[1] Сол күндері Римнің Август патшасы жер жүзінің барлық тұрғындарына салық төлеу үшін тізімге тіркелуге жарлық шығарды.
[2] Бұл Сирия өлкесін Кирини басқарған замандағы алғашқы халық санағы болатын.
[3] Сонда әркім тізімге тіркелу үшін өзінің атамекеніне барды.
[4] Жүсіп те Ғалилеядағы Назарет қаласынан жолға шығып, Дәуіт патшаның туған қаласына, Яһудея аймағындағы Бетлехемге, тізімге тіркелуге барды. Себебі Жүсіп Дәуіттің әулеті мен руынан шыққан еді.
[5] Аяғы ауыр әйелі Мәриям оған еріп жүрді.
[6] Олар Бетлехемде болғанда Мәриямның босанатын уақыты жетіп,
[7] тұңғыш Ұлын тапты. Оны құндақтап, қорадағы шөп салатын ақырға жатқызды. Себебі қонақүйде оларға орын болмады.
[8] Сол өңірде малшылар жүретін. Олар далада түнеп, малдарын күзетіп жатты.
[9] Кенеттен қастарына Жаратқан Иенің періштесі келіп, төңіректеріне Иеміздің нұрлы салтанаты сәулесін төгіп жіберді. Малшылар зәрелері ұша қорықты.
[10] Ал періште оларға тіл қатып: «Қорықпаңдар! Мен сендерге үлкен қуаныш жариялаймын, ол қуаныш барлық халыққа да ортақ:
[11] бүгін Дәуіттің қаласында сендердің Құтқарушыларың дүниеге келді, Ол — Иеміз Мәсіх!
[12] Мұның сендер үшін белгісі мынау: сендер ақырда құндақтаулы жатқан Нәрестені көресіңдер», — деді.
[13] Кенеттен періштенің қасына көктегі періштелердің үлкен бір тобы қосылып, Құдайды былай деп дәріптеді:
[14] «Заңғар көкте Құдай мадақталсын! Жер жүзінде Өзі риза болған Адамдарға тыныштық болсын!»
[15] Бұдан кейін періштелер көкке көтеріліп, малшылардың қасынан алыстап кетті. Ал малшылар өзара сөйлесіп: «Кәне, Бетлехемге барайық! Сол жерде не болғанын, Жаратқан Иенің бізге білдіргенін көрейік», — деді.
[16] Олар тездетіп барып, Мәриям мен Жүсіпті және ақырда жатқан Нәрестені тапты.
[17] Оны көрген соң, малшылар осы Сәби туралы алған хабарды сол жердегілерге айтып берді.
[18] Мұны естігендердің бәрі малшылардың әңгімесіне қайран қалысты.
[19] Ал Мәриям осы сөздердің барлығын көңіліне түйіп, есіне сақтады.
[20] Малшылардың көріп-естігендері түгелдей періштенің айтқанындай болған соң, олар Құдайды даңқтап, дәріптеп-мадақтап, қайтып кетті.
[21] Сегіз күн өткеннен кейін Нәрестені сүндеттейтін мезгіл жеткенде, Оның атын Иса деп қойды. Шешесі құрсақ көтермес бұрын періште оған осы есімді айтқан еді.
[22] Мұса пайғамбар арқылы берілген Таурат заңына сәйкес тазару кезеңі біткенде, әке-шешесі Исаны Жаратқан Иенің алдына апару рәсімін орындау үшін Иерусалимге алып келді.
[23] Себебі Жаратқан Ие тапсырған Таурат заңында мынадай ереже жазылған: «Тұңғыш туылған әрбір ер бала Жаратқан Иеге бағышталсын!»
[24] Әке-шешесі Таурат заңында тағы айтылғандай, «екі орман кептерін немесе екі жас көгершінді» құрбан етпекші де болды.
[25] Сол кезде Иерусалимде Шимон есімді кісі тұратын. Ол Исраил елінің көрген азабынан құтқарылуын аңсап күтіп келген әділ, Құдайды қастерлейтін жан еді. Киелі Рух оған қонған болатын.
[26] «Жаратқан Ие жіберген Құтқарушы Мәсіхті көрмей тұрып өлмейсің», — деп Киелі Рух Шимонға алдын ала айтқан еді.
[27] Енді Шимон Киелі Рухтың жетелеуімен ғибадатханаға барды. Таурат заңына сәйкес рәсімдерді атқару үшін әке-шешесі Сәбиі Исаны ғибадатханаға әкелгенде,
[28] Шимон Оны қолына алып, Құдайды былай деп мадақтады:
[29] «Уа, Әлемнің Әміршісі, сонымен Сен енді, Өзің алдын ала айтқандай, мендей пендеңді Тыныштықпен о дүниеге аттандырасың.
[30] Сен бар ұлттар алдында дайындаған құтқаруың — Саған бағынбаған ұлттардың көзін ашатын, Әрі халқың Исраилдің даңқын шығаратын «Нұрыңды» мен қазір өз көзіммен көріп тұрмын!»
[33] Жүсіп те, Нәрестенің шешесі Мәриям да Иса туралы айтылғандарға қайран қалды.
[34] Шимон оларға батасын беріп, Мәриямға былай деді: «Осы Бала Исраилдегі көп адамдардың сүрініп, құлауына, ал басқалардың жоғарылауына себепші болады. Ол Құдайдың еркін білдіріп, көбі Оған қарсы шығады.
[35] Сонда жүрек түкпірлеріндегі ой-ниеттері білініп қалады. Ал, Мәриям, сенің жаның жүрегіңді қылышпен тілгілегендей қатты ауыратын болады».
[36] Осы жерде Ашир руынан шыққан Фануел қызы Анна пайғамбар да бар еді. Ол кезінде күйеуге шығып, онымен жеті жыл отасқан, ал енді жасы ұлғайған қарт адам болатын.
[37] Сексен төрт жастағы жесір әйел ораза тұтып, күні-түні Құдайға сиынып қызмет етіп, ғибадатханадан шықпайтын.
[38] Бұл кісі де сол сәтте-ақ келіп, Жаратқан Иені мадақтады. Содан ол Иерусалим қаласының құтқарылуын аңсап күтіп жүргендердің барлығына осы Нәресте туралы хабарды жеткізді.
[39] Мәриям мен Жүсіп Жаратқан Ие бұйырған Таурат заңына сай қажетті рәсімдердің бәрін орындап болғаннан кейін Ғалилеядағы өз қалалары Назаретке қайтып барды.
[40] Бала өсіп, күш жинап, даналыққа кенеле берді. Құдайдың мейір-шапағаты Оның үстінде болды.
[41] Әке-шешесі жыл сайын Құтқарылу мейрамын мерекелеу үшін Иерусалимге баратын.
[42] Иса он екі жасқа толғанда, олар әдет бойынша мейрамды мерекелеуге тағы да Иерусалимге келді.
[43] Мейрам күндері бітіп, әке-шешесі қайтып кетті, ал жасөспірім Иса Иерусалимде қалып қойды. Жүсіп пен Мәриям мұны білмей,
[44] Исаны басқа жолаушылармен бірге келе жатыр деп ойлады. Бір күндік жол жүргеннен кейін Оны туысқандары мен таныстарының арасынан іздей бастады.
[45] Таппаған соң олар Иерусалимге қайта оралды.
[46] Үш күн өткенде ғана Исаны ғибадатханада ұстаздардың ортасынан айтқандарын тыңдап, сұрақтар қойып отырған жерінен тапты.
[47] Тыңдап отырғандардың бәрі Исаның ұғымталдығына және берген жауаптарына қайран қалысты.
[48] Әке-шешесі Оны көргенде аң-таң болды. Шешесі: — Балам, бұл не қылғаның? Әкең екеуіміз қатты алаңдап, Сені іздеп келдік! — деді.
[49] Иса: — Мені неге іздедіңіздер? Менің Әкемнің ісімен шұғылдануым қажет, әлде мұны білмедіңіздер ме? — деп жауап берді.
[50] Бірақ әке-шешесі Оның айтқан сөздерін түсінбеді.
[51] Иса Назарет қаласына бірге оралып, оларға мойынсұнып жүрді. Осы сөздердің бәрін шешесі көңіліне түйіп алды.
[52] Ал Исаның ойы да, бойы да, Құдай мен адамдарға ұнамдылығы да арта түсті.