Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 11:35

[1] Бұдан кейін Иса қалалар мен ауылдарды аралап, халыққа уағыз айтып Құдайдың Патшалығы туралы Ізгі хабарды жеткізді. Оған он екі елшісі

[2] және көптеген әйелдер еріп жүрді. Әйелдердің бірнешеуін Иса қинаған жындарынан арылтып, ауруларынан сауықтырған болатын. Олар — жеті жынынан арылған мағдалалық Мәриям,

[3] Иродтың сарай басқарушысы Қузаның әйелі Жоханна, Сузанна және көптеген басқалары. Олар қолдарындағы барымен Исаға және Оның шәкірттеріне қызмет көрсетті.

[4] Көптеген қалалардың тұрғындары Исаның қасына келіп, үлкен топ жиналған еді. Иса оларға мына астарлы әңгімені айтып берді:

[5] — Бір диқан тұқым себуге шығыпты. Ол сеуіп жүргенде, дәндердің кейбіреулері жол бойына түсіп, тапталып қалады. Құстар ұшып келіп, шоқып, жеп қояды.

[6] Біраз тұқым тастақ жерге түседі. Алайда көктеп шыққаннан кейін ылғал жетіспегендіктен олар қурап қалады.

[7] Кейбір дәндер тікен арасына түседі. Бірге өскен тікендер оларды тұншықтырып, өсірмей тастайды.

[8] Ал кейбіреулері құнарлы топыраққа түседі. Бұлар көктеп шығып, өсіп, жүз еседен өнім береді. — Мұны айтқаннан кейін Иса дауыстап: — Құлағы барлар жақсылап тыңдап алсын! — деп ескертті.

[9] Сонда шәкірттері Исадан: — Бұл астарлы әңгіменің мағынасы қандай? — деп сұрады.

[10] Иса оларға жауап беріп былай деді: — Құдай өз Патшалығы туралы сырларды білуді сендерге бұйырған. Бірақ басқаларға олар астарлы әңгімелер арқылы айтылады. Осылайша олар көріп тұрса да, шынымен көрмесін, естіп тұрса да, бәрібір түсінбесін.

[11] Ал әңгіменің мағынасы мынадай: тұқым Құдайдың Ізгі хабарын білдіреді.

[12] Жол бойына түскендері Ізгі хабарды былай тыңдайтын адамдарды бейнелейді: оларға әзәзіл шайтан келіп, сенбесін, құтқарылмасын деп, жүректеріне себілген бұл сөздерді ұрлап алып кетеді.

[13] Тастақ жерге түскендері мынаны көрсетеді: адамдар Ізгі хабарды естіген бойда оны қуанышпен қабылдайды, бірақ тамыр жаймағандықтан уақытша ғана сенеді. Олар сынақтан өтіп жүрген кезде сенімдерінен безіп кетеді.

[14] Тікен арасына түскен дәндер болса, мынаны білдіреді: адамдар Ізгі хабарды естиді. Алайда былай шыға бере, тұрмыс қамын ойлап абыржиды, байлық пен ләззаттың қызығына алданады. Осылайша Ізгі хабар ескерусіз қалып тұншығып, өнімі пісіп үлгермейді.

[15] Ал құнарлы топыраққа себілген тұқымдар мынаны бейнелейді: бірсыпыра адамдар Құдайдың хабарын тыңдап, ізгі де таза жүректерінде сақтап, шыдамдылықпен өнім береді.

[16] Ешкім шам жаққан соң оны ыдыспен бүркемейді, не төсек астына да қоймайды. Қайта, оны шам қойғышқа қояды, сонда ол үйге кіргендерге жарығын түсіреді.

[17] Сол сияқты, мәлім болмайтын ешбір сыр да жоқ, жарыққа шығып, жария болмайтын ешбір құпия да жоқ.

[18] Сондықтан қалай тыңдайтындарыңа назар аударыңдар! Өйткені кімде біраз түсінік бар болса, соған тағы көбірек беріледі, ал кімде жоқ болса, оның өзімде бар дегені де одан алынып қойылады, — деп қорытты Иса.

[19] Исаның шешесі мен туған бауырлары келіп, халықтың көптігінен Оған жақындай алмады.

[20] Біреу Исаға: — Сыртта шешеңіз бен бауырларыңыз келіп, Сізбен жолығамыз деп тұр — деді.

[21] Алайда Иса: — Құдайдың сөзін тыңдап, орындайтындар Маған шеше мен бауырлар іспетті жақын! — деп жауап қайырды.

[22] Бір күні Иса шәкірттерін ертіп қайыққа мініп: «Көлдің арғы бетіне өтейік», — деді. Осылай олар жағадан аттанды.

[23] Олар көлден өтіп бара жатқанда, Иса ұйықтап қалды. Сол кезде тау жақтан қатты дауыл көтеріліп, көлге соқты. Қайық толқынның астында қалып, суға тола бастады. Оларға зор қауіп төнді.

[24] Шәкірттері Исаға жақындап, Оны оятып: — Ұстаз! Ұстаз! Құритын болдық! — деп айқайлады. Иса орнынан тұрып, жел мен толқындардың долдануына тыйым салды. Олар басылып, тыныштық орнады.

[25] Иса шәкірттеріне: — Сенімдерің қайда? — деді. Олар үрейленіп, аң-таң болып, біріне-бірі: «Тіпті жел мен суға да бұйрық беретін Бұл кім Өзі? Олар Оған бағынады ғой!» — десті.

[26] Осылай Иса мен шәкірттері көлден өтіп, Ғалилея аймағының қарсы бетіндегі Ғадара өңіріне жетті.

[27] Жағаға шығысымен-ақ Исаға сол қалалық бір кісі кездесе кетті. Жын соққан осы адам көп уақыттан бері киім-кешек кимей, үйде емес, қабірге арналған үңгірлерде тұрып жүрген болатын.

[28] Ол Исаны көрген бойда айқай сала аяғына жығылды да, қатты дауыстап: — Құдай Тағаланың рухани Ұлы Иса, менде нең бар? Саған жалынамын: азаптай көрмеші мені! — деп жалынды.

[29] Себебі Иса жынға: «Шық бұл кісіден!» — деп бұйырған болатын. Жын сол адамды көптен бері қинап келген еді. Жұрт оны шынжырлармен, кісендермен бұғаулап тастаса да, ол бұғауларын үзіп, жын айдап елсіз далаға кететін еді.

[30] Иса одан: — Атың кім? — деп сұрағанда, ол: — «Үлкен топ», — деді. Себебі сол адамға көптеген жындар кіріп алған болатын.

[31] Олар Исадан: «Бізге тұңғиық шыңырауға түсуге бұйыра көрме», — деп өтінді.

[32] Осы жердегі қырат беткейінде үлкен бір топ шошқа жайылып жүрген болатын. Жындар соларға енуге рұқсат сұрады. Иса жол берген соң,

[33] жындар кісіден шығып, әлгі хайуандарға енді. Сонда олар тік жардан көлге қарғып, суға батып, қырылып қалды.

[34] Мұны көріп тұрған бақташылары қашып кетіп, болған оқиғаны қала мен ауылдарда айтып берді.

[35] Халық соны көру үшін жолға шығып, Исаға келді. Олар жындары шыққан кісінің ақыл-есі кіріп, киініп, Исаның аяқ жағында отырғанын көргенде қорқып кетті.

[36] Болған оқиғаны өз көздерімен көрген куәгерлер оларға бұрын жын қинаған кісінің қалай азат етілгені туралы әңгімелеп берді.

[37] Сонда Ғадара төңірегінің бүкіл халқы зәрелері ұшып, Исадан: «Біздің жерімізден кетіңіз», — деп өтінді. Ол қайыққа мініп, қайтып кетті.

[38] Жындарынан арылған кісі Исадан: — Сізбен бірге болайыншы, — деп сұраған еді. Бірақ Иса:

[39] — Сен үйіңе қайтып, ондағыларға Құдайдың өзіңе не істегенін айтып бер! — деп, оны үйіне жіберді. Әлгі адам барып, Исаның өзіне не істегенін бүкіл қалаға жариялады.

[40] Иса көлдің батыс жағына қайта оралғанда, халық Оны қарсы алды. Өйткені бәрі Оны күтіп тұрған еді.

[41] Кенеттен Жайыр есімді бір ер адам сол жерге келіп, Исаның аяғына жығылды да, үйіне кіруін өтінді. Жайыр мәжілісхананың жетекшісі еді.

[42] Ол кісінің он екі жас шамасындағы жалғыз қызы бар еді, сол өлім аузында жатқан болатын. Иса Жайырдың үйіне бара жатқанда, халық Оны жан-жақтан қаумалап қыспақтады.

[43] Халықтың арасында он екі жыл бойы қан кетіп ауырып келген бір әйел де бар еді. Ол бар мал-мүлкін дәрігерлерге жұмсағанмен, біреуі де оны емдеп жаза алмады.

[44] Әйел Исаның арт жағынан жақындап келіп, Оның шапанының шетіне қолын тигізді. Сол сәтте-ақ қаны тоқтады.

[45] Иса: — Маған қолын тигізген кім? — деп сұрады. Ешкім де мойындамаған соң, Петір мен оның қасындағылар: — Ұстаз! Халық Сізді қаумалап қыспақтап тұр ғой. Ал Сіз: «Маған қолын тигізген кім?» дейсіз бе?! — деді.

[46] Бірақ Иса: — Біреу Маған қолын тигізді! Өйткені Менен біраз сауықтыру құдіретінің шыққанын сездім, — деп кесіп айтты.

[47] Әлгі әйел істеген ісін жасыра алмайтынын білген соң қорыққанынан қалтырап, Исаның қасына келіп, аяғына жығылды. Сосын өзінің қандай себеппен қолын тигізгенін және сол сәтте-ақ қалай сауығып кеткенін бүкіл халықтың алдында айтып берді.

[48] Иса оған: — Қарындас, сенімің арқылы құтқарылдың. Аман-есен қайта бер, — деді.

[49] Иса осыны айтып тұрғанда, мәжілісхана жетекшісінің үйінен біреу келіп, оған: — Қызыңыздан айырылып қалдық. Енді Ұстазды әурелемей-ақ қойыңыз, — деп хабарлады.

[50] Бірақ мұны естіген Иса Жайырға: — Қорықпа, тек сенімің болсын, сонда қызың аман қалады, — деді.

[51] Жайырдың үйіне жеткенде Иса Петір, Жохан, Жақып және қыздың әке-шешесінен басқа ешкімнің үйге кіруіне рұқсат бермеді.

[52] Жұрттың бәрі жылап, жоқтау айтып тұрған еді. Ал Иса: «Жыламаңдар, ол өлген жоқ, ұйықтап жатыр», — деді.

[53] Қыздың өлгенін білетін олар Исаның айтқанына күлді.

[54] Бірақ Ол (солардың бәрін сыртқа шығарды да) қыздың қолынан ұстап тұрып, дауыстап: «Қызым, тұра ғой!» — деді.

[55] Сонда қыздың жаны қайтып кіріп, ол дереу орнынан тұрды! Иса: «Оған тамақ беріңдер», — деп бұйырды.

[56] Қыздың әке-шешесі қатты қайран қалды. Ал Иса оларға бұл оқиға жайлы ешкімге тіс жармауды ескертті.

Лұқа — Chapters