[1] Жоғарғы кеңесте жиналғандардың бәрі орындарынан тұрып, Исаны Пилатқа алып барды.
[2] Сонда олар Оны айыптай бастап былай деді: — Біз мына Кісінің халқымызды бүлдіріп жүргенін тексеріп, анықтадық. Ол Рим патшасына салық төлемеңдер деп үгіттеп, Өзін Мәсіхпін, яғни Патшамын, деп жүр! —
[3] Сонда Пилат Исаға: — Сен Яһудилердің Патшасысың ба? — деген сұрақ қойды. Иса: — Өзіңіз айтып тұрсыз, — деп жауап берді.
[4] Пилат басты діни қызметкерлер мен жиналған халыққа: — Мен бұл Адамнан ешқандай кінә таппай тұрмын, — деді.
[5] Бірақ олар одан бетер нығарлап: — Бұл Ғалилеядан бастап осы жерге дейін бүкіл Яһудея бойынша өз ілімін таратып, елді көтеріліске желіктіріп жүр! — деп айыптады.
[6] Пилат Ғалилея аймағы туралы естігенде: — Бұл Өзі ғалилеялық па еді? — деп сұрады.
[7] Осылай Исаның Ирод (Антипас) билеген Ғалилея аймағынан екенін білген соң, Пилат Исаны сол кісіге жіберді. Өйткені Ирод та бұл күндері Иерусалимде жүрген еді.
[8] Ирод Исаны көргеніне қатты қуанды. Себебі ол Иса туралы көп естіген соң, бір керемет көрсетер деп үміттеніп, Оны көптен бері көргісі келіп жүрген еді.
[9] Ирод Исаға көптеген сұрақтар қойды, бірақ Ол еш жауап бермеді.
[10] Ал басты діни қызметкерлер мен дін мұғалімдері сол жерде тұрып, Исаны қатты айыптады.
[11] Сонда Ирод жасақшыларымен бірге Оны қорлап мазақтап, үстіне әдемі шапан жауып, Пилатқа қайтарып жіберді.
[12] Осы уақытқа дейін қастасып келген Пилат пен Ирод сол күні татуласып, өзара дос бола қалды.
[13] Пилат басты діни қызметкерлерді, рубасыларды және халықты шақырып алып,
[14] оларға былай деп шешімін айтты: — Мына Адамды халықты бүлдіріп жүр деп, маған алып келдіңіздер. Міне, мен Оны алдарыңызда тергеп, бұл Адамнан сіздер айыптайтындай ешқандай кінә таппадым!
[15] Ирод та солай етті, өйткені мен Оны соған жіберген едім. Демек, Ол өлім жазасына кесетіндей ешқандай қылмыс жасаған жоқ.
[16] Сондықтан Оны соқтырып, босатып жіберемін. —
[17] (Себебі мейрамның құрметіне әміршінің халыққа бір тұтқынды босатып беруі керек болатын.)
[18] Бірақ жиналған халық түгелдей: — Ол өлтірілсін! Орнына бізге Бараббаны босатып беріңіз! — деп қатты айқайлап жауап қайтарды.
[19] Барабба қалада бүлік шығарып, кісі өлтіргені үшін түрмеге жабылған еді.
[20] Пилат Исаны қоя бермекші болып, қайтадан даусын көтере сөйледі.
[21] Бірақ олар: — Айқышқа шегеленсін, айқышқа! — деп шулап кетті.
[22] Пилат оларға үшінші рет: — Сонда Ол қандай қылмыс жасады? Мен Одан өлім жазасына кесетіндей ешқандай кінә таппай тұрмын. Сондықтан Оған дүремен сабақ беріп, босатып жіберемін, — деді.
[23] Бірақ басты діни қызметкерлер мен халықтың көпшілігі бар дауыспен: — Оны айқышқа шегелетіңіз! — деп айқай салып талап ете берді. Ақырында олар айқайларымен дегендеріне жетіп,
[24] Пилат талаптары орындалсын деп шешті.
[25] Сөйтіп ол бүлік шығарып, кісі өлтіргені үшін түрмеге жабылған адамды олардың сұрауы бойынша босатып жіберді. Ал Исаны тілектеріне сай өлімге кесіп, жасақшылардың қолына тапсырды.
[26] Жасақшылар Исаны жазалайтын жерге алып бара жатқанда, даладан қалаға келе жатқан Шимон есімді күренелік кісіге тап болды. Олар Шимонға айқыш ағашты арқалатып, оны Исаның соңынан алып жүруге мәжбүр етті.
[27] Исаға өте көп халық ілесіп, көптеген әйелдер жоқтау айтып еңірей жылап келе жатты.
[28] Ал Иса оларға бұрылып, былай деді: — Иерусалимнің әйелдері, Мен үшін жыламаңдар, өздерің мен балаларың үшін жылаңдар!
