Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 5:56

[1] Иса бір діни демалыс күні парызшылдар қауымының қайсыбір бастығының үйіне дәм татуға келгенде, бәрі Оны бақылап отырды.

[2] Кенеттен Оның алдына шемен ауруына ұшыраған біреу келді.

[3] Сонда Иса Таурат заңын үйретуші ғұламалар мен парызшылдарға мына сұрақты қойды: — Демалыс күні ауруды сауықтыруға бола ма?

[4] Олар үндемегенде Иса әлгі адамға қолын тигізіп, оны сауықтырды да, өз жөніне жіберді.

[5] Мұнан кейін жиналғандарға: — Егер біреуіңнің есегің немесе өгізің құдыққа түсіп кетсе, оны демалыс күні болса да, дереу шығарып алмас па едіңдер?! — деген сауал қойды.

[6] Олар бұған қарсы ештеңе айта алмады.

[7] Қонақтардың төрдегі құрметті орындарды таңдап алып жатқанын байқаған Иса соны мысалға алып, мынадай тәлім берді:

[8] — Біреу сені тойға шақырғанда, төрдегі құрметті орынға жантая кетпе! Шақырылғандардың ішінде жолы сенен де үлкен біреу болуы мүмкін.

[9] Онда екеуіңді шақырған үй иесі келіп, саған: «Мына кісіге орныңды бер», — дейді, ал сен ұялып, амалсыздан ең төменгі орынға барып отырасың.

[10] Сондықтан қонаққа барғанда ең төменгі орынға отыр. Сонда үй иесі қасыңа келіп: «Досым, жоғары шық», — демек. Осылай дастарқандас болғандардың алдында мәртебең өсіп қалады.

[11] Өйткені өзін-өзі жоғарылатқан әркім төмендетіледі, ал өзін төмен ұстаған жоғарылатылады.

[12] Содан кейін Иса Өзін шақырған үй иесіне қарап былай деді: — Түскі немесе кешкі қонақасы бергенде дос, бауыр, туысқандарыңды, я болмаса бай көршілеріңді шақырма. Себебі олай етсең, олар да сені қонаққа шақырып, есесін қайтармақ.

[13] Керісінше, той жасағанда дастарқаныңа жарлы-жақыбайларды, кемтар, ақсақ, соқырларды шақыр!

[14] Олар саған есесін қайтара алмайтындықтан бақытты боласың. Әділдер қайта тірілетін қиямет күні саған соның есесі қайтарылатын болады, — деді.

[15] Исамен бірге дастарқандас болғандардың бірі осыны естігенде Оған: «Құдайдың Патшалығындағы тойға қатысатындар бақытты!» — деді.

[16] Иса оған астарлап былай деді: «Біреу үлкен қонақасын дайындап, көп адам шақырады.

[17] Тамақ ішетін уақыт болғанда, шақырғандарына қызметшісін жіберіп былай дегізеді: — Келіңдер, барлығы дайын тұр!

[18] Бірақ бәрі бірдей кешірім сұрап, біреуі: — Егіндік жер сатып алдым, соны барып көруім керек. Өтінемін, маған кешірім ете гөр! — десе,

[19] келесі біреуі: — Бес пар өгіз сатып алып едім, соларды сынап жегіп көруге бара жатырмын. Өтінемін, мені кешір! — дейді.

[20] Ал тағы біреуі: — Мен жаңа ғана үйленген едім, сондықтан бара алмаймын, — дейді.

[21] Қызметшісі қайта оралып, мұны қожайынына айтып береді. Үй иесі қаһарланып, қызметшісіне: — Тез барып, қаланың үлкенді-кішілі көшелерін аралап, жарлы-жақыбайларды, кемтар, ақсақ, соқырларды алып кел! — деп бұйырады.

[22] Кейінірек қызметшісі: — Мырза, бұйрығыңызды орындадым, бірақ әлі де бос орын бар, — дейді.

[23] Ал қожайыны былай деп тапсырады: — Қаладан шығып, үлкен жолдарда әрі үйлердің айналасында жүргендерді шақырып, келуге көндір! Осылайша үйім толсын.

[24] Сендерге шындығын айтамын: алдымен шақырылғандардың ешқайсысы да қонақасымнан ауыз тимейді!» (Неге десеңдер, шақырылғандар көп, ал таңдап алынғандар аз.)

[25] Жолшыбай қарақұрым халық еріп келе жатқанда, Иса оларға бұрылып, былай деді:

[26] — Кім Маған келіп, Мені әке-шешесінен, әйелі мен балаларынан, бауырларынан және өз өмірінен артық көрмесе, сол Менің шәкіртім бола алмайды.

[27] Кім айқышын арқалаған кісідей өз мүддесінен бас тартып, тіпті азапты өлімге дайын болып Менің соңымнан еріп жүрмесе, сол Менің шәкіртім бола алмайды.

[28] Сендердің біреуің бір мұнара салғысы келеді дейік. Сонда ол құрылысты аяқтауға қаражатының жетер-жетпесін білу үшін алдымен отыра қалып, кететін шығынды есептеп алады.

[29] Ол солай етпесе, іргетасын қалағаннан кейін бастаған ісін аяқтай алмас еді. Мұны көргендердің бәрі:

[30] «Мынаның құрылысты бастағанымен аяқтауына шамасы жетпеді, ә?!» — деп оны мазақтар еді.

[31] Немесе бір патша басқа бір патшамен соғысатын болса, келе жатқан қарсыласының жиырма мың жасақшысына өзінің он мыңымен төтеп бере ала ма, жоқ па — алдымен отыра қалып, соны ақылға салмас па еді?

[32] Шамасы келмейтін болса, ана патша әлі де алыста келе жатқан кезде оған елшілерін жіберіп, бітім шартын сұрар еді.

[33] Сол сияқты, сендердің ешқайсың да бар нәрсеңнен бас тартпай Менің шәкіртім бола алмайсыңдар.

[34] (Тағамды бұзылудан сақтау үшін) тұз пайдалы. Ал егер тұз өз күшінен айырылған болса, онысын қалай қалпына келтіруге болады?

[35] Ол тіпті жер өңдеуге не қиға қосуға жарамсыз болып шыққандықтан, жұрт оны лақтырып тастайды. Құлағы барлар жақсылап тыңдап алсын!

Лұқа — Chapters