[1] Киелі Рухқа кенелген Иса Иорданнан қайтқанда, Киелі Рух Оны айдалаға бастап алып барды.
[2] Сол жерде әзәзіл шайтан Оны қырық күн бойы сынады. Иса сол күндері нәр татпай, осы мерзім аяқталғанда әбден ашықты.
[3] Сонда әзәзіл шайтан Оған: — Егер Құдайдың рухани Ұлы болсаң, мына тас нанға айналсын деп бұйыра гөр, — деді.
[4] Иса оған былай деп жауап қатты: — «Адам тек нанмен ғана емес (Құдайдың әрбір сөзімен) өмір сүреді» деп (Тауратта) жазылған ғой!
[5] Бұдан кейін әзәзіл шайтан Оны ертіп алып биік бір жерге шығарып, әп-сәтте әлемнің барлық мемлекеттерін көрсетіп:
[6] — Осы мемлекеттердің бүкіл билігін, олардың сән-салтанатын Саған беремін. Бұл билік маған тапсырылған, оны көңілім қалағанға сыйлаймын.
[7] Сонымен маған ғибадат етсең бәрі де Сенікі болады, — деді.
[8] Иса оған былай деп жауап қатты: — (Кет қасымнан, шайтан!) «Құдай Иеңді терең қастерлеп, жалғыз Оған ғана қызмет ет!» деп (Тауратта) жазылған ғой!
[9] Мұнан соң әзәзіл шайтан Оны Иерусалим қаласына апарып, ғибадатхананың төбесіне шығарып, былай деді: — Егер Құдайдың рухани Ұлы болсаң, мына жерден төмен қарай секіре гөр!
[10] Өйткені «Періштелеріне Ол Сен жайлы бұйрық береді: олар Сені қорғап күзетеді.
[11] Сен аяғыңды тасқа соғып алмауың үшін қолдарына көтеріп Сені алып жүреді» деп (Забурда) жазылған ғой. —
[12] Иса оған жауап қайтарып: — «Құдай Иеңді еркінсіп сынама!» деп (Тауратта) айтылған ғой! — деді.
[13] Әзәзіл шайтан барлық сынақтарын бітірген соң уақытша Оның қасынан кетіп қалды.
[14] Киелі Рухтың құдіретіне кенелген Иса Ғалилея аймағына қайтып келді. Ол туралы хабар бүкіл төңірекке тарап кетті.
[15] Иса халыққа мәжілісханаларында тәлім беріп, бәрі Оны мадақтады.
[16] Өзі өскен Назарет қаласына келген соң, Иса әдетіне сай демалыс күні мәжілісханаға барды. Ол Киелі жазбалардан оқып беру үшін орнынан тұрғанда,
[17] Оған Ишая пайғамбардың жазбасы берілді. Иса сол шиыршық кітапты ашып, мына жерін тауып, оқып берді:
[18] «Маған Жаратқан Ие Өзінің Рухын қондырды. Ол мені жарлыларға ізгі хабар жеткізуге тағайындады, сондай-ақ тұтқындарға босатылып, соқырларға көре алатындарын жар салуға жіберді. Жаратқан Ие мені езілгендерді қанаудан азат етуге
[19] және Өзінің кешірім беретін мейірімділік жылын жариялауға да жұмсады».
[20] Иса жазбаны жауып, қызметшіге қайтарып берді де, орнына отырды. Мәжілісханадағы бүкіл жамағат Оған көз тікті. Иса:
[21] «Сіздер естіген осы сөздер бүгін орындалды», — деп оларға уағыз айта бастады.
[22] Бәрі Оған ризалық білдіріп, аузынан шыққан ұнамды сөздеріне таңғалды. Бұдан кейін олар: — Мынау Жүсіптің Баласы емес пе? — деп өзара сұрасты.
