Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 7:16

[1] Иса шәкірттеріне әрқашан үмітін үзбей Құдайдан сұрай берудің керектігін де астарлы әңгімемен түсіндіріп

[2] былай деді: — Бір қалада Құдайдан қорықпайтын, адамнан да ұялмайтын би болыпты.

[3] Сол қалада бір жесір әйел де тұрады екен. Әйел биге қайта-қайта келіп: «Мені дауласқан кісімнен қорғай көріңіз!» — деп өтініп сұрай береді екен.

[4] Бірақ би жесірді көп уақыт бойы қорғағысы келмейді. Ақырында ол ішінен: «Құдайдан қорықпаймын, адамнан да ұялмаймын.

[5] Алайда мына жесір маған тыныштық бермегендіктен, оның мүддесін қорғайын. Әйтпесе ол қайта-қайта келіп, мазамды ала берер» деп ойлайды.

[6] Содан кейін Иеміз Иса былай деді: «Сендер әділетсіз бидің не айтқанын естідіңдер ғой.

[7] Ал Құдай Өзі таңдап алған, Өзіне күні-түні жалбарына сиынған адамдарының мүдделерін қорғамай ма? Әлде соны ұзаққа созып жібере ме?

[8] Сендерге шындығын айтамын: Құдай олардың мүдделерін тезірек қорғайды! Алайда Мен Билеуші ретінде көктен қайтып келгенімде жер бетінен Өзіме сондай қатты сенетіндерді таба алар ма екенмін?»

[9] Өздерінің әділдігіне нық сеніп, басқаларды менсінбей жүрген кейбір кісілерге Иеміз мына астарлы әңгімені айтып берді:

[10] — Екі адам Құдайға сиыну үшін ғибадатханаға өрлеп барыпты. Бірі парызшыл, екіншісі салық жинаушы екен.

[11] Парызшыл тұра қалып, іштей былай деп мінажат етеді: «Я, Құдай! Мен басқа адамдар сияқты қарақшы, жәбірлеуші, неке адалдығын бұзушы немесе ана салықшыға ұқсап күнәкар болмағаным үшін Саған ризашылығымды білдіремін.

[12] Өйткені мен аптасына екі рет ораза ұстаймын, барлық тапқан табысымның оннан бір бөлігін қайыр-садақаға беріп тұрамын».

[13] Ал салық жинаушы алыста тұрып, тіпті назарын көкке көтеруге де батылы бармай, қолын кеудесіне қойып: «Я, Құдай, мен күнәкармын, рақым ете гөр!» — деп жалбарынады.

[14] Сендерге шын айтамын: екеуі үйлеріне қайтқанда, парызшылды емес, салықшыны Құдай кешіріп, ақтаған еді. Өйткені өзін-өзі жоғарылатқан әркім төмендетіледі, ал өзін төмен ұстаған жоғарылатылады.

[15] Иса қолын тигізіп бата берсін деп, бірнеше адам Оған нәрестелерін алып келді. Бірақ мұны көрген шәкірттер оларды жібермеді.

[16] Ал Иса балаларды қасына шақырып алып: «Балалардың Маған келуіне жол беріңдер, оларға кедергі жасамаңдар! Құдайдың Патшалығы сондайлар үшін.

[17] Сендерге шындығын айтайын: кім Құдайдың Патшалығын бала сияқты қабылдамаса, оған кіре алмайды», — деді.

[18] Басшылардың біреуі Исадан: — Ізгі Ұстаз! Мәңгілік өмірге ие болу үшін не істеуім керек? — деген сұрақ қойды.

[19] Иса оған: — Мені неге ізгі дейсің? Құдайдан басқа ешкім де ізгі емес.

[20] Оның өсиеттерін білесің ғой: «Неке адалдығын бұзба; кісі өлтірме; ұрлық жасама; жалған куәлік берме; ата-анаңды сыйла!» — деп жауап берді.

