[1] Иса Иерихонға кіргеннен кейін қаланың ішімен өтіп бара жатты.
[2] Сол жерде Зақай есімді кісі бар еді. Ол салық жинаушылардың бастығы әрі бай адам болатын.
[3] Зақай Исаның қандай екенін көргісі-ақ келіп еді. Бірақ қаумалаған халық көрсетпеді, себебі ол аласа бойлы болатын.
[4] Зақай Исаны көру үшін алға жүгіріп барып, бір тұт ағашына шығып алды. Өйткені Иса сол жолмен өтуге тиіс еді.
[5] Сол жерге келгенде Иса ағашта отырған Зақайға қарап: — Зақай, тез төмен түс! Бүгін Мен сенің үйіңде болуым керек, — деді.
[6] Ол тез төмен түсіп, Исаны қуана қарсы алды.
[7] Мұны көріп тұрған жұрттың бәрі: «Мынау күнәкардың үйіне қонаққа барды!» — деп күңкілдесе бастады.
[8] Ал Зақай орнынан тұрып, Иемізге: — Мырза, мал-мүлкімнің жартысын кәріп-қасерлерге үлестіріп бермекпін. Егер біреуді алдап, ақысын жеген болсам, оны төрт есе артығымен қайтаратын боламын, — деді.
[9] Сонда Иса: — Бүгін осы үй іші құтқарылды! Бұл адам шын мәнінде Ыбырайым атаның ұрпағынан.
[10] Өйткені Мен тура жолдан адасып кеткендерді іздеп, құтқаруға келдім, — деп жауап берді.
[11] Халық тыңдап отырғанда Иса бір астарлы әңгімені қоса айтып берді. Себебі Өзі Иерусалимге жақындап қалғандықтан, олар: «Жуырда Құдай өз Патшалығын жерде орнатады» деп ойлады.
[12] Сондықтан Иса былай деді: «Бір ақсүйек өз елінің патшалығына тағайындалуы үшін алыс жерге барып, келмекші болыпты. Ол сапарға шықпастан бұрын
[13] қол астындағы қызметшілерінің онын шақырып алады. Әрқайсысына бір-бір қадақ күміс үлестіріп беріп: — Мен қайтып келгенше осы қаржымен жұмыс істеңдер! — деп тапсырады.
[14] Ал өз елінің азаматтары сол ақсүйекті жек көреді екен. Сондықтан артынан өкілдерін жіберіп: «Оның бізге патша болуын қаламаймыз», — деген арыздарын жөнелтеді.
[15] Бірақ әлгі кісі патшалыққа тағайындалады да, еліне қайта оралады. Содан ол күміс берген қызметшілерінің қайсысы қанша табыс тапқанын білу үшін оларды өзіне шақыртады.
[16] Сонда біріншісі келіп: — Тақсыр, сіздің бір қадақ күмісіңіз он қадақ табыс келтірді, — деп есеп береді.
[17] Патша оны мақтап: — Жарайсың, жақсы қызметшім! Кішкене істе сенімді болдың, енді он қаланың үстінен билеуші бол, — дейді.
[18] Екіншісі келіп: — Сіздің бір қадақ күмісіңіз бес қадақ табыс келтірді, — деп есеп бергенде,
[19] патша: — Ендеше сен бес қаланың билеушісі бол, — деп бұйырады.
[20] Ал үшіншісі келіп, былай дейді: — Тақсыр, мінеки, сіздің қадағыңыз. Оны орамалға түйіп сақтап қойдым.
[21] Сізден қорықтым, өйткені қатал адамсыз: өзіңіз салмаған қаржыны иемденіп, екпеген өнімді орасыз. —
[22] Патша оған: — Әй, зұлым қызметші! Сені өз аузыңнан шыққан сөздеріңмен үкімдеймін! Менің салмаған қаржыны иемденіп, екпеген өнімді оратын қатал адам екенімді білдің ғой?
[23] Олай болса, неге күмісімді айналымға жібермедің? Сонда мен қайтып келгенде оны өсімімен қайтарып алатын едім, — деп жауап береді.
[24] Патша қасындағы нөкерлеріне: — Мынадан қадағын алып, он қадақ табыс түсіргенге тапсырыңдар! — деп бұйырады.
[25] Олар: — Тақсыр, соның өзінің де он қадағы бар ғой! — дейді. Патша:
[26] — Сендерге айтамын: кімде біраз бар болса, соған тағы беріледі. Ал кімде жоқ болса, оның өзімде бар дегені де одан алынып қойылады.
[27] Ал мені өздеріне патша қылуды қаламаған жауларым болса, оларды осында алып келіп, көз алдымда құртыңдар! — дейді».
[28] Иса осыны айтып болған соң, шәкірттерін ертіп Иерусалим қаласына бет алып өрлеп жүріп кетті.
[29] Зәйтүн тауының беткейіндегі Бетфаге мен Бетания ауылдарына жақындағанда, Иса шәкірттерінің екеуін жұмсап,
[30] оларға мынадай тапсырма берді: — Қарсы алдарыңдағы ауылға барыңдар. Оған кірген бойда байлаулы тұрған, әлі ешкім мінбеген бір тайқар есекті көресіңдер. Соны шешіп, алып келіңдер!
[31] Егер біреу сендерден: «Бұны неге шешесіңдер?» деп сұрай қалса, оған: «Ол Мырзамызға керек» деп жауап беріңдер!
[32] Жұмсаған екі шәкірті барып, Исаның айтқанын тауып алды.
[33] Олар жас есектің шылбырын шешіп жатқанда, оның қожайындары: — Тайқарды неге шешесіңдер? — деді.
[34] Шәкірттер: — Ол Мырзамызға керек, — деп жауап берді.
[35] Олар жас есекті алып келіп, үстіне шапандарын жапқаннан кейін оған Исаны мінгізді.
[36] Иса ілгерілеген сайын кісілер жамылғыларын жолға жайып отырды.
[37] Осылай Иса жолдың Зәйтүн тауынан төмен түсетін жеріне жақындап қалды. Сонда күллі шәкірттері өздері көрген барлық құдіретті істері үшін зор қуанышпен қатты дауыстап Құдайды мадақтай бастады:
[38] «Жаратқан Иенің атынан келе жатқан Патша жарылқанған!» «Көкте амандық пен тыныштық, заңғар аспанда Құдай мадақталсын!»
[39] Халық арасынан кейбір парызшылдар Исаға: — Ұстаз, шәкірттеріңізге тыйым салыңыз! — деп наразылық білдірді.
[40] Ал Иса: — Сендерге шын айтамын: егер олар үндемесе, онда тастар айқай салар еді, — деп жауап қайырды.
[41] Иса Иерусалим қаласына жақындап қалған кезде оған қарап көзіне жас алып былай деді:
[42] — Ең болмағанда сен бүгін өзіңді ненің құтқара алатынын білсең ғой шіркін! Бірақ қазір мұны ұға алмайсың.
[43] Жауларың саған қарсы бекіністер құрып, қоршап, жан-жақтан қыспақтайтын күндер басыңа туады.
[44] Олар сені қиратып, тұрғындарыңды өлтіреді де, күл-талқаныңды шығарып, жермен-жексен етеді. Себебі Құдайдың өзіңді құтқаруға келген кезін түсінбедің.
[45] Содан кейін Иса ғибадатхана ауласына кіріп, ондағы сатушыларды қуып шығара бастады. Оларға:
[46] «Киелі жазбаларда: «Менің (киелі) үйім мінажат ететін үй болады!» делінген. Бірақ сендер оны «қарақшылар ордасына» айналдырғансыңдар!» — деп қатаң ескертті.
[47] Иса күн сайын ғибадатханада халыққа тәлім беріп жүрді. Басты діни қызметкерлер, дін мұғалімдері және рубасылар Оның көзін құртудың жолын іздеді,
[48] бірақ бұл мақсатты орындаудың ретін таба алмады. Себебі жұрттың бәрі Исаның қасынан кетпей, Оның сөздерін тыңдайтын.