[1] Сол кезде кейбіреулер Исаға келіп, римдік әмірші Пилаттың бірнеше ғалилеялықтарды ғибадатхананың алаңында өлтірткені туралы айтты. Солардың қаны өздерінің құрбандыққа шалған малдарының қанымен араласып кеткен болатын.
[2] Иса мұны айтқандарға былай деп жауап берді: — Сендер «Бұл ғалилеялықтар осындай азапқа ұшырағандықтан, олардың күнәлары барлық жерлестерінің күнәларынан ауыр болған екен» деп ойлайсыңдар ма?
[3] Жоқ, деймін сендерге, олай емес. Егер сендер теріс жолдарыңнан қайтып, Құдайдың жолына түспесеңдер, бәрің де осылай құрисыңдар!
[4] Әлде сендер «Силоғам мұнарасы үстеріне құлап өлген он сегіз кісінің күнәлары Иерусалимнің барлық басқа тұрғындарының күнәларынан ауыр болған екен» деп ойлайсыңдар ма?
[5] Жоқ, деймін сендерге, олай емес. Егер сендер теріс жолдарыңнан қайтып, Құдайдың жолына түспесеңдер, бәрің де осылай құрисыңдар!
[6] Иса мына астарлы әңгімені де айтып берді: «Бір кісінің жүзім бағында інжір ағашы да болыпты. Иесі барып, ағаштан жеміс іздейді, бірақ түк те таба алмайды.
[7] Содан ол жүзімшіге: — Көрдің бе, мына ағашқа үш жылдан бері келіп, бірде-бір жемісін таба алмадым. Оны кесіп таста! Ол босқа орын алып тұр, — дейді.
[8] Жүзімші бақтың иесіне: — Мырза, оны биылша қалдырыңызшы. Мен оның айналасын қопсытып, қи төгейін;
[9] мүмкін жеміс беріп қалар. Егер бермесе, келесі жылы кестіріп тастарсыз, — дейді».
[10] Бір демалыс күні Иса мәжілісханалардың бірінде жұртқа тәлім беріп жатты.
[11] Сол жерде бүкірейіп қалған бір ауру әйел де бар еді. Ол жын соққандықтан он сегіз жылдан бері денесін тік ұстай алмайтын.
[12] Иса әйелді көріп, қасына шақырды да: — Замандас, енді ауруыңыздан құтыласыз, — деп,
[13] үстіне қолын қойды. Әйел сол сәтте-ақ бойын жазып түрегеліп, Құдайға мақтау айта бастады.
[14] Бірақ мәжілісхананың жетекшісі Исаның ауруды діни демалыс күні болса да сауықтырғанына ашуланып, жұртқа: — Жұмыс істейтін алты күн бар. Емделуге демалыс күні емес, басқа күндері келіңдер! — деп бұйырды.
[15] Ал Иеміз оған: — Ей, екі жүзді! Демалыс күні болса да, әрқайсың өгізің мен есегіңнің байлауын шешіп босатып, суаруға апарасыңдар ғой?!
[16] Ал енді, Ыбырайым атаның мына ұрпағын шайтан он сегіз жылдан бері байлап-матап келді. Оны сол бұғаудан демалыс күніне бола босатпау қажет пе еді? — деп жауап берді.
[17] Иса осыны айтқанда, Оған қарсылық көрсеткендердің бәрі ұялып қалды. Ал басқа жұрт түгелдей Оның істеген кереметтеріне қуанды.
[18] Содан кейін Иса былай деді: — Құдайдың Патшалығы қандай нәрсеге ұқсас, оны немен салыстырайын?
[19] Ол бір адамның бақшасына еккен қыша дәніне ұқсас: сол титтей тұқым өскенде биік болып шығып, бұтаға айналады. Оның бұтақтарына құстар ұшып келіп, паналайды.
[20] Иса мынаны да айтты: — Құдайдың Патшалығын тағы немен салыстырайын?
[21] Ол ашытқыға да ұқсас: әйелдер үш астау ұнға аздаған ашытқы қосып, араластырғанда сол ашытқы бүкіл қамырды ашытып, көтереді.
[22] Мұнан кейін Иса Иерусалим қаласына қарай сапар шегіп бара жатып, жолындағы қалалар мен ауылдарды аралай жүріп, жұртқа тәлім берді.
[23] Біреу Оған: — Мырза! (Келешектегі қаһарлы жазадан) құтқарылатындар тым аз бола ма? — деген сұрақ қойды.
[24] Сонда Иса жұртқа қарап былай деді: — Тар есіктен кіруге барынша тырмысыңдар! Сендерге шын айтамын: көп адамдар кіруге ұмтылғанмен кіре алмайды.
[25] Үй Иесі орнынан тұрып, есікті бекітіп қоймақ. Артынша сендер сыртта тұрып, есікті қағып: «Тақсыр Ие, бізге есікті аша көріңіз!» — деп дауыстайтын боласыңдар. Бірақ Ол: «Сендерді (өз адамдарым ретінде) танымаймын, қайдан екендеріңді білмеймін», — деп жауап қайтаратын болады.
[26] Сонда сендер: «Біз көз алдыңызда ішіп-жедік, Сіз біздің жерімізде тәлім беріп тұрдыңыз ғой», — дей бастайсыңдар.
[27] Бірақ Ол: «Сендерге қайталап айтамын, кім және қайдан екендеріңді білмеймін. Әділетсіздік істеген бәрің де, Менен аулақ кетіңдер!» — дейтін болады.
[28] Сендер зар еңіреп жылап, қинала тістенетін боласыңдар. Себебі Ыбырайым, Ысқақ, Жақып пен барлық пайғамбарлардың да Құдайдың Патшалығында жүргенін, ал өздеріңнің сыртқа қуылғандарыңды көретін боласыңдар.
[29] Сонда шығыс пен батыстан, солтүстік пен оңтүстіктен жат жұрттық адамдар келіп, Құдайдың Патшалығындағы дастарқан басына жайғасатын болады!
[30] Осылай алдыңғы қатарға шығатын соңғылар бар, әрі соңғы болатын алдыңғы қатарлылар да бар.
[31] Сол сәтте бірнеше парызшыл адамдар Исаның қасына келіп: — Бұл арадан кете гөр, (аймақ әкімі) Ирод Сені өлтірмекші! — дегенде,
[32] Иса оларға былай жауап берді: — Барып, ол «түлкіге» мынаны айтыңдар: «Мен бүгін және ертең жындарды қуып шығып, ауруларды сауықтырамын, ал үшінші күні ісімді аяқтаймын».
[33] Әрине, Мен бүгін, ертең және бүрсігүні де өз жолыммен жүруге тиістімін. Өйткені бір пайғамбардың Иерусалимнен басқа жерде шейіт болуы жөнсіз.
[34] Ей, Иерусалим, пайғамбарлардың көзін құртып, Құдай өзіңе жіберген хабаршыларды тас лақтырып өлтіретін Иерусалим-ай! Балапандарын қанатының астына алған құс сияқты, Мен де сенің халқыңды қанша рет жинамақшы болдым. Бірақ сендер одан бас тарттыңдар!
[35] Сондықтан үйлерің қаңырап, бос қалдырылады. Сендерге шындығын айтайын: бұдан былай, «Жаратқанның атынан келе жатқан (Патша) жарылқанған!» деп шақырған уақыттарыңа дейін, Мені қайтып көрмейсіңдер.