[23] Иса оларға былай деп жауап берді: — Әрине Маған «Дәрігер болсаң, өзіңді емде» деген мәтелді келтіріп, «Қапарнаумда жасаған керемет істерің туралы естідік. Мына өскен жеріңде де сондайларды істе!» дерсіздер.
[24] Сіздерге шындығын айтамын: өз елінде пайғамбардың қадірі болмас.
[25] Естеріңізде болсын: Ілияс пайғамбардың тұсында үш жыл алты ай бойы ешқандай жауын жаумай, барлық жерде қатты ашаршылық болған кезде Исраил елінде жесір әйелдер көп еді.
[26] Бірақ Құдай Ілияс пайғамбарды солардың ешқайсысына емес, тек шетелдік Сидон елінің Сарепта қаласындағы бір жесір әйелге жіберді.
[27] Сондай-ақ Еліше пайғамбардың тұсында алапеспен ауырған кісілер Исраилде көп еді. Бірақ сириялық Нағыманнан басқа ешкім ауруынан жазылған жоқ.
[28] Мұны естігенде мәжілісханадағы адамдардың бәрі қатты ашуланды.
[29] Олар орындарынан тұрып, Оны қаладан қуып шығып, қала тұрған таудың тік жарынан құлатпақ болып төбесіне алып барды.
[30] Бірақ Иса араларынан өтіп шығып, кетіп қалды.
[31] Содан Иса Ғалилеядағы Қапарнаум қаласына ылдилап барды. Сол жерде демалыс күні халыққа тәлім берді.
[32] Иса Құдайдан келген ерекше билікпен сөйлегендіктен, жұрт Оның тәліміне қатты қайран қалды.
[33] Мәжілісханада жын соққан бір кісі де болды. Ол қатты дауыстап:
[34] — Тоқта, назареттік Иса, бізде нең бар? Құртуға келдің ғой бізді. Кім екеніңді білемін: Сен Құдайдың Киелісісің, — деп айқайлады.
[35] Бірақ Иса жынға: — Үніңді өшір, шық одан! — деп қатаң бұйырды. Сонда жын сол кісіні мәжілісхананың ортасына құлатып тастады, алайда оған еш зиян келтірместен денесінен шығып кетті!
[36] Барлық жұрт үрейлері ұшып: «Бұл не деген сөз? Ол жындарға билікпен және құдіретпен бұйрық беріп, олар шығып кетеді ғой!» — деп таңғалысты.
[37] Бұдан кейін Иса туралы хабар төңіректегі барлық жерге жайылды.
[38] Иса мәжілісханадан шыққан соң Шимонның үйіне барды. Оның қайын енесі безгекпен қатты ауырып, төсек тартып жатқан еді. Үйдегілер Исадан сол кісіге көңіл бөлуін өтінді.
[39] Иса әйелдің қасына барып, қызуға тыйым салды. Сонда қызуы басылып, әйел дереу орнынан тұрып, оларды күтіп қызмет ете бастады.
[40] Күн бата бүкіл жұрт әр түрлі науқастармен ауырған адамдарын Исаға алып келді. Ол солардың әрқайсысының үстіне қолын қойып, сауықтырып жіберді.
[41] Көп адамның бойындағы жындар шығып: «Сен Құдайдың рухани Ұлысың», — деп айқайлады. Өзінің Мәсіх екендігін білгендіктеріне бола, Иса жындарға тыйым салып, сөйлетпей тастады.
[42] Таң атқанда Иса үйден шығып, оңаша бір жерге барды. Халық Оны іздеп, қасына келіп: — Бізді тастап кетпеңіз, — деп, Оны тоқтатпақшы болды.
[43] Бірақ Иса оларға: — Құдайдың Патшалығы туралы Ізгі хабарды басқа қалаларға да жариялауға тиістімін. Себебі Мен сол үшін осында жіберілдім, — деді.
[44] Бұдан кейін Иса Ғалилея аймағындағы яһудилердің мәжілісханаларында уағыз айтып жүрді.