[1] Сендерге осының бәрін Маған деген сенімдеріңнен таймауларың үшін айттым.
[2] Діндар яһудилер сендерді қауымдарынан шығарып жіберетін болады. Тіпті көздеріңді құртқан әркім Құдайға қызмет көрсетіп жатырмын деп ойлайтын күн де туады.
[3] Олар мұны не Әкені, не Мені танымағандықтан істейді.
[4] Бұларды айтқандағы мақсатым — сендердің бастарыңа сондай күн туғанда Менің оны алдын ала айтып кеткенімді естеріңе алып, жігерленулерің. Мен сендерге қызметімнің басында бұларды айтқан жоқпын, себебі өздеріңмен бірге болдым ғой.
[5] Енді Мен Өзімді Жібергенге қайтып кетемін. Ал бірде-біреуің Менен: «Қайда барасыз?» — деп сұрамайсыңдар.
[6] Қайта, Менің айтқандарымнан көңілдерің жабырқап, мұңайып тұрсыңдар.
[7] Сендерге шындығын айтайын: Менің кететінім сендер үшін жақсы! Себебі Мен кетпесем, сендерге Қамқоршыларың (Құдай Рухы) келмейді; ал Мен барған соң, Оны сендерге жіберемін.
[8] Құдай Рухы келген соң, Ол осы дүниенің күнәсінің, Менің әділдігімнің және Құдайдың сотының қандай екендігіне адамдардың көздерін жеткізеді:
[9] олардың күнәсі — Маған сенбейтіндіктері;
[10] әділдігімнің дәлелі — Менің Әкеге баратыным және сендердің бұдан былай Мені көрмейтіндіктерің;
[11] ал сот — осы күнәкар дүниенің әміршісінің (яғни әзәзіл шайтанның) сотталғандығы.
[12] Сендерге айтарым әлі де көп, бірақ қазір оның бәрін тыңдауға төзімдерің жете қоймас.
[13] Алайда шындықты білдіретін Құдай Рухы келгеннен кейін сендерді бар шындыққа жеткізеді. Себебі Ол Өзінен шыққан сөзді емес, көктегі Әкемнен естігенін айтады және болашақта не болатынын сендерге хабарлайды.
[14] Құдай Рухы Менің ұлылығымды көрсетеді, себебі Ол Менен қабылдаған хабарларды сендерге жеткізбек.
[15] Әкемдегінің бәрі Менікі де. Сондықтан да «Ол Менен қабылдаған хабарларды сендерге жеткізбек» дедім.
[16] — Біраз уақыттан кейін Мені көрмейсіңдер, тағы біраздан кейін Мені қайта көресіңдер, — деді Иса.
[17] Сонда кейбір шәкірттері өзара сөйлесіп: — Ол бізге «Біраз уақыттан кейін Мені көрмейсіңдер, тағы біраздан кейін Мені қайта көресіңдер» дегенде не айтқысы келеді? Әрі «Мен Әкеме барамын» дегені нені білдіреді?
[18] Және «біраз уақыт» деп нені меңзейді? Біз Оның не туралы айтып тұрғанын түсінбейміз, — десті.
[19] Иса олардың осы туралы Өзінен сұрағылары келгенін біліп, былай деді: — «Біраз уақыттан кейін Мені көрмейсіңдер, тағы біраздан кейін Мені қайта көресіңдер» деп айтқаным туралы бір-біріңнен сұрасып жатырсыңдар ма?
[20] Сендерге өте маңызды шындықты айтайын: сендер жылап, жоқтау айтатын боласыңдар, ал күнәкар дүние қуанатын болады. Сендер қайғырасыңдар, бірақ қайғыларың қуанышқа айналатын болады.
[21] Әйел босанатын кезде қайғырады, себебі оның қиналатын уақыты жетті. Ал баласын туған соң, дүниеге адам келді деп қуанғанынан қиналғанын ұмытып кетеді.
[22] Сендер де қазір солай қайғылысыңдар. Бірақ Мен сендерді қайта көремін, сонда қатты қуанасыңдар, қуаныштарыңды ешкім тартып ала алмайды.
[23] Сол кезде Менен бір нәрсе сұрауларыңның қажеті болмайды. Сендерге өте маңызды шындықты айтамын: Әкеден Менің атымнан не сұрасаңдар, Ол соны береді.
[24] Бұған дейін Менің атымнан еш нәрсе де сұраған жоқсыңдар. Енді сұраңдар да алыңдар! Сонда шексіз қуанышқа кенелесіңдер.
[25] Осыларды Мен сендерге астарлап айттым. Бұдан былай астарлап емес, Әкем туралы ашық айтатын кезім де келеді.
[26] Сол уақытта Менің атымнан сұрайсыңдар; Менің сендер үшін Әкеден өтінуімнің қажеті болмайды,
[27] өйткені Әкенің Өзі сендерді сүйеді. Себебі сендер Мені сүйіп, Құдайдан келгеніме сенесіңдер.
[28] Мен Әкеден жерге келдім; кейін жерді тастап, Әкеге қайта ораламын. —
[29] Сонда шәкірттері: — Қазір астарлап емес, ашық сөйлеп тұрсыз.
[30] Енді бәрін білетініңізге көзіміз жетті, өйткені Сізге адамдардың ойларында қандай сұрағы бар екенін сұраудың керегі жоқ. Сондықтан Құдайдан келгеніңізге сенеміз, — деді.
[31] Иса оларға былай деп жауап берді: — Енді сенесіңдер ме?
[32] Сендердің жан-жаққа бытырап, әрқайсыңның өз үйлеріңе кететін уақыттарың келеді, ол тіпті жетіп те қалды. Сонда Мені жалғыз қалдырасыңдар. Бірақ Мен жалғыз емеспін, себебі көктегі Әкем Өзіммен бірге.
[33] Мен бұларды сендер Менімен тығыз байланыста тұрып, тыныштыққа кенелсін деп айттым. Күнәкар дүниеде қысымшылық көресіңдер; алайда батыл болыңдар: Мен осы дүниені жеңіп шықтым!