Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 9:54

[1] Иса Өзін тыңдап тұрған халыққа барлық сөзін айтып бітіргеннен кейін Қапарнаум қаласына кірді.

[2] Сол кезде бір римдік жүзбасының ерекше бағалайтын қызметшісі ауырып, хал үстінде жатқан еді.

[3] Жүзбасы Иса туралы хабар алған болатын. Сол себепті ол Исаға яһудилердің бірнеше ақсақалдарын жіберіп, Одан қызметшісін сауықтырып құтқаруын сұрады.

[4] Олар Исаның қасына келгенде жалына өтініп: «Жүзбасы — Сіздің жәрдем беруіңізге лайықты кісі.

[5] Ол халқымызды жақсы көреді, өзі бізге тіпті мәжілісхана салып берді», — деді.

[6] Иса ақсақалдармен бірге жүрді. Ол сол үйге жақындап қалғанда, шетелдік жүзбасы Исаға достарын жіберіп, мынаны айтқызды: — Келіп әуре болмай-ақ қойыңыз, Мырза, мен Сіздің шаңырағымның астына келуіңізге лайық емеспін.

[7] Сондықтан да өзімнің Сізге келуімді жөн көрмедім. Тек бір сөз айтсаңыз болды, қызметшім сауығып кетеді.

[8] Мұны білемін, себебі мен де біреудің қол астындамын, өзіме бағынышты жасақшыларым да бар. Біреуіне: «Бар!» десем, барады, басқасына: «Кел!» десем, келеді, қызметшіме: «Мынаны істе!» дегенімде, ол соны орындайды.

[9] Мұны естіген Иса қайран қалып, соңынан еріп келе жатқан халыққа бұрылып: «Сендерге шын айтамын: Маған осындай сенім артқан кісі Исраил халқынан ешқашан кездескен емес!» — деді.

[10] Жіберілгендер жүзбасының үйіне қайтып келгенде, ауру қызметшісінің сауығып кеткенін көрді.

[11] Біраздан кейін Иса Наин атты қалаға барды. Оған шәкірттері және көп халық еріп жүрді.

[12] Иса қала қақпасына жақындаған кезде жұрт біреудің мәйітін қабірге қоюға алып шығып келе жатты. Бұл бір жесір әйелдің жалғыз ұлы екен. Жесірге қаладан көп халық ілесіп шығып келе жатты.

[13] Иеміз Иса әйелді көргенде оған жаны ашып: «Жыламаңыз!» — деп жұбатты.

[14] Содан Ол жақындап барып, табытқа қолын тигізді. Табыт көтергендер тоқтағанда, Иса: «Балам, саған айтамын, түрегел!» — деді.

[15] Сонда өлген жігіт түрегеліп отырып, сөйлей бастады! Иса оны шешесіне табыс етті.

[16] Жұрттың бәрін үрей биледі. Олар: «Арамыздан ұлы Пайғамбар шықты!» «Құдай өз халқына игілік істеуге келді!» — деп Құдайды мадақтады.

[17] Иса туралы осындай хабар бүкіл Яһудея аймағына және барлық төңірекке тарап кетті.

[18] Бұл туралы Жақия пайғамбар шәкірттерінен хабар алып тұрды.

[19] Жақия олардың екеуін шақырып алды да, Иеміз Исаға жіберіп, Одан: «Келетіні ежелден-ақ уәде етілген Құтқарушымыз шынымен Сізсіз бе? Әлде басқа біреуді күтуіміз керек пе?» — деп сұратты.

[20] Олар Исаға келіп: — Шомылдыру рәсімін жасаған Жақия бізді: «Келетіні ежелден-ақ уәде етілген Құтқарушымыз шынымен Сізсіз бе? Әлде басқа біреуді күтуіміз керек пе?» деп сұрауға жіберді, — деді.

[21] Сол сәтте Иса көптеген адамдарды ауру-сырқауларынан сауықтырып, қинаған жындарынан арылтып, көп соқырларға рақым көрсетіп көздерін ашып жатты.

[22] Сонда Иса жіберілген кісілерге: — Сендер көріп-естігендеріңді Жақияға барып, айтып беріңдер: соқырлар көріп, сал болғандар жүріп, алапестер құлантаза сауығып, саңыраулар естіп, өлгендер қайта тіріліп, жарлыларға Ізгі хабар жарияланып жатыр.

[23] Ал Маған деген сенімінен бас тартпаған әркім бақытты! — деді.

[24] Жақияның жіберген адамдары қайтып кеткеннен кейін, Иса жұртқа Жақия туралы былай деп айта бастады: — Сендер айдалаға нені көруге бардыңдар? Жел тербеткен бір қамысты ма? (Жақия ондай емес!)

[25] Тегі, нені көруге бардыңдар? Қымбат киім киген біреуді ме? Жоқ, қымбат киім киіп, молшылықта өмір сүріп жатқандар патша сарайларында тұрады ғой.

[26] Сонда нені көруге бардыңдар? Бір пайғамбарды ма? Иә, сендерге айтамын: Жақия тіпті пайғамбардан да артық!

[27] Киелі жазбада Құдайдың мынадай сөздері бар: Біліп ал, Мен алдыңнан хабаршымды жіберемін. Ол жүретін жолыңды дайындап қояды. Мұндағы хабаршы — Жақия.

[28] Сендерге шындығын айтайын: адам баласы атаулының ішінде Жақиядан жолы үлкен ешкім болған емес. Бірақ Құдайдың Патшалығындағы ең қарапайым деген адамдардың жолы онікінен үлкен.

[29] Мұны тыңдаған бүкіл халық, тіпті салықшылар да Құдайдың әділдігін мадақтады. Олар Жақия пайғамбар орындаған шомылдыру рәсімінен өткен болатын.

[30] Алайда парызшылдар және Таурат заңын үйретуші ғұламалар бұл рәсімнен өтпей, Құдайдың өздеріне арнаған мақсатын қабылдамады.

[31] Иеміз Иса тағы былай деді: — Ендеше қазіргі ұрпақтың адамдарын кімге ұқсатайын, олар кімге ұқсас?

[32] Олар тентек балаларға ұқсайды. Солар далада отырып, бір-біріне айқайласып: «Сендер үшін сыбызғы тартсақ та, би билемедіңдер, Сосын жоқтау айтсақ та, жылап еңіремедіңдер!» — деп шағымданады.

[33] Өйткені шомылдыру рәсімін жасаған Жақия пайғамбар келгенде, кәдімгі тамақтарды ішіп-жемеді. Сендер оны «жынды» дейсіңдер.

[34] Ал Мен, көктен келген Билеуші, кәдімгі тамақтарды ішіп-жеймін. Сонда сендер: «Мынау тамақ жеп, шарап ішуді жақсы көреді және салықшылармен, күнәкарлармен дос болып жүр!» деп жамандайсыңдар.

[35] Алайда даналықтың игілігі оны қабылдағандардың ізгі істерімен дәлелденеді, — деді.

[36] Бірде парызшылдар тобының бір мүшесі Исаны тамаққа шақырды. Иса парызшылдың үйіне келіп, дастарқан басына жайғасты.

[37] Қалада тұратын бір күнәкар әйел Исаның парызшылдың үйінде дастарқан басында отырғанын естіп қалды. Сонда ол иісмайға толған мөлдір тас құтысын алып, әлгі үйге келді.

[38] Әйел Исаның аяқ жағында тұрып, жылай берді. Көз жасын Оның аяғына төгіп, шашымен сүрте бастады. Сосын аяқтарын сүйіп, үстіне иісмайын құйды.

[39] Исаны қонаққа шақырған парызшыл адам мұны көргенде іштей: «Егер Бұл нағыз пайғамбар болса, Өзіне қолын тигізгеннің кім екенін және қандай әйел екенін білер еді. Ол күнәға батқан ғой», — деді.

[40] Иса оған: — Шимон, саған айтайын деген бір ауыз сөзім бар, — деп үн қатты. — Айта беріңіз, Ұстаз! — деді ол.

[41] Сонда Иса: — Қарыз беруші бір адамның екі кісіде ақшасы болыпты. Олардың біреуі бес жүз күміс теңгеге, ал екіншісі елуге борышты екен.

[42] Олардың қарызын қайтаратын еш нәрселері болмағандықтан, сол адам екеуінің де қарызын кешіпті. Айтшы, кәне, бұлардың қайсысы оны көбірек жақсы көреді? — деген сұрақ қойды.

[43] Шимон: — Көбірек қарызы кешірілгені деп ойлаймын, — деді. Иса: — Дұрыс айттың, — деп жауап қатты.

[44] Содан әйелге бұрылып, Шимонға тағы былай деді: — Мына әйелді байқадың ба? Мен үйіңе кіргенде, сен Маған аяғымды жуатын су берген жоқсың. Ал ол аяғыма көз жасын төгіп, шашымен сүртті.

[45] Сен Мені бетімнен сүймедің. Ал ол Мен келгеннен бері тоқтамастан аяғымды сүйіп отыр.

[46] Сен басыма май құйып құрмет көрсетпедің. Ал ол тіпті аяғыма иісмай құйды.

[47] Сондықтан саған айтамын: оның көптеген күнәларының бәрі де кешірілді, бұл оның зор сүйіспеншілігінен көрініп тұр. Ал кімге аз кешірілсе, сол азғана жақсы көреді. —

[48] Мұнан соң Иса әйелге: — Күнәларың кешірілді! — деді.

[49] Сонда Исамен бірге дастарқан басындағы кісілер іштерінен: «Күнәларды да кешіретін Бұл кім Өзі?» — деп ойлады.

[50] Бірақ Иса әйелге: — Сен сенімің арқылы құтқарылдың. Аман-есен қайта бер, — деді.

Лұқа — Chapters