[21] Әлгі кісі: — Бұлардың бәрін де жастайымнан орындап келемін, — деді.

[22] Иса мұны естігенде: — Саған тағы бір нәрсе жетіспейді: қолыңдағы бар мал-мүлкіңді сатып, түскен ақшаны мұқтаждарға үлестіріп бер. Сонда сенің қазынаң көкте болады. Өзің қайтып келіп, шәкіртім болып соңымнан ер! — деді.

[23] Бұларды естігенде әлгі кісі қатты қапаланды. Себебі ол өте бай болатын.

[24] Иса оның қатты қапаланғанын көріп: — Мал-мүлікке бай адамдардың Құдайдың Патшалығына кіруі қандай қиын!

[25] Иә, байдың Құдайдың Патшалығына кіруінен гөрі түйенің ине көзінен өтуі оңай, — деді.

[26] Мұны естігендер: — Ендеше кім (Құдайдың қаһарынан) құтқарыла алады? — деп сұрады.

[27] Иса: — Адамның қолынан келмейтін нәрселер Құдайдың қолынан келеді, — деп жауап берді.

[28] Петір тіл қатып былай деді: — Міне, біз барлығын қалдырып, Сіздің соңыңыздан еріп жүрміз.

[29] Сонда Иса шәкірттеріне: — Сендерге шындығын айтайын: үй-жайын, әке-шешесін, бауырларын, әйелі не бала-шағасын Құдайдың Патшалығына бола қалдырған әркімге

[30] сол үшін осы заманда қарымтасы бірнеше есе артығымен қайтарылады, әрі келер заманда ол мәңгілік өмірге ие болады, — деп нық айтты.

[31] Иса он екі шәкіртін қасына шақырып алып, оларға (Өзінің басынан өткізетіндері туралы) былай деді: — Енді Иерусалимге өрлеп бара жатырмыз. Пайғамбарлардың көктен келген Билеуші туралы алдын ала жазып кеткендерінің бәрі сол жерде орындалады:

[32] Оны Құдайға мойынсұнбайтын басқа ұлт адамдарына ұстап береді. Солар Оны мазақ етіп қорлап, бетіне түкіріп,

[33] қамшымен сабалайды, ақырында өлтіреді. Алайда үшінші күні Ол қайта тіріледі!

[34] Бірақ шәкірттері Исаның осы айтқанынан ештеңе ұқпады. Бұл сөздерінің мәні олар үшін құпия болғандықтан түсініксіз болып қала берді.

[35] Иса Иерихон қаласына жақындап қалғанда, жол жиегінде бір соқыр адам қайыр сұрап отырған еді.

[36] Ол қасынан көп кісілердің өтіп бара жатқанын естіп: — Бұл не? — деп сұрады.

[37] Жұрт оған: — Назареттік Иса келе жатыр! — деді.

[38] Сонда әлгі соқыр: — Дәуіттің Ұрпағы Иса! Маған рақым ете көріңіз! — деп айқайлады.

[39] Алда келе жатқандар оған ұрсып, үндемеуге бұйырды. Бірақ ол одан бетер айқайлап: «Дәуіттің Ұрпағы! Маған рақым ете көріңіз!» — деп жалбарынды.

[40] Иса тоқтай қалып, оны қасына алып келуге бұйырды. Соқыр адам жақындап келген соң, Иса одан:

[41] — Өзіңе не істегенімді қалайсың? — деп сұрады. Ол: — Тақсыр, көзімді көретін етсеңіз екен! — деп өтінді.

[42] Иса оған: — Көзің көретін болсын! Сен сенімің арқылы құтқарылдың, — деді.

[43] Сол сәтте-ақ соқыр адамның көзі ашылып, көретін болды! Ол Құдайға зор ризашылығын білдіріп Исаға еріп жүрді. Мұны көрген халықтың бәрі Құдайды дәріптеп мадақтады.

Лұқа — Chapters