[1] Иса шәкірттеріне тағы былай деді: — Адамдарды теріс жолға азғыратын жағдайлардың болатыны сөзсіз. Алайда олар кімнің кесірінен пайда болса, сол қасіретке қалады!
[2] Оның мына жай кісілердің біреуін азғырып, теріс жолға түсіргенінше, мойнына дәу диірменнің тасы байланып, теңізге лақтырылғаны оған жақсырақ болар еді-ау!
[3] Сондықтан сақтаныңдар! Егер бауырласың күнә жасаса, оған ескерт. Егерде өкініп, теріс жолдан қайтса, кешірім ет!
[4] Ол тіпті күніне жеті рет саған қарсы күнә жасап, жеті рет келіп, «өкініп, теріс жолдан қайттым» десе, кешірім ет!
[5] Сонда елшілері Иеміз Исадан: — Сенімімізді арттыра көріңіз, — деп өтінді.
[6] Иеміздің жауабы мынау болды: — Сендердің тарының түйіріндей ғана сенімдерің болса, мына тұт ағашына: «Жерден тамырыңмен қопарылып, теңізге отырғызыл!» десеңдер, ол айтқандарыңды орындар еді.
[7] Араларыңдағы біреудің жер жыртып не мал бағып жүрген малайы бар дейік. Малай даладан қайтып келгенде, қожайыны оған: «Тез келіп, дастарқанға отыра ғой!» дей ме?
[8] Керісінше: «Кешкі тамағымды дайында! Мен ішіп-жеп болғанша, алжапқышыңды байлап алып, маған қызмет ет, содан кейін өзің ішіп-жерсің!» деп бұйырмай ма?
[9] Ал бұйрықтарын орындағаны үшін қожайын малайына алғыс айта ма?
[10] Сендер де солай, Құдайдың өздеріңе бұйырғандарының бәрін орындағаннан кейін: «Біз небәрі түкке тұрғысыз малаймыз, жай міндетімізді ғана атқардық» деңдер!
[11] Иса Иерусалим қаласына сапар шегіп бара жатқанда Самария мен Ғалилея аймақтары арқылы жүрді.
[12] Бір ауылға келгенде, Оған денесін алапес басқан он кісі кездесті. Олар алыстан тұрып,
[13] қатты дауыстап: — Иса, Ұстаз, бізге қайырым қыла көріңіз! — деп жалынды.
[14] Иса оларға назар аударып: — Діни қызметкерлерге барып, қаралыңдар! — деді. Олар сол жаққа бара жатқанда-ақ алапестен құлантаза сауығып кетті.
[15] Солардың біреуі өзінің сауығып кеткенін көрген соң, қатты дауыстап Құдайға мақтау айтып қайтып келді де,
[16] Исаның аяғына жығылып, Оған алғысын жаудырды. Ал бұл кісі самариялық болатын!
[17] Иса сонда: — Сауыққандар он кісі емес пе еді, тоғызы қайда?
[18] Құдайға мақтау айту үшін мына шетелдіктен басқа ешкім қайтып келмеді ме? — деп,
[19] самариялыққа қарап: — Тұр да, жөніңе жүре бер. Сен сенімің арқылы құтқарылдың! — деді.
[20] Парызшылдар Құдайдың Патшалығының қашан орнайтынын сұрағанда, Иса оларға былай деп жауап берді: — Құдайдың Патшалығының қашан орнайтынын адамдар алдын ала білмейді.
[21] Сондай-ақ оны «Міне, мұнда!» не «Әне, анда!» деуге болмайды. Себебі Құдайдың Патшалығы сендердің жан дүниелеріңде, — деді.
[22] Кейін Иса шәкірттеріне арнап былай деді: — Көктен келген Мені бір күн болса да көрсек деп аңсайтын уақыттарың келеді, бірақ сол кезде Мені көрмейсіңдер.
[23] Кісілер сендерге: «Міне, Ол мұнда!», я «Әне, Ол анда!» дейтін болады. Оларға бармаңдар да, арттарынан ермеңдер де!
[24] Өйткені найзағайдың жарқ етіп, аспанды о шетінен бұ шетіне дейін жарқыратып жіберетініндей, уақыты болғанда Менің Билеуші ретінде көктен қайтып келуім де (аяқ астынан және ап-айқын) болады.
[25] Бірақ алдымен Өзімнің көп азап шегуім әрі қазіргі ұрпақтың Менен бас тартуы қажет.
[26] Нұх пайғамбардың заманында жағдай қалай болған болса, Менің Билеуші ретінде көктен қайтып келетін кезімде де солай болады:
[27] Нұх кемеге мінген күнге дейін адамдар (Құдайға мойынсұнбай) ішіп-жеп, әйел алып, күйеуге шығып өмір сүруде еді. Ал Нұх кемеге мінген соң, топан су басып, сол адамдардың бәрін де қырып салды.
[28] Луттың заманында да солай болған: адамдар (Құдайға мойынсұнбай) ішіп-жеп, сауда-саттық жасап, егін егіп, үй салып өмір кешуде еді.
[29] Бірақ Лут Содом қаласынан шыққан күні көктен от пен күкірт жауып, бәрін де қырып салды.
[30] Мен Билеуші ретінде көктен келіп, ашық түрде көрінетін күні де тап солай болады!
[31] Сол күні біреу үйінің жалпақ төбесінде отырып, заттары іште болса, ол үйге кіріп, соларын алып шықпастан, сыртқы сатымен төмен түсіп, дереу қашып құтылсын! Сондай-ақ, кім далада болса, үйіне қайтып бармастан, бірден қашып кетсін!
[32] Луттың әйелімен болған жайтты естеріңе түсіріңдер!
[33] Өмірін өзі үшін сақтауға тырысқан әркім одан айырылады, ал өмірін Құдай үшін қиған әркім оны мәңгі аман сақтап қалады.
[34] Сендерге шын айтамын: сол заманда түнде төсекте жатқан екеудің біреуін періштелер қабыл алып, екіншісін қалдырып кетеді.
[35] Олар бірге қолдиірмен тартып отырған екі әйелдің де біреуін қабыл алып, екіншісін тастап кетеді.
[36] (Сондай-ақ, олар егіндікте жүрген екеудің де біреуін қабыл алып, екіншісін қалдырып кетеді.)
[37] Шәкірттері: — Мырза, бұл қай жерде болады? — деп сұрағанда, Иса астарлап мына жауапты берді: — «Жемтік қайда болса, күшігендер сонда жиылар». — (Сол сияқты, осы оқиғалардың қай жерде болғаны сол заманда бәріне айқын болады.)