Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 7:35

[1] Біраз уақыттан кейін яһудилердің тағы бір мейрамы болып, Иса соған қатысу үшін Иерусалимге өрлеп барды.

[2] Иерусалимнің Қой қақпасының қасында еврейше Бетезда деп аталатын тоған бар. Соның төңірегіне бағаналы бес ғимарат салынған.

[3] Оларда соқырлар, ақсақтар, сал болып ауырғандар, тағы басқа көптеген науқастар жататын. (Бұлар судың шайқалғанын күтетін.

[4] Себебі Тәңір Ие жіберген бір періште анда-санда тоғанға түсіп, суды шайқайтын. Мұнан кейін алғаш шомылған адам қандай ауруы болса да, жазылып кетеді екен.)

[5] Бұл жерде отыз сегіз жылдан бері науқас бір кісі бар еді.

[6] Иса оның жатқанын көріп, көптен ауру екенін білді. Содан Ол сол адамға: — Сауыққың келе ме? — деп тіл қатты.

[7] Науқас: — Мырза, мені су қозғалғанда тоғанға түсіретін адамым жоқ. Ал мен жеткенше, басқа біреу менен бұрын түсіп қояды, — деп жауап берді. Иса:

[8] — Орныңнан тұрып, төсенішіңді жинап ал да, жүре бер, — деді.

[9] Әлгі кісі сол сәтте-ақ ауруынан сауығып, төсенішін жинап алды да, жүріп кетті! Бұл оқиға (яһудилердің демалысы) сенбі күні болған еді.

[10] Сондықтан яһуди басшылары сауыққан адамға: — Демалыс күні емес пе? Төсенішіңді көтеріп жүргенің не? Бүгін жұмыс істеуге болмайды ғой! — деп ескертті. Ол:

[11] — Мені сауықтырған Адам: «Төсенішіңді жинап ал да, жүре бер» деген еді, — деп жауап қатты.

[12] — «Төсенішіңді жинап ал да, жүре бер» деген Ол кім Өзі? — деді олар.

[13] Ал сауыққан кісі Оның кім екенін білген жоқ. Өйткені сол жерде халық көп болғандықтан, Иса ешкімге білдірмей кетіп қалған еді.

[14] Кейін Иса әлгі кісіні ғибадатханада жолықтырып: «Енді сен ауруыңнан сауықтың. Бұрынғыдан да жаман болғың келмесе, бұдан былай күнә жасаушы болма!» — деді.

[15] Әлгі кісі яһуди басшыларына барып, өзін Исаның сауықтырғанын айтты.

[16] Иса мұны діни демалыс күні жасағандықтан, бұлар Оған қысым көрсете бастады.

[17] Бірақ Иса оларға: «Әкем еңбектен қол үзбейді, сондықтан Мен де үздіксіз еңбек етемін», — деді.

[18] Бұдан кейін яһуди басшылары Исаға бұрынғыдан бетер қарсы шығып, Оны өлтірмекші болды. Себебі Ол солардың демалыс күні туралы ережелерін ғана бұзған жоқ, сонымен қатар «Құдай — рухани Әкем» деп, Өзін Құдаймен теңестірді.

[19] Иса оларға былай деп жауап берді: — Сендерге өте маңызды шындықты айтамын: Әкесінің істегенін көрмесе, Оның рухани Ұлы өздігінен ештеңе істей алмайды. Өйткені Әкесінің жасап жатқанын Ол да дәл солай жасайды.

[20] Әкесі Оны сүйеді, сондықтан Өзі істегенінің бәрін Оған көрсетеді; Әкесі сендер таңғалатындай бұдан да зор кереметтерді әлі де көрсететін болады.

[21] Себебі Әкесінің өлгендерді тірілтіп жан беретініндей, Ұлы да Өзінің қалағандарын тірілтеді.

[22] Әкенің Өзі ешкімді соттамай, барлық сотты Оған тапсырған.

[23] Осылайша бәрі Әкені қалай қадірлесе, Ұлын да солай қадірлесін. Ал кімде-кім Ұлын құрметтемесе, Оны жіберген Әкесін де құрметтемейді.

[24] Сендерге тағы бір маңызды шындықты айтайын: кімде-кім айтқан сөздеріме құлақ асып, Мені Жібергенге сенсе, сол мәңгілік өмірге ие. Ол қиямет сотына тартылмайды, керісінше, рухани өлімнен шынайы өмірге өтті.

[25] Сендерге тағы бір өте маңызды шындықты айтып тұрмын: рухани өлілер Құдайдың рухани Ұлының даусын естіп, Оған сенетін уақыт болады, тіпті сол уақыт келді де. Сонда Оның даусына құлақ салғандар тіріледі.

[26] Себебі Әкенің Өзі өмірдің бастауы екеніндей, Ұлына да өмірдің бастауы болуды сыйлады.

[27] Ол көктен келген Билеуші болғандықтан, Әкесі Оған қиямет сотын жүргізу билігін де тапсырған.

[28] Бұған таңданбаңдар, өйткені қабірдегілердің бәрі Құдайдың рухани Ұлының даусын еститін уақыт болады.

[29] Сонда өлгендер қабірден шығады: жақсылық жасағандары мәңгі өмір сүру үшін, ал жамандық жасағандары сотталу үшін тіріледі.

[30] Мен өздігімнен ештеңе істей алмаймын. Әкемнен естігенім бойынша соттаймын. Менің сотым әділ, өйткені өз еркімді емес, Мені жіберген Әкемнің еркін орындаймын.

[31] Егер Мен Өзіме-Өзім куә болсам, онда куәлігім жеткіліксіз болар еді.

[32] Маған куәгер болатын басқа Біреу бар, Оның куәлігінің шындық екенін білемін.

[33] Рас, сендер Жақияға өкілдеріңді жібердіңдер, ол Мен жөніндегі шындықтың куәсі болды.

[34] Өзім туралы адамның куәлігін қажет етпесем де, мұны сендер құтқарылсын деп айтып тұрмын.

[35] Жақия айналасын рухани нұрландырып, жанып тұрған шырақ іспетті еді. Ал сендер біраз уақыт оның нұрында шаттанғыларың ғана келді.

[36] Алайда Менің Жақия берген куәліктен де үлкенірек куәлігім бар: Әкем Маған орындауға тапсырған, Мен істеп жүрген игі істерім Мені Соның жібергендігіне айғақ.

[37] Мені жіберген Әкемнің Өзі де Мен туралы куәлік етті. Бірақ сендер ешқашан Әкемнің даусын естіп, бейнесін көрген емессіңдер.

[38] Оның сөзі де жүректеріңнен орын алған емес, себебі Әкем жіберген Маған сенбейсіңдер.

[39] Рас, сендер Киелі жазбаларды зерттеп, солар арқылы мәңгілік өмірге ие боламыз деп ойлайсыңдар. Ал олар Мен туралы куәлік етеді ғой!

[40] Алайда сендер шынайы өмірге ие болу үшін Маған келуден бас тартасыңдар.

[41] Мен адамдардан құрмет күтпеймін;

[42] бірақ жүректеріңде Құдайға деген сүйіспеншіліктің жоқ екенін білемін.

[43] Әкемнің атынан келсем де, Мені қабылдамайсыңдар. