Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 6:12

[1] Сендерге өте маңызды шындықты айтайын: кім қой қораға есіктен емес, өзге жерден өрмелеп кірсе, сол — ұры әрі қарақшы.

[2] Ал кім есіктен кірсе, қойлардың бағушысы — сол.

[3] Қарауыл оған есік ашып, қойлар оның даусын естіп таниды. Бағушы өз қойларын атымен шақырып, далаға шығарады.

[4] Шығарған соң олардың алдында жүріп отырады, ал қойлары соңынан ереді, өйткені олар оның даусын таниды.

[5] Олар бөтен кісінің соңынан ермей, одан қашады, себебі оның даусын танымайды.

[6] Осы астарлы сөзді Иса яһуди діндарларына айтып берді, бірақ олар Оның не айтқанын түсінген жоқ.

[7] Сондықтан Иса сөзін жалғастырып былай деді: — Сендерге өте маңызды шындықты айтамын: қойлар кіретін «есік» Менмін.

[8] Менен бұрын келгендердің бәрі ұрылар әрі қарақшылар болатын. Бірақ қойлар оларға бағынған жоқ.

[9] Мен «есікпін», Менен кіргендер құтқарылады. Олар емін-еркін кіріп-шығып, жайылым табады.

[10] Ұры ұрлап, сойып, құрту үшін келеді. Ал Мен адамдар шынайы өмірге ие болсын және өмірі рухани игілікке толы ағыл-тегіл мол болсын деп келдім.

[11] Мен «ізгі Бағушымын»: ізгі Бағушы қойлары үшін жанын қияды.

[12] Ал бағушы емес жалданған адам қойлар өзінікі болмағандықтан, қасқырды көрсе, отарын тастай қашады. Қасқыр қойға шауып, оларды жан-жаққа бытыратып жібереді.

[13] Жалшы отарын тастай қашады, өйткені ол — жай жалданушы, қойлардың қамын ойламайды.

[14] Мен «ізгі Бағушымын». Әкемнің Мені, Менің Әкемді жақсы білетініміз сияқты, Мен қарамағымдағыларды жақсы білемін, олар да Мені жақсы біледі. Солар үшін жанымды қиямын.

[16] Бұл отардан басқа да қойларым бар, соларды да алып келуім керек. Олар даусымды естіп таниды, сонда барлығы бір-ақ Бағушысы бар біртұтас отар болады.

[17] Әкем Мені жақсы көреді, себебі Мен жанымды қиямын, содан кейін оны қайтадан аламын.

[18] Жанымды ешкім Менен тартып алмайды, оны өз еркіммен қиямын. Қиятын да, қайтып алатын да билігім бар. Бұл — Маған Әкем тапсырған міндет.

[19] Осы сөзге бола яһудилер тағы да екі жақ болып айтысып кетті.

[20] Көпшілігі: «Оны жын соғыпты, сандырақтап тұр! Неменеге тыңдап тұрсыңдар?» — десе,

[21] басқалар: «Бұл жындының сөзі емес! Жын соқырдың көзін аша ала ма?!» — деп қарсылық білдірді.

[22] Бұдан кейін Иерусалимде Киелі үй мейрамы болды. Мезгіл қыстың кезі еді.

[23] Сонда Иса ғибадатхананың Сүлеймен патша атындағы бағаналы ғимаратында әрі-бері жүрді.

[24] Яһуди діндарлары Оны қоршап алып: — Қашанға дейін бізді еліктіріп, алаңдатып қоясыз? Құтқарушы Мәсіх болсаңыз, ашығын айтыңыз! — деп талап етті.

[25] Иса оларға былай деп жауап берді: — Мен оны айттым ғой, ал сендер сенбедіңдер. Әкемнің атынан істеп жүрген істерім Менің Сол екеніме айғақ.

[26] Бірақ сендер сенбейсіңдер, себебі Менің «отарымнан» емессіңдер.

[27] Өз «қойларым» даусымды естіп, бағынады. Мен оларды жақсы білемін, олар Маған еріп жүреді.

[28] Соларға мәңгілік өмір беремін. Олар ешқашан жойылмайды, ешкім оларды Менің қолымнан тартып та алмайды.

[29] Оларды Маған берген Әкем бәрінен де ұлы. Ешкім соларды Әкемнің қолынан да тартып ала алмайды.

[30] Әкем Екеуіміз біртұтаспыз.

[31] Сонда діндар яһудилер Оны тас лақтырып өлтіру үшін тағы да жерден тас алды.

[32] Иса оларға: — Көз алдарыңда Әкем тапсырған көп игі істер істедім. Солардың қайсысына бола Мені тас лақтырып өлтірмексіңдер? — деген сұрақ қойды.

[33] Діндар яһудилер: — Сені игі ісің үшін емес, Құдайды қорлағаның үшін тас лақтырып өлтірмекпіз. Сен адам бола тұра, Өзіңнен Құдай жасағың келеді! — деді.

[34] Иса оларға былай деп жауап берді: — Өздерің құрметтейтін Киелі жазбада (Құдайдың билерге арнап мынаны айтқаны) жазылған: «Былай деген едім: сендер құдайсыңдар».

[35] Ал Киелі жазбалардың күшін жоюға болмайды ғой. Сонымен Құдай Өзінің сөзі жеткен сол билерді «құдай» деп атаған.

[36] Онда Мен «Құдайдың (рухани) Ұлымын» десем, қалайша «Құдайды қорладың» деп айта аласыңдар? Өйткені Әкемнің Өзі Мені ерекше тағайындап, осы дүниеге жіберген.

[37] Егер Әкемнің Маған тапсырған істерін істеп жүрмесем, Маған сенбей-ақ қойыңдар.

[38] Ал егер Мен оларды істеп жүрсем, тіпті Өзіме сенгілерің келмесе де, істеген істеріме сеніңдер! Осылай сендер Әкемнің Менімен, Менің Әкеммен тығыз байланыста екенімізді түсінесіңдер.

[39] Содан олар Исаны тағы да тұтқындамақ болды, бірақ Ол араларынан сытылып шығып кетті.

[40] Мұнан кейін Иса қайтадан Иордан өзенінің арғы бетіне, бұрынырақ Жақия пайғамбар шомылдыру рәсімін орындаған жерге барып, сонда қалып қойды.

[41] Исаның қасына көптеген адамдар келіп былай десті: «Жақия ешқандай керемет істеген жоқ. Бірақ оның мына Кісі туралы айтқандарының бәрі де шындық!» —

[42] Сол жерде жиналғандардың көбі Исаға сенді.

Жохан — Chapters