[29] Себебі жұрт «Құрсақ көтермейтін, бала сүймеген, емшек емізбеген әйелдер бақытты!» дейтін, азапты күндер келеді.
[30] Сол уақытта адамдар тауларға: «Үстімізге құлап түсіңдер!» әрі төбелерге: «Бізді басып, жасырып тастаңдар!» деп жалынатын болады.
[31] Егер жасыл ағашқа бұлай істелсе, онда қураған ағашпен не болмақ?!
[32] Жасақшылар Исамен бірге екі қылмыскерді де өлтіруге алып бара жатты.
[33] Олар «Маңдайтөбе» деген жерге жеткен соң, Исаны айқыш ағашқа керіп шегелеп іліп, көтеріп қойды. Сондай-ақ, сол екі қылмыскерді де, біреуін Исаның оң, екіншісін Оның сол жағына айқыш ағаштарға керіп шегелеп іліп, көтеріп қойды.
[34] Сонда Иса (көктегі Әкесіне сиынып): «Әке, оларды кешіре гөр! Олар не істеп жатқандарын түсінбейді», — деді. Ал жасақшылар Исаның киімдерін жеребе тастап өзара бөлісіп алды.
[35] Халық сол жерде осының бәріне қарап тұрды. Басшылары тіпті Исаны мазақтап: «Мынау басқаларды құтқарыпты. Егер Ол Мәсіх — Құдайдың Таңдаулысы болса, енді Өзін құтқарып көрсін!» — деп келекеледі.
[36] Жасақшылар да Исаның қасына келіп, Оған сірке суын ұсынып:
[37] «Егер Яһудилердің Патшасы болсаңыз, Өзіңізді құтқара көріңіз!» — деп Оны табалады.
[38] Исаның басынан жоғары айқыш ағашқа «Бұл — Яһудилердің Патшасы» деп (грек, латын және еврей тілдерінде) жазылған тақтайша бекітілген болатын.
[39] Айқышқа ілінген екі қылмыскердің біреуі Исаға тіл тигізіп: — Мәсіх болсаң, кәне, Өзіңді де, бізді де құтқар! — деп мысқылдады.
[40] Екіншісі, керісінше, оны тоқтатып: — Құдайдан қорықпайсың ба? Өзің де осыған кесілдің ғой.
[41] Біздің үкіміміз әділ, істерімізге лайық жаза тартып тұрмыз. Ал Бұл еш жамандық істеген жоқ, — деді.
[42] Содан кейін: — Иса, Патшалығыңызға кіргенде мені есіңізге ала көріңіз, — деп өтінді.
[43] Иса оған: — Саған шындығын айтамын: бүгін-ақ Менімен бірге жұмақта боласың! — деді.
[44] Бұл уақыт тал түстің шамасы еді. Сол кезде күннің жарығы сөніп, бүкіл жерді қараңғылық басты, ол үш сағатқа созылды. Киелі үйдегі шымылдық ортасынан қақ айырылып, екіге бөлінді.
[46] Иса қатты дауыспен айқайлап: «Әке, Сенің қолыңа рухымды тапсырамын!» — деді. Мұны айтқаннан кейін жан тәсілім етті.
[47] Осы оқиғаларды көріп тұрған жүзбасы: «Бұл шынымен әділ Адам болған!» — деп, Құдайды дәріптеді.
[48] Қызық көруге жиналған бүкіл халық болған жайттарды көрген соң, (опық жеп қайғырып) қолдарымен көкіректерін соққылап қалаға қайтты.
[49] Исаның барлық таныстары және Ғалилеядан еріп келген әйелдер алысырақ жерден осылардың бәріне қарап тұрды.
[50] Жоғарғы кеңестің Жүсіп есімді мүшесі бар еді. Яһудея аймағындағы Ариматея қаласынан шыққан осы ізгі де әділ жан
[51] Құдайдың Патшалығының жер бетінде орнауын аңсап күтіп жүрген болатын. Жүсіп Жоғарғы кеңестің қарары мен ісіне келіспеген де еді.
[52] Осы кісі Пилатқа барып, Исаның мәйітін қабірге қоюға рұқсат сұрап алды.
[53] Содан ол денені айқыштан түсіріп алып, бәтес кебінге орады. Оны жартастан үңгіп жасалған, әлі ешкім қойылмаған бір қабірге апарып қойды.
[54] Бұл жұма күнгі кеш, яғни діни демалыс күнінің басталар кезі, еді.
[55] Исаға еріп Ғалилеядан келген әйелдер Жүсіпке ілесіп келіп, қабірге де, оның ішіне сүйектің қалай қойылғанына да қарап тұрды.
[56] Содан соң әйелдер қалаға қайтып барып, жұпар заттар мен иісмайлар дайындап қойды. Діни демалыс — сенбі күні олар Таурат заңының талабына сай тыныштық сақтап, демалды.