Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 5:38

[1] — Көңілдерің толқымасын! Құдайға сеніңдер және Маған да сеніңдер!

[2] Көктегі Әкемнің үйінде тұратын орын көп. Егер солай болмаса, Мен сендерге айтқан болар едім ғой. Енді сол жерден сендер үшін орын дайындауға бара жатырмын.

[3] Барып, дайындап болғаннан кейін қайтып келіп, Өзім болатын жерде сендерді де болсын деп қасыма алып кетемін.

[4] Қайда бара жатқанымды да, сонда апаратын жолды да білесіңдер, — деді Иса. Ал Тома:

[5] — Ием, қайда бара жатқаныңызды білмейміз. Онда біз жолды қалай білеміз? — деп сұрады.

[6] Иса оған: — Жол, шындық және шынайы өмір Менмін. Мен арқылы болмаса, ешкім де Әкеге бара алмайды.

[7] Мені жақыннан танысаңдар, Әкемді де білер едіңдер. Оны қазірден бастап білесіңдер және көрдіңдер де, — деп түсіндірді. Філіп:

[8] — Мырзам, бізге Әкені көрсетіңіз, бізге сол да жеткілікті, — деп өтінді.

[9] Иса былай деп жауап берді: — Мен көптен бері қастарыңдамын, сонда да Мені шынымен білген жоқсың ба, Філіп? Кім Мені көрсе, соның Әкені де көргені. Бізге Әкені көрсетіңіз деп неге айтасың?

[10] Менің Әкеммен, Әкемнің Менімен тығыз байланыста екенімізге сенбейсің бе? Сендерге айтып жүрген сөздерім Өзімдікі емес, Әкемдікі. Сол сияқты Менімен тығыз байланыстағы Әкем Өзінің істерін де Мен арқылы істеп жатыр.

[11] Менің Әкеммен, Әкемнің Менімен тығыз байланыста екенімізге сеніңдер! Әйтпесе істеген кереметтеріме сүйеніп Маған сеніңдер.

[12] Сендерге өте маңызды шындықты айтайын: Мен жасаған кереметтер сияқтыларды Маған сенуші де істейді, тіпті одан да зорларын істейді, себебі Мен Әкеме барамын.

[13] Менің атымнан Әкемнен не сұрасаңдар да, орындаймын, сонда Әкенің ұлылығы Өзінің рухани Ұлы арқылы көрінеді.

[14] Менің еркіме мойынсұнып бір нәрсе сұрасаңдар, Мен соны орындаймын.

[15] Сендер Мені сүйсеңдер, өсиеттерімді орындаңдар!

[16] Мен көктегі Әкемнен сендермен мәңгі бірге болатын Қамқоршыны жіберуін өтінемін,

[17] Ол — шындықты білдіретін Киелі Рух. Осы күнәкар дүние Киелі Рухты қабылдай алмайды, себебі Оны көрмейді әрі білмейді. Ал сендер Оны білесіңдер, өйткені Киелі Рух сендермен бірге тұрып, жан дүниелеріңнен орын алады.

[18] Мен сендерді жетімсіретпей, өздеріңе қайтып келемін.

[19] Енді аз уақыт қалды, содан кейін осы күнәкар дүние Мені көрмейді, ал сендер Мені көресіңдер. Мен қайта тірілемін, сондықтан сендер де мәңгілік өмірге ие боласыңдар.

[20] Сол күні сендер Менің Әкеммен, сендердің Менімен, Менің де сендермен тығыз байланыста екенімізді түсінесіңдер.

[21] Менің өсиеттерімді жүректеріне сақтап, орындап жүргендер — Мені сүйетіндер. Оларды Әкем де сүйеді. Мен де соларды сүйіп, Өзімді оларға жақынырақ таныстырамын. —

[22] Исқариоттан өзге Яһуда Исадан: — Мырзам, Сіз қалайша осы дүниеге емес, тек бізге ғана Өзіңізді таныстырмақсыз? — деп сұрады.

[23] Иса былай деп жауап берді: — Кім Мені сүйсе, сол айтқан сөздерімді берік ұстанады, әрі Әкем оны сүйеді. Біз сондай адамдарға келіп, өмірлерінен орын аламыз.

[24] Мені сүймегендер сөздерімді берік ұстанбайды. Сендердің естіп жүргендерің — Өзімнің емес, Мені жіберген Әкемнің сөздері.

[25] Мен бұл сөздерді әлі де қастарыңда жүрген кезімде айтып тұрмын.

[26] Ал Әкем Менің атымнан Қамқоршыларың — Киелі Рухты жібереді. Ол Менің сендерге айтқан сөздерімнің бәрін естеріңе салып, рухани өмірлеріңе керектің бәрін үйретеді.

[27] Мен сендерге амандық пен тыныштық сыйлаймын, Өзімнің тыныштығымды беремін. Менің беретінім осы дүниенің беретін өткінші тыныштығы сияқты емес, сондықтан көңілдерің қобалжып, қорықпаңдар.

[28] Менің өздеріңе былай дегенімді естігенсіңдер: Мен кетемін, кейін сендерге қайтып келемін. Егер Мені шын көңілмен сүйсеңдер, Әкеме барып, құрметке бөленетініме қуанар едіңдер; себебі Әкем Менен ұлы.

[29] Сендердің осылар іске асқан кезде Менің айтқандарыма шын сенулерің үшін бұларды қазір алдын ала айтып тұрмын.

[30] Енді сендермен көп сөйлесе алмаймын, өйткені осы күнәкар дүниенің әміршісі (шайтан) жақындап келе жатыр. Оның билігі Маған жүрмейді.

[31] Бірақ осы дүние Менің көктегі Әкемді сүйетінімді білсін деп Әкемнің тапсырмасын орындаймын. Ал енді тұрыңдар, бұл жерден кетейік! — деп Иса сөзін аяқтады.

Жохан — Chapters