[1] Сол кезде Елазар деген бетаниялық кісі қатты ауырып жатты. Бұл ауылда Мәриям мен оның әпкесі Марта да тұратын.
[2] Кейінірек Иеміздің аяғына иісмай жағып, шашымен құрғатқан осы Мәриям еді. Қазір оның бауыры Елазар қатты науқастанып жатты.
[3] Сонда апалы-сіңлілі екеуі: «Мырза, Сіз жақсы көретін кісі ауырып жатыр», — деп Исаға Елазар туралы хабар жіберді.
[4] Иса мұны естігенде: «Бұл аурудың соңы өлімге соқтырмайды, қайта, Құдайды ұлылыққа бөлеуге септігін тигізеді: ол арқылы Құдайдың рухани Ұлының құдіретті ұлылығы көрінеді», — деді.
[5] Иса Мартаны, оның сіңлісі мен Елазарды жақсы көруші еді.
[6] Бірақ Ол Елазардың науқастанып жатқанын естісе де, сол кезде болған жерінде тағы да екі күнге қалып қойды.
[7] Бұдан кейін Иса шәкірттеріне: — Яһудея аймағына қайта барайық! — деді.
[8] Олар: — Ұстаз, яһуди діндарлары күні кеше ғана Сізді тас лақтырып өлтіргісі келмеп пе еді? Шынымен тағы сол жаққа бармақсыз ба? — деп сұрады.
[9] Иса: — Күндізгі уақытта он екі сағат бар емес пе? Адам жолмен күндіз жүрсе, сүрінбейді, өйткені ол бұл дүниенің жарығын көреді.
[10] Ал егер түнекте жүрсе, сүрінеді, себебі онда жарық жоқ, — деп астарлап жауап берді.
[11] Мұнан кейін Иса сөзін жалғастырып: — Досымыз Елазар ұйықтап жатыр. Мен барып, оны оятайын, — деді.
[12] Шәкірттері: — Мырза, ұйықтағаны жақсы, сонда сауығады! — деді.
[13] Иса астарлап сөйлеп, Елазардың өлгенін айтқан еді, ал олар кәдімгі ұйқыны айтып тұр деп ойлап қалды.
[14] Сонда Иса жасырмай: — Елазар өлді, — деді.
[15] — Бірақ Өзімнің сол жерде болып, оны сауықтырмағаныма сендер үшін қуанамын; осылай берік сенімге жетесіңдер. Енді Елазарға барайық!
[16] Сыңарлас деп аталатын Тома басқа шәкірттерге: «Біз де барып, Онымен бірге өлейік», — деді.
[17] Иса Бетания ауылына жеткенде, Елазардың өліп, қабірге қойылғанына төрт күн болғанын естіді.
[18] Бетанияның Иерусалимнен қашықтығы үш-ақ шақырымдай болғандықтан,
[19] қаладан көптеген яһудилер Мәриям мен Мартаға көңіл айтуға келген екен.
[20] Исаның келе жатқанын естіген Марта алдынан шықты; Мәриям үйде отыра берді.
[21] Марта Исаға: — Ием, Сіз осында болсаңыз, бауырым өлмес еді!
[22] Бірақ қазір де Құдайдан не сұрасаңыз да, оны Сізге беретінін білемін, — деді.
[23] — Бауырың қайта тіріледі, — деп жауап берді Иса.
[24] Сонда Марта: — Ақырғы күнгі қайта тірілуде оның да тірілетінін білемін, — деді.
[25] Ал Иса оған: — Қайта тірілу мен шынайы өмір — Менмін. Маған сенетін адам өлсе де, шынайы өмір сүретін болады.
[26] Осылай өмір сүріп, Маған сенген әрбір адам ешқашан да рухани өлмейді. Бұған сенесің бе? — деді.
[27] Марта: — Иә, Ием, Сіздің пайғамбарлар дүниеге келеді деп алдын ала айтқан Мәсіх — Құдайдың рухани Ұлы екеніңізге сенемін, — деп жауап берді.
[28] Осыны айтқан соң Марта барып, басқаларға білдірмей Мәриямға: «Ұстаз осында, сені шақырып жатыр», — деді.
[29] Мәриям мұны естісімен асығыс тұрып, Оған қарсы жүрді.
[30] Ал Иса әлі де ауылға кірмей, Мартаға кездескен жерінде болатын.
[31] Мәриямның қасында көңіл айтып отырған яһудилер оның асығыс тұрып, сыртқа шығып кеткенін көргенде соңынан ере шығып: «Қабірдің басына барып жоқтау айтатын шығар», — деп ойлады.
