Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 5:46

[1] Парызшылдар арасында яһуди халқының Нікөдем есімді басшысы бар еді.

[2] Ол Исаға түнде келіп: — Ұстаз, Сіздің Құдайдан келген мұғалім екендігіңізді білеміз. Себебі Сіз жасаған керемет істерді Құдайдың қолдауынсыз ешкім де орындай алмайды, — деді.

[3] Иса: — Саған өте маңызды шындықты айтып тұрмын: кімде-кім қайтадан туылмаса, Құдайдың Патшалығын көре алмайды, — деді.

[4] Нікөдем: — Есейген адам қалайша қайта туылады? Шешесінің құрсағына еніп, екінші рет дүниеге келуі мүмкін бе? — деп сұрады.

[5] Иса: — Саған өте маңызды шындықты айтайын: кімде-кім судан және Киелі Рухтан туылмаса Құдайдың Патшалығын көре алмайды.

[6] Тәннен — тән, Рухтан — рух туады.

[7] Менің «қайтадан туылуға тиіссіңдер» дегеніме таңданба!

[8] Жел қалаған жерінде соғады: оның гуілін естисің, бірақ қайдан келіп, қайда кеткенін білмейсің. Киелі Рухтан туылған әр адамның басынан өткені де осыған ұқсас, — деді.

[9] Нікөдем: — Бұл қалай болады? — деп сұрағанда,

[10] Исаның жауабы мынау болды: — Исраилдің дін мұғалімі бола тұра, осыны білмейсің бе?

[11] Саған өте маңызды шындықты айтайын: біз білгеніміз туралы сөйлеп, көргеніміз туралы куәлік етеміз, ал сендер айтқандарымызды қабыл алмайсыңдар.

[12] Мен сендерге жерде болып жатқандарды айтқанда сенбейсіңдер, ал егер көктегі рухани нәрселер туралы сөйлесем, қалай сенбексіңдер?

[13] Көктен келген Билеушіден басқа ешкім көкке шыққан жоқ, (Ол — көкте тұрушы).

[14] Мұса пайғамбар айдалада мыс жыланды жоғары көтеріп қойған. Дәл солай көктен келген Билеуші де көтеріліп қойылуға тиіс.

[15] Сонда Оған сенуші әркім мәңгілік өмірге ие болады.

[16] Өйткені Құдай адамзатты сондай қатты сүйгендіктен, Өзінің жалғыз рухани Ұлын құрбандыққа берді. Енді Оған сенуші әркім жаны тозаққа түспей, мәңгілік өмірге ие болады.

[17] Құдай Өзінің рухани Ұлын адамзатты соттауға емес, құтқаруға жіберді.

[18] Оған сенушілер қияметте сотталмайды. Ал Құдайдың жалғыз рухани Ұлына сенбейтіндер әлдеқашан сотталған.

[19] Соттың мәні мынадай: «Құдайдың Нұры» жерге келді, бірақ адамдар Одан гөрі түнекті жақсы көрді, себебі олардың істері жаман еді.

[20] Жамандық істеген әркім Нұрды жек көреді және жасаған істері әшкереленбес үшін Нұрға жоламайды.

[21] Ал шындыққа сай өмір сүретін әркім өз істерінің Құдайдың көмегімен жасалғандығы көрініп тұрсын деп Нұрға шығады.

[22] Бұдан кейін Иса шәкірттерімен Яһудея аймағына барды. Сонда біраз уақыт олармен бірге болып, теріс жолдан қайтқан кісілерді шомылдыру рәсімінен өткізді.

[23] Жақия пайғамбар да Сәлім қаласына жақын Енонда осы рәсімді орындап жүрді, өйткені ол жерде су мол еді. Көп адамдар оған келіп, рәсімнен өтті.

[24] Сол кезде Жақия әлі де түрмеге жабылмаған болатын.

[25] Осы уақытта Жақияның шәкірттері мен өзге бір яһудидің арасында діни тазару салттары туралы айтыс туды.

[26] Олар Жақияға келіп: — Ұстаз, өткенде Иорданның арғы жағында сізбен бірге болған Адамға өзіңіз жақсы куәлік берген едіңіз. Ал енді Ол да шомылдыру рәсімін орындауда. Жұрттың бәрі Соған барып жатыр! — деді.

[27] Жақияның жауабы мынау болды: — Құдай бермесе, ешкім еш нәрсе ала алмайды.

[28] «Мен Мәсіхтің Өзі емеспін, тек Оның алдынан жіберілген хабаршысы ғанамын» деп айтқаныма сендер өздерің куәсіңдер.

[29] Қалыңдығы бар кісі — күйеу жігіт қой. Оны күтіп тұрған досы даусын естіп, қуанады. Қазір менің қуанышым қойныма сыймай тұр.

[30] Мәсіхтің беделі артуға, ал менікі төмендеуге тиіс.

[31] Көктен келген Ол бәрінен де ұлы. Жерден пайда болған мен жердікімін, сондықтан жердің тұрғысынан сөйлеймін. Көктен келген Мәсіх бәрінен де үстем!

[32] Ол Өзінің көкте көріп, естігендеріне куәлік етеді. Алайда Оның шынайы хабарын көпшілік қабылдамайды.

[33] Бірақ соны қабылдағандар Құдайдың Өзін шындық деп мойындайды.

[34] Құдай жіберген Мәсіх Оның хабарын жариялайды, өйткені Құдай Оған Киелі Рухын шексіз береді.

[35] Әкесі Ұлын сүйіп, Оның қолына бар билікті тапсырған.

[36] Құдайдың рухани Ұлына сенушілер мәңгілік өмірге ие. Ал Оны тыңдамағандар шынайы өмірді көрмей, Құдайдың төніп тұрған қаһарына ұшырайды.

Жохан — Chapters