Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 9:06

[1] Иса Жақиядан гөрі көбірек шәкірттер тауып, шомылдыру рәсімінен өткізіп жатыр деген хабар парызшылдарға жетті.

[2] Шынында оны істеп жүрген Исаның Өзі емес, шәкірттері еді.

[3] Сондай хабардың парызшылдарға жеткенін білген Иеміз Иса Яһудея аймағынан Ғалилеяға қайта оралды.

[4] Құдайдың еркімен Иса Самария аймағы арқылы жол жүруге тиісті болды.

[5] Осылай Ол Самариядағы Сихар қаласына келді. Бұл қала (ежелде Исраил халқының түп атасы) Жақыптың өз ұлы Жүсіпке мұра етіп қалдырған жеріне жақын орналасқан.

[6] Сол жерде «Жақыптың құдығы» бар еді. Жол жүріп шаршаған Иса құдықтың қасына отыра кетті. Түс мезгілі болатын,

[7] ал шәкірттері қалаға тамақ алуға кеткен еді. Сол кезде құдықтан су алу үшін самариялық бір әйел келді. Иса одан: — Маған ішетін су берші, — деп сұрады.

[9] Самариялық әйел таңғалды. Себебі яһудилер (діни сенім бойынша арамданбау үшін) самариялықтармен араласпайды. Сондықтан әйел: — Өзің яһуди бола тұра, қалайша менен, самариялық әйелден, су сұрайсың? — деген сауал қойды.

[10] Иса: — Егер Құдайдың өзіңе не сыйлағысы келгенін және су сұраған Адамның кім екенін білсең, сен Оның Өзінен су сұрар едің. Сонда Ол саған «өмір суын» берер еді, — деп жауап қатты.

[11] — Мырза, құдықтан су алатын Сіздің ыдысыңыз жоқ, ал құдық терең ғой. Онда сол өмір суын қайдан аласыз?

[12] Мына құдықты қалдырған арғы атамыз Жақыптан да ұлысыз ба? Өзі де, балалары да, малы да одан су ішкен, — деді әйел.

[13] Иса оған былай деді: — Мына судан ішкен адам тағы шөлдейді.

[14] Ал кімде-кім Мен беретін «судан» ішсе, ол мәңгі бақи шөлдемейтін болады. Мен беретін «су» оның ішінде мәңгілік өмір сыйлайтын, бұрқылдап жатқан «қайнарға» айналады. —

[15] Сонда әйел: — Мырза, бұдан былай шөлдеп, су алуға мұнда келе бермеуім үшін маған осы судан беріңізші! — деп өтінді.

[16] Иса оған: — Барып, күйеуіңді шақыр, өзің де кел! — деді.

[17] — Менің күйеуім жоқ, — деді әйел. Ал Иса оған: — Күйеуім жоқ деп шыныңды айттың.

[18] Бес рет күйеуге шыққансың, ал қазіргің күйеуің емес. Мұны дұрыс айттың, — деп жауап берді.

[19] Сонда әйел: — Мырза, Сіздің пайғамбар екеніңізге көзім жетіп тұр!

[20] Ал енді, біздің ата-бабаларымыз Тәңір Иеге мына таудың басында сиынып мінажат еткен, ал сіздер сиынатын орын Иерусалимде болуға тиіс дейсіздер, қайсысы дұрыс? — деп сұрады.

[21] Иса оған былай деді: — Айтқаныма илан: көктегі Әкеге не осы таудың басында, не Иерусалимде сиынбайтын замандарың келе жатыр.

[22] Сендер өздерің білмейтін Біреуге табынып келесіңдер, ал біз Кімге ғибадат етіп жүргенімізді білеміз, өйткені Құдай яһудилер арқылы адамзатты құтқармақ.

[23] Нағыз сиынушылардың Құдайдың Рухына кенеліп, Әкеге шындап мойынсұнып сиынатын уақыты болады, ол тіпті жетіп те қалды: Әке Өзіне осылай мойынсұнып сиынушыларды қалайды.

[24] Құдайдың Өзі — Рух. Сондықтан Оған сиынатындар Оның Рухына кенеліп, шындықпен сиынуға тиіс. —

[25] Сонда әйел: — Мәсіх деген Құтқарушы Патшамыздың келетінін білемін. Ол келгенде бізге бәрін ашық айтып береді, — деді.

[26] Иса: — Сенімен сөйлесіп тұрған Мен Соның Өзімін, — деп әйелге жауап берді.

[27] Сол арада шәкірттері қайтып келіп, Исаның бір әйелмен сөйлесіп отырғанына таңғалды. Бірақ ешқайсысы «Одан нені сұрайсыз?» немесе «Онымен неге сөйлесесіз?» деп сұраған жоқ.

[28] Әйел су алатын ыдысын қоя салып, қалаға қайта оралды да, жұртқа:

[29] «Жүріңдер, менің құпия іс-әрекеттерімнің бәрін дәл айтып берген Кісіні көріңдер! Ол Құдай жіберген Мәсіх емес пе екен?» — деді.

[30] Сонда жұрт қаладан шығып, Исаға қарай бет алды.

[31] Осы екі арада шәкірттері: — Ұстаз, тамақ ішіп алыңыз, — деп өтінді.

[32] Ал Иса: — Менің сендер білмейтін «тамағым» бар, — деді.

[33] Шәкірттері: — Оған біреу тамақ әкеп берген бе? — десті.

[34] Иса оларға астарлап былай деді: — Өзімді Жібергеннің еркін іске асырып, Оның тапсырғанын толық орындау Маған «нәр» болады.

[35] Сендер «төрт айдан кейін егін орамыз» дейсіңдер. Ал Мен сендерге былай деймін: көздеріңді ашып, егіндіктерге қараңдар, олар жинауға дайын пісіп тұр.

[36] Қазір-ақ орушылар жалақыларын алып, мәңгілік өмірге арналған өнімді жинап жатыр. Осылай егінді еккен де, жинаған да бірге қуанады.

[37] «Біреу еккенді біреу орады» деген мақал осы жағдайда рас болып тұр.

[38] Мен сендерді Маған адам әкелу үшін өздерің еңбек етпеген жерге жұмсадым. Басқалар жұмыс істеді, ал олардың еңбегінің жемісін сендер көріп жатырсыңдар.

[39] Сол қаладағы самариялықтардың көпшілігі әлгі әйелдің «Ол менің құпия іс-әрекеттерімнің бәрін дәл айтып берді» деп куәлік еткен сөзі арқылы Исаға сене бастаған еді.

[40] Сондықтан олар Исаның қасына келгенде, Оның өздерімен бірге қалуын өтінді. Содан Иса екі күн осы жерде болды.

[41] Оның сөзін естігенде, тағы көбірек кісілер Исаға сенді. Олар әйелге:

[42] — Біз енді тек сенің айтқаның бойынша сеніп қоймай, Оның сөзін өзіміз естіп, шынында дүниені Құтқарушы Осы екеніне көз жеткіздік, — деді.

[43] Екі күннен кейін Иса сол жерден әрі қарай Ғалилеяға кетті.

[44] Ал Оның Өзі: «Өз елінде пайғамбардың қадірі болмас», — деп ашық айтқан еді.

[45] Бірақ Иса Ғалилеяға келгенде, ғалилеялықтар Оны жылы қабылдады. Өйткені олар да Иерусалимдегі Құтқарылу мейрамына барып, Исаның істеген барлық кереметтерін көрген еді.

[46] Осылай Иса үйлену тойында суды шарапқа айналдырған Ғалилеядағы Қана қаласына тағы да келді. Сол кезде Қапарнаумда патшаның бір қызметкері болды, оның ұлы ауырып жатты.

[47] Қызметкер Исаның Яһудея аймағынан Ғалилеяға келгенін естіп, Оған барды да: — Келіп, баламды сауықтырып берсеңіз екен! Ол өлім аузында жатыр, — деп өтінді.

[48] Иса: — Құдіретімді дәлелдейтін кереметтерімді көрмесеңдер, сендер еш сенбейсіңдер, — деді.

[49] Ал баланың әкесі Оған: — Мырза, ұлым өлмей тұрғанда келіңізші! — деп жалбарынды.

[50] Сонда Иса: — Үйіңе бара бер, балаң аман-сау! — деді. Қызметкер Исаның айтқан сөзіне сеніп, кетіп қалды.

[51] Келесі күні жолшыбай оның қызметшілері кездесіп: — Балаңыз аман-сау, — деді.

[52] Сонда ол қызметшілерінен баласының жағдайы қай сәтте жақсарғанын сұрады. Олар: — Кеше түс кезінде сағат бірде ыстығы қайтты, — деді.

[53] Сонда әкесі Исаның өзіне «балаң аман-сау» деген кезі дәл сол сәтте болғанын біліп, үй ішімен Исаға сенді.

[54] Осылай Иса Яһудея аймағынан Ғалилеяға келгеннен кейін екінші рет керемет іс жасап, Өзінің құдіретін танытты.

Жохан — Chapters