[32] Мәриям Иса тұрған жерге келіп, аяғына жығыла: — Ием, Сіз осында болсаңыз, бауырым өлмес еді! — деді.
[33] Мәриямның және оған ерген яһудилердің қайғырып жылағандарын көргенде, Иса іштей қатты қобалжып, қайғырып, толқып кетті.
[34] Олардан: — Оны қай қабірге қойдыңдар? — деп сұрады. — Иеміз, барып көріңіз, — деді олар.
[35] Иса көзіне жас алды.
[36] Яһудилер: — Қараңдар, Ол Елазарды қалай жақсы көрген! — деді.
[37] Ал араларындағы кейбіреулері: — Соқырдың көзін ашқан Ол оны да ажалдан арашалап алып қала алмас па еді? — деді.
[38] Иса тағы да қатты қобалжып, қабірдің басына барды. Қабір — аузы (дөңгелек дәу) қақпақ таспен жабылған үңгір екен.
[39] Иса: — Тасты алып тастаңдар! — деп бұйырды. Бірақ марқұмның әпкесі Марта: — Ием, ол иістеніп барады, жатқанына төрт күн болды! — деп қарсылық білдірді.
[40] — Егер Маған сенсең, Құдайдың құдіретті ұлылығын көресің деп саған айтпап па едім? — деді Иса.
[41] Сонда олар қақпақ тасты үңгір аузынан домалатып алып тастады. Иса көзін көкке қадап: — Әке, тілегімді қабыл алғаның үшін Саған ризамын!
[42] Тілегімді әрқашан қабыл алатыныңды білемін. Алайда айналамда тұрған жұрт Мені Өзіңнің жібергеніңе сенсін деп мұны айтып тұрмын, — деп мінажат етті.
[43] Осылай дегеннен кейін: — Елазар, шық! — деп қатты дауыспен бұйырды.
[44] Сонда марқұм адам қабірден шықты! Оның аяқ-қолы кебінге оралып, бет-аузы да орамалмен байланған еді. Иса қасындағыларға: — Кебінін шешіп жіберіңдер, жүре берсін! — деп тапсырды.
[45] Мәриямға келген яһудилердің көбі Исаның керемет ісін көріп, Оған сенді.
[46] Бірақ кейбіреулері парызшылдарға барып, Исаның не істегенін айтып берді.
[47] Сонда басты діни қызметкерлер мен парызшылдар Жоғарғы кеңестің мәжілісін шақырып: — Біз не істесек екен? Мына Кісі көптеген кереметтер жасап жүр.
[48] Оны осылай қалдырсақ, бәрі Соған сенетін болады. Сонда римдіктер келіп, киелі үйіміз бен ұлтымызды біздің қолымыздан тартып алып жүрер! — десті.
[49] Олардың біреуі, сол жылы бас діни қызметкер болған Қаяфа, тіл қатып: — Сендер түк білмейсіңдер ме?
[50] Бүкіл ұлтымыздың құрып кетуінен гөрі, бізге халық үшін бір Адамның өлгенінің жақсы екенін ойламайсыңдар ма? — деді.
[51] Бұл сөзді ол өздігінен айтқан жоқ, қайта, сол жылы бас діни қызметкер болғандықтан: «Иса халқымыз үшін өлуге тиіс» деп алдағы оқиғаны білдірді.
[52] Ал Иса Исраил халқы үшін ғана емес, сондай-ақ жер жүзіне таралған басқа халықтардың енді Құдайдың рухани балалары болулары үшін де өлуге тиісті болды. Ондағы мақсаты — екі жақты жинап, біріктіру еді.
[53] Сол күннен бастап олар Исаны өлтіру туралы берік байламға келді.
[54] Сондықтан Иса бұдан былай яһудилердің арасында ашық жүрмей, айдалаға жақын жердегі Ефраим атты қалашыққа кетіп, сонда шәкірттерімен бірге болды.
[55] Яһуди халқының Құтқарылу мейрамы жақындап қалған еді. Бүкіл елден көптеген кісілер мейрам алдындағы діни тазару салтын орындау үшін Иерусалимге өрлеп бара жатты.
[56] Олар Исаны іздестіріп жүрді. Қалаға жеткеннен кейін: «Ол мейрамға осында келмейтін шығар, қалай ойлайсыңдар?» — деп ғибадатханада әңгімелесіп тұрды.
[57] Себебі басты діни қызметкерлер және парызшылдар: «Оның қайда жүргенін көрген біреу болса, тұтқындау үшін бізге хабар берсін!» — деп жарлық шығарып қойған еді.