[1] Жексенбі күні әлі қараңғы болған кезде мағдалалық Мәриям (жартастан үңгіп жасалған) қабірге келді. Сонда ол қабірдің аузын бекіткен дәу қақпақ тастың орнынан алынып тасталғанын көрді.
[2] Содан Мәриям Шимон Петірге және Исаның жақсы көрген шәкіртіне жүгіріп барып, оларға: «Біреулер Мырзамызды қабірден алып кетіпті! Оны қай жерге қойғанын білмейміз!» — деді.
[3] Петір мен әлгі шәкірт дереу қаладан шығып, қабірге қарай беттеді.
[4] Екеуі бірге жүгіре жөнелді, бірақ сол шәкірт Петірден жылдамырақ жүгіріп, үңгірдегі қабірге алдымен жетті.
[5] Ол еңкейіп қарап, бәтес орауыштың жатқанын көрді, бірақ қабірдің ішіне кірмеді.
[6] Сол сәтте оның соңын ала Шимон Петір де келіп, қабірге кірді.
[7] Ол да бәтес орауыш пен Исаның беті бүркелген сүлгінің жатқанын көрді. Сүлгі бәтес орауышпен бірге емес, бүктелген күйі бөлек жатыр екен.
[8] Сонда бірінші болып келген әлгі шәкірт те қабірге кірді. Ол да соны көріп, Исаның тірілгеніне сенді.
[9] Сол кезде олар Исаның Киелі жазбаларға сай өлімнен қайта тірілуге тиіс екендігін әлі де түсінбейтін.
[10] Содан кейін екі шәкірт өздері тұрып жатқан үйге қайта оралды.
[11] Ал Мәриям үңгірдің алдында жылап тұрды. Жылап тұрған ол қабірдің ішіне еңкейіп қарағанда,
[12] ақ киімді екі періштенің отырғанын көрді. Біреуі Исаның мәйіті қойылған жердің бас жағында, екіншісі аяқ жағында отыр екен.
[13] Періштелер Мәриямға: — Қарындас, неге жылап тұрсың? — деп тіл қатты. Ол: — Біреулер Мырзамды алып кетіпті! Оны қай жерге қойғанын білмеймін, — деді.
[14] Мәриям осыны айтқаннан кейін артына бұрылып, Исаның тұрғанын көрді, бірақ Оны танымады.
[15] Иса: — Қарындас, неге жылап тұрсың? Кімді іздеп жүрсің? — деп сұрады. Мәриям Оны бағбан екен деп ойлап: — Мырза, Оны әкеткен Сіз болсаңыз, қайда қойғаныңызды айтыңызшы. Мен Оны сол жерден алып кетейін, — деді.
[16] Сонда Иса оған: — Мәриям! — деп үн қатты. Мәриям Исаға бұрылып: — Раббуни! — деді. Бұл сөз «Ұстаз!» деп аударылады.
[17] Иса оған: — Маған жармаспа, себебі Мен әлі де Әкеме көтерілген жоқпын. Одан да бауырластарыма барып, оларға Менің Әкеме, яғни сендердің де Әкелеріңе, өз Құдайыма, яғни сендердің де Құдайларыңа, көтеріліп кететінімді айт! — деп тапсырды.
[18] Мағдалалық Мәриям шәкірттерге барып, өзінің Иемізді көргенін және Оның осы айтқандарын жеткізді.
[19] Сол жексенбі күнінің кешінде Исаның шәкірттері жиналып, яһуди басшыларынан қорыққаннан есіктерді бекітіп алған еді. Кенеттен кіріп келген Иса орталарына тұра қалып: «Сендерге амандық пен тыныштық болсын!» — деп батасын берді.
[20] Осыны айтқаннан кейін Иса оларға екі қолы мен бүйірін көрсетті. Шәкірттері Иелері Мәсіхті көріп қатты қуанды.
[21] Иса оларға тағы да: «Сендерге амандық пен тыныштық болсын! — деді. — Әкемнің Өзімді осы дүниеге жібергені сияқты, Мен де сендерді адамдарға жіберемін». —
[22] Осылай дегеннен кейін Иса шәкірттерінің бетіне демін үрлеп: «Киелі Рухты қабыл алыңдар!
[23] Кімнің күнәларын кешсеңдер, солар кешіріледі, ал кімнің күнәларын кешпесеңдер, солар кешірілмейді», — деді.
[24] Исаның он екі шәкіртінің бірі, Сыңарлас деп те аталған Тома, Иса оларға келген кезде араларында жоқ еді.
[25] Басқа шәкірттер оған: — Біз Иемізді көрдік, — дегенде, Тома: — Мен Оның қолдарынан шегелердің орнын көрмесем, саусағыммен шегелердің орнын сипап, бүйіріндегі тыртығын қолыммен ұстамасам, Оның тірілгеніне еш сенбеймін, — деп жауап берді.
[26] Бір аптадан кейін Исаның шәкірттері тағы сол үйге жиналды, олармен бірге Тома да болды. Есік бекітілген еді, бірақ Иса кіріп келіп, орталарына тұра қалды да: — Сендерге амандық пен тыныштық болсын! — деді.
[27] Содан кейін Томаға: — Менің қолыма саусақтарыңды тигізіп қара, алақаныңды бүйіріме қой және сенімсіз болмай, сенетін бол! — деді.
[28] Тома Оған: — Ием менің, Құдайым менің! — деп мойынсұнды.
[29] Иса: — Тома, сен Мені көргендіктен Маған сеніп тұрсың. Ал Мені көрмесе де сенетіндер бақытты! — деп жауап берді.
[30] Иса шәкірттерінің көз алдында осы кітапта жазылмаған басқа да көптеген кереметтер істеді.
[31] Ал жазылғандары Исаның Құтқарушы Мәсіх, Құдайдың рухани Ұлы екендігіне сендер сенсін, әрі сенімдерің арқылы Онымен тығыз байланыста тұрып, шынайы өмірге ие болсын деген мақсатпен жазылған.