартып, «бидайын» жинап, қамбасына құяды, бірақ «қауызын» тозақтың сөнбес отына жағады!
[18] Жақия пайғамбар халыққа тағы басқа да насихат айтып, Ізгі хабарды жариялап жүрді.
[19] Жақия аймақ әкімі Ирод Антипастың өз бауырының әйелі Иродияны тартып алғанын және басқа да көптеген жаман қылықтарын әшкерелеп сөккен еді.
[20] Сондықтан Ирод бұрынғы зұлымдықтары аз болғандай бұған қоса Жақия пайғамбарды түрмеге жаптырды!
[21] Содан бұрынырақ қалың жұрт шомылдыру рәсімінен өтіп жатқан кезде Иса да сол рәсімнен өткен еді. Сонда Иса мінажат еткенде көк ашылып,
[22] көгершін бейнесіндегі Киелі Рух Оның үстіне қонды. Көктен: «Сен Менің сүйікті рухани Ұлымсың, Саған толық ризамын!» — деген дауыс шықты.
[23] Иса Өзінің қызметін бастаған кезде жасы шамамен отызда еді. Жұрттың ойынша Ол Жүсіптің ұлы болатын. Ал Жүсіптің шыққан ата-тегі мынау: Жүсіп Елиден,
[24] Ели Маттаттан, Маттат Леуіден, Леуі Мәлкіден, Мәлкі Жанайдан, Жанай Жүсіптен,
[25] Жүсіп Мататиядан, Мататия Амостан, Амос Нахумнан, Нахум Есліден, Еслі Нағайдан,
[26] Нағай Мақаттан, Мақат Мататиядан, Мататия Семейден, Семей Жүсіптен, Жүсіп Яһудадан,
[27] Яһуда Жохананнан, Жоханан Ресадан, Реса Зоробабелден, Зоробабел Салатиелден, Салатиел Неріден,
[28] Нері Мәлкіден, Мәлкі Аддидан, Адди Қосамнан, Қосам Елмодамнан, Елмодам Ерден,
[29] Ер Ешуадан, Ешуа Елиезерден, Елиезер Жорымнан, Жорым Мататтан, Матат Леуіден,
[30] Леуі Шимеоннан, Шимеон Яһудадан, Яһуда Жүсіптен, Жүсіп Жонамнан, Жонам Елиәкімнен,
[31] Елиәкім Мелеадан, Мелеа Менаннан, Менан Мататадан, Матата Натаннан, Натан Дәуіттен,
[32] Дәуіт Есейден, Есей Ғабиттен, Ғабит Боғоздан, Боғоз Салмоннан, Салмон Нағасоннан,
[33] Нағасон Әминадаптан, Әминадап (Админнан, Админ Арнидан, Арни) Рамнан, Рам Хесроннан, Хесрон Парестен, Парес Яһудадан,
[34] Яһуда Жақыптан, Жақып Ысқақтан, Ысқақ Ыбырайымнан, Ыбырайым Тарахтан, Тарах Нахордан,
[35] Нахор Серуктен, Серук Рәгуден, Рәгу Пелектен, Пелек Еберден, Ебер Шелахтан,
[36] Шелах Қайнаннан, Қайнан Арпақсаттан, Арпақсат Шамнан, Шам Нұхтан, Нұх Ләмехтен,
[37] Ләмех Мәтусалдан, Мәтусал Енохтан, Енох Иәреттен, Иәрет Мақалалелден, Мақалалел Қайнаннан,
[38] Қайнан Еностан, Енос Сеттен, Сет Адам атадан тарады, ал Адам атаны Құдай жаратқан.