Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 5:07

[1] Салықшылар мен өзге де күнәкарлар Исаны тыңдау үшін көптеп қасына жиналатын.

[2] Бірақ парызшылдар мен дін мұғалімдері мұны көріп: — Мына кісі күнәкарларды қабылдап, солармен тіпті дастарқандас болады! — деп күңкілдесті.

[3] Сонда Иса оларға астарлап былай деді:

[4] — Егер араларыңдағы біреудің жүз қойы болып, солардың бірін жоғалтып алса, ол не істемек? Тоқсан тоғыз қойын далада қалдырып, жоғалып кеткенін тапқанша іздемей ме?

[5] Оны тауып алған соң, қуана-қуана иығына салып алады.

[6] Үйіне келгеннен кейін: «Жоғалған қойымды тауып алдым, қуанышыма ортақ болыңдар!» — деп достары мен көршілерін шақырады.

[7] Сендерге шын айтамын: сол сияқты, «Маған теріс жолдан қайтудың қажеті жоқ» дейтін тоқсан тоғыз «әділ» кісіден гөрі, теріс жолдан қайтқан бір күнәкарға көктегілер көбірек қуанады!

[8] Әлде он күміс теңгесі бар әйел біреуін жоғалтып алса, оны тапқанша шам жағып, үйді сыпырып, бар ынтасымен іздемей ме?

[9] Тауып алған соң: «Жоғалтқан күміс теңгемді тауып алдым! Менің қуанышыма ортақ болыңдар», — деп достары мен көрші-қолаңдарын шақырады.

[10] Сендерге шын айтамын: Құдайдың періштелері теріс жолдан қайтқан бір күнәкар үшін де дәл солай қуанады!

[11] Иса тағы мына әңгімені де айтып берді: «Біреудің екі ұлы болыпты.

[12] Кенжесі: — Әке, маған тиісті еншімді бөліп беріңізші! — дейді. Сонда әкесі ұлдарына мал-мүлкін бөліп береді.

[13] Көп уақыт өтпей кіші ұл бәрін жинап алып, алыс бір елге кетеді. Сол жерде ол азғындық жолға түсіп, еншісін шашып, ысырап қылады.

[14] Бәрін жұмсап бітірген кезде сол елде қатты ашаршылық болып, жігіт мұқтаждық көре бастайды.

[15] Елдің бір тұрғынына барып, жармасып жүріп, жалшысы болады. Сол оны даласына жіберіп, шошқаларын баққызып қояды.

[16] Жігіт шошқалар жейтін қабықтарды жеп тойсам деп аңсайтын, бірақ оған соны да бермепті.

[17] Сонда ол ақылға келіп, ішінен былай дейді: Әкемнің соншама жалшылары нанға тойып жүргенде, мен бұл жерде аштан өлетін болдым.

[18] Қой, жолға шығып, әкеме қайтып барайын: Әке, мен көктегі Құдай алдында да, сіздің алдыңызда да күнә жасап келдім.

[19] Енді ұлыңызбын деп аталуға лайық емеспін. Мені жалшыңыздай қабылдасаңыз екен, — дейін.

[20] Сонымен жігіт әкесіне баруға жолға шығады. Ол әлі де алыста келе жатқанда, әкесі баласын көріп, оған жүрегі елжіреп, алдынан жүгіріп шығады. Оны құшақтап бауырына басады да, бетінен сүйеді.

[21] Баласы оған: — Әке, мен Құдай алдында да, сіздің алдыңызда да күнә жасап келдім. Енді ұлыңызбын деп аталуға лайық емеспін, — дейді.

[22] Бірақ әкесі қызметшілеріне бұйырып: — Тезірек ең жақсы шапанды әкеліп, балама жабыңдар! Қолына мөрлі жүзік, аяғына кебіс кигізіңдер!

[23] Сосын бордақыланған өгізшені әкеліп, сойыңдар, ішіп-жеп, көңіл көтерейік!

[24] Өйткені менің мына ұлым өлген еді — тірілді, жоғалған еді — табылды! — дейді. Сөйтіп олар көңілді тойды бастап жібереді.

[25] Ал әкенің тұңғыш ұлы далада жүр екен. Қайтып келе жатып, үйіне жақындағанда ол қуана ән салып жатқан дауыстарды естиді.

[26] Қызметшілердің бірін шақырып алып: — Бұл не? — деп сұрайды.

[27] — Ініңіз қайтып келді! Әкеңіз оны аман-есен көргені үшін бордақыланған өгізшені сойып, той жасап жатыр, — деп жауап береді ол.

[28] Үлкен ұл ашуланып, үйге кіргісі келмейді. Әкесінің өзі шығып, оны шақырады.

[29] Сонда ол әкесіне былай деп жауап қатады: — Міне, мен сізге қанша жыл бойы қызмет етіп келе жатырмын, еш уақытта сізге қарсы шыққан емеспін. Бірақ сіз маған достарыммен бірге отырып көңіл көтеруім үшін, тым болмаса, лақ та берген емессіз!

[30] Алайда бұзылған әйелдермен бірге болып, мал-мүлкіңізді шашып-төккен мына балаңыз қайтып келгенде, сіз оған арнап бордақыланған өгізшемізді сойып, той жасап жатырсыз!

[31] — Ұлым, сен әрдайым менімен біргесің. Барлық меншігім сенікі ғой.

[32] Ал мына інің болса, өлген еді — тірілді, жоғалған еді — табылды. Сондықтан қуанып, көңіл көтеруіміз керек қой! — дейді әкесі».

Лұқа — Chapters