Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 6:09

[1] Иса айналасына қарап, байлардың құдайы сыйлықтарын арнайы сандықтарға салып жатқандарына назар аударды.

[2] Сонымен қатар бір бейшара жесір әйелдің жалпы құны төрт теңгелік екі бақырды салғанын да көріп,

[3] былай деді: «Сендерге шындығын айтайын: мына бейшара жесір бәрінен де көп салды!

[4] Себебі басқалардың бәрі өздерінен артылғанын ғана садақа етсе, бұл әйел өзі бейшара бола тұра, күнелтетін нәрсесінің бәрін аямастан берді».

[5] Кейбіреулер ғибадатханаға нұсқап, оның әдемі тастармен салынып, арнайы сый-тартулармен тамаша әшекейленгенін айтты. Иса бұған былай деп жауап берді:

[6] — Сендер көріп тұрған мына ғимараттардың қаланған бірде-бір тасы қалмай барлығының да күл-талқаны шығатын күндер туады!

[7] Олар Исадан: — Ұстаз, бұл қашан болады? Оның іске асатын кезін қандай белгі білдірмек? — деп сұрады.

[8] Исаның жауабы мынау болды: — Сендер алданып, теріс жолға түсіп кетуден сақтаныңдар! Себебі көптеген адамдар Менің атымды жамылып келіп: «(Құтқарушы Мәсіх) Менмін!» және «Ақырзаман жақындап қалды!» дейтін болады. Ондайлардың соңынан ермеңдер!

[9] Соғыстар мен көтерілістер туралы естігенде үрейленбеңдер! Алдымен осылар болуға тиісті, бірақ заманның ақыры бір дегеннен бола қоймайды. —

[10] Бұдан кейін Иса оларға айтқан сөзін жалғастырып былай деді: — Ұлт ұлтқа қарсы, мемлекет мемлекетке қарсы аттанады.

[11] Түрлі жерлерде қатты жер сілкіністер, ашаршылық және індеттер болады. Аспанда қорқынышты құбылыстар әрі зор ғажайып белгілер көрінбек.

[12] Ал осының бәрі іске аспастан бұрын жұрт сендерге Менің жолыма түскендеріңе бола зорлық көрсетеді. Олар сендерді қудалайды, мәжілісхана соттарына ұстап беріп, түрмеге салады және патшалар мен әміршілердің алдына апарады.

[13] Осылайша сендер Мен туралы ашық айтуға мүмкіндік аласыңдар.

[14] Ал енді, қалай жауап береміз деп алдын ала ойламаймыз деген берік шешім қабылдаңдар!

[15] Себебі Мен сендерге жауларың қарсы сөйлеп, дәлел келтіре алмайтындай шешендік пен даналық дарытатын боламын.

[16] Сендерді тіпті әке-шешелерің мен бауырларың, туыстарың мен дос-жарандарың да ұстап беріп, кейбіреулеріңді өлімге душар етеді.

[17] Менің атымды мойындағандарыңа бола барлық жұрт сендерді жек көретін болады.

[18] Алайда Құдайдың еркінсіз сендер қылдай да қиянат шекпейсіңдер.

[19] Табанды болыңдар, сонда шынайы өмірге жетесіңдер!

[20] Ал Иерусалим қаласын әскерлер қоршап алғанын көрсеңдер, оның ойрандалатын кезінің жақындап қалғанын білесіңдер.

[21] Сонда Яһудея аймағында тұратындар тауларға қашып құтылсын! Иерусалимдегілер қаладан шығып, ал оның маңындағылар қалаға кірмей, қашып кетсін!

[22] Себебі сол кез — Құдайдың халықты жазалайтын күндері. Осылайша Киелі жазбаларда бұл туралы жазылғандардың бәрі де жүзеге аспақ.

[23] Сол күндері аяғы ауыр және бала емізіп жүрген әйелдер қандай қасіретке ұшырайтын болады! Өйткені осы ел үлкен апатқа душар болып, халықтың басына қаһарлы жаза түспек.

[24] Олар қылыштан өледі немесе тұтқындалып, барлық басқа ұлттардың елдеріне айдалады. Құдайға сенбейтін халықтар өз дәурендері өткенше Иерусалим қаласын табандарымен таптап, білгендерін істейтін болады.

[25] Күнде, айда, жұлдыздарда ғажайып белгілер пайда болып, жерде теңіздер шулап долданатын болады. Содан халықтар зәрелері ұшып, не істерін білмей дал болмақ.

[26] Аспан денелері орындарынан қозғалғандықтан, адамдар қорқып, әлемге төнетін апаттарды күтіп естерінен тана үрейленетін болады.

[27] Сол уақытта олар Менің Билеуші ретінде ғаламат құдіретпен, салтанатты ұлылықпен бір бұлтта келе жатқанымды көреді.

[28] Сендер бұл оқиғалар бола бастаған кезде бастарыңды көтеріп, жоғары қараңдар, себебі құтқарылуларың жақын! — деді Иса.

[29] Содан кейін Иса тыңдап тұрғандарға болашақтағы мына жағдайды түсіндірді: «Інжір ағашы мен барлық басқа ағаштарға қараңдар:

[30] жапырақтарының шыға бастағанын көргенде жаздың таяп қалғанын білесіңдер.

[31] Сол сияқты, сендер осы оқиғалардың болып жатқанын көргенде, Құдайдың Патшалығының жер бетінде орнайтын кезінің таяп қалғанын білетін боласыңдар.

[32] Сендерге шындығын айтайын: осы ұрпақ өлмей тұрып-ақ, мұның бәрі іске асады.

[33] Аспан мен жер жойылатын болады, бірақ Менің сөздерім еш жойылмайды.

[34] Алайда өздеріңе сақ болыңдар: той-думан жасап, мас болып немесе күнделікті тұрмысты уайымдап, жүректерің шеменденіп кетпесін! Әйтпесе Менің қайта оралатын күнім сендерге қапылыста келеді.

[35] Себебі сол күн жер бетінде тұрғандардың бәрінің басына түскен тор сияқты кенеттен туа қалады.

[36] Әрқашан сергек болып, сиынып мінажат етіңдер! Осылайша сендер алдағы осы апаттардан құтылуға әрі Билеуші ретінде көктен келген Менің алдымда тұра алуға рухани күш-қуат иемденіңдер».

[37] Иса күндіз ғибадатханада тәлім берді, ал кешке қаладан шығып, Зәйтүн тауына барып, сол маңайда түнеп жүрді.

[38] Таң ата бүкіл халық Исаны тыңдау үшін ғибадатханаға Оның қасына келетін.

Лұқа — Chapters