[1] Әуел баста Сөз болатын, Сөз Құдайда болатын, Сөз Құдай еді.
[2] Сөз әуелден-ақ Құдайда болатын.
[3] Құдай бәрін Сөз арқылы жаратқан, жаратылған ештеңе де Онсыз пайда болмаған.
[4] Сөз өмірдің бастауы болған. Сол өмір адамзат үшін Нұр еді.
[5] Нұр түнекте жарқырайды, ал түнек Нұрды жеңе алған емес.
[6] Құдай жіберген Жақия есімді адам болды.
[7] Жақия Нұрдың куәсі болып, барлық адамдарды өзінің куәлігі арқылы Нұрға сендіру үшін келді.
[8] Жақияның өзі Нұр емес еді, ол Нұр туралы хабарлау үшін келген болатын.
[9] Әр адамға сәулесін түсіретін шынайы Нұр бұл дүниеге келе жатты.
[10] Ол бұл дүниеде бар еді, бірақ әлемді жаратқан Сол болса да, адамдар Оны таныған жоқ.
[11] Өзі таңдап алған халқына келгенімен, олар Оны қабылдамады.
[12] Бірақ Оны қабылдап, Оған сенім артқандардың бәрін Ол Құдайдың рухани балалары болуға құқықты етті.
[13] Бұлар табиғи жолмен, пенденің қалауы бойынша бұл дүниеге келгендіктен емес, Құдай оларға шынайы өмір бергендіктен ғана Оның рухани балалары болды.
[14] Сөз адамға айналып, арамызда өмір сүрді. Сонда біз Әкенің жалғыз рухани Ұлының асқан ұлылығын көрдік: Ол рақымдылық пен шындыққа толы еді.
[15] Жақия пайғамбар Ол туралы дауыстап куәлік етіп: — Менен кейін Келе Жатқанның жолы менен үлкен, өйткені Ол мен тумастан бұрын бар болатын деген Кісім Осы, — деді.
[16] Оның шексіз рақымынан бәріміз молынан жарылқанып келеміз.
[17] Құдай ата-бабаларымызға Таурат заңын Мұса пайғамбар арқылы берді, ал рақым мен шындық бізге Иса Мәсіх арқылы жетті.
[18] Құдайды ешкім ешқашан көзімен көрген емес. Әкесімен тығыз байланыстағы жалғыз рухани Ұлы бізге Оны жақыннан танытты.
[19] Жақия былай деп куәлік берген еді: яһудилердің басшылары діни қызметкерлер мен леуілік көмекшілерді Иерусалим қаласынан Жақияға жіберіп, «Сен кімсің?» — деп сұратты. Сонда ол жауап беруден бас тартпай:
[20] — Мен (Құдай жіберемін деп уәде берген Құтқарушы) Мәсіх емеспін, — деп ашық айтты.
[21] Олар: — Онда сен кімсің? (Мәсіхтен бұрын қайтып келуге тиісті) Ілияс пайғамбарсың ба? — деп сұрады. Жақия: — Жоқ, ол емеспін, — деді. — Мүмкін, сен (Мұса Құдай жібереді деген) пайғамбар шығарсың? — Жақия: — Жоқ, — деп жауап қатты.
[22] Олар: — Бізді жібергендерге жауап беруіміз үшін кім екеніңді айтшы! Өзің туралы не дейсің? — деп сұрады.
[23] Жақия: — Ишая пайғамбар «Жар салған дауыс шығады айдалада: Жаратқан Иеге түзу қылып даңғыл жолды салыңдар!» деп алдын ала айтып кеткен болатын. Жар салған сол хабаршы менмін, — деп жауап қайырды.
[24] Сонда парызшылдар тобынан жіберілген кісілер де болды.
[25] Олар Жақияға сұрақ қойып: — Егер сен не Мәсіх, не Ілияс, не келуге тиісті пайғамбар болмасаң, неліктен адамдарды (Құдай жолына түсіріп) суға шомылдыру рәсімінен өткізесің? — деді.
[26] Жақия оларға: — Мен тек суға шомылдыру рәсімін ғана орындаймын. Ал араларыңда сендер танымайтын Біреу тұр.
[27] Ол менен кейін келе жатыр, бірақ мен Оның құлы болып кебісін әперуге де тұрмаймын, — деп жауап берді.
[28] Бұл оқиға Жақия шомылдыру рәсімін орындап жүрген Иордан өзенінің шығысындағы Бетанияда болды.
[29] Келесі күні Жақия өзіне қарай келе жатқан Исаны көріп: — Қараңдар, Мынау — Құдайдың құрбандыққа жіберген «Тоқтысы»! Ол адамзаттың күнәсін өз мойнына артып, сол үшін жанын қияды.
[30] «Менен кейін Біреу келе жатыр, Оның жолы менен үлкен, өйткені Ол мен тумастан бұрын бар болатын» дегенімде, Сол туралы айтқан едім.
[31] Бұрын мен де Оның шынымен кім екенін білмейтін едім. Бірақ Оны Исраил халқына таныстырып, адамдарды шомылдыру рәсімінен өткізу үшін осы жерге келдім, — деді.
[32] Содан кейін Жақия куәлік етіп: — Мен Киелі Рухтың көгершін бейнесінде көктен түсіп, Исаға қонғанын көрдім.
[33] Исаны бұрын шынымен танымайтын едім. Бірақ мені шомылдыру рәсімін орындауға жіберген Құдай маған: «Сен Киелі Рухтың Біреуге қонғанын көргенде, Киелі Рухқа Шомылдырушының Соның Өзі екенін білесің» деген болатын.
[34] Мен Киелі Рухтың Исаға қонғанын көріп, Оның Құдайдың рухани Ұлы екеніне куәгер болдым, — деді.
[35] Келесі күні Жақия мен оның екі шәкірті тағы сол жерде тұрды.
[36] Ол қастарынан өтіп бара жатқан Исаны көріп: «Қараңдар, Мынау — Құдайдың құрбандыққа жіберген Тоқтысы!» — деді.
[37] Екі шәкірті Жақияның айтқанын естіп, Исаның соңынан ере бастады.
[38] Иса бұрылып, олардың Өзіне ергенін көріп: — Сендер не іздеп жүрсіңдер? — деді. Олар Исадан: — Раббы! — арамей тіліндегі мағынасы «Ұстаз!» — Сіз қайда тұрып жатырсыз? — деп сұрады.
[39] Иса: — Келіңдер де көріңдер! — деді. Олар келіп, Исаның тұрған жерін көрді де, сол күні Онымен бірге болды. Уақыт түстен кейінгі сағат төрттің шамасы еді.
[40] Жақиядан Иса туралы естіп, Оған ерген екеудің бірі Шимон Петірдің інісі Әндір еді.
[41] Ол ең алдымен ағасы Шимонды тауып алып: — Біз Мәсіхтің Өзін таптық! — деді. Ал «Мәсіх» Құдай тағайындаған Құтқарушы Патша дегенді білдіреді.
[42] Содан кейін Әндір Шимонды Исаға ертіп келді. Иса Шимонға қарап: — Сен Жоханның ұлы Шимонсың. Бұдан былай Кефа деп аталасың, — деді. Кефа грекше — Петір, яғни «Тас».
[43] Келесі күні Иса Ғалилея аймағына бармақшы болды. Иса Філіпті тауып, оған: «Менің шәкіртім болып соңымнан ер», — деді.
[44] Філіп те Әндір мен Петір тұратын Бетсайда қаласынан еді.
[45] Філіп Натанайылды тауып алып, оған: — Біз Мұса Тауратта жазған, басқа пайғамбарлар да өз жазбаларында айтып кеткен Мәсіхті таптық! Ол — назареттік Жүсіптің ұлы Иса! — деді.
[46] Бірақ Натанайыл: — Сол Назареттен не жақсылық шығар дейсің? — деп жауап қатты. Філіп оған: — Келіп, өзің көр! — деді.
[47] Иса өзіне қарай келе жатқан Натанайылды көргенде: — Мынау — қулық-сұмдығы жоқ, нағыз исраилдік, — деді.
[48] Натанайыл: — Сіз мені қайдан білесіз? — деп сұрады. Иса: — Сені Філіп шақырмай тұрып, інжір ағашының астынан көріп едім, — деді.
[49] Натанайыл (өзін Исаның інжір ағашының қалың жапырағының астынан көре алғанына қайран қалды да): — Ұстаз, Сіз Құдайдың рухани Ұлысыз, Исраилдің Патшасысыз! Соған көзім жетті, — деп жауап берді.
[50] Иса оған: — Мен «сені інжір ағашының астынан көрдім» дегенді ғана айтқанда, Маған сендің. Әлі бұдан да зорды көресің! — деді.
[51] — Сендерге өте маңызды шындықты айтайын: бұдан былай көктің ашылғанын көресіңдер! Сонда Құдайдың періштелері көкке көтеріліп кетіп әрі Құдай тағайындаған Билеуші — Маған түсіп келіп тұратын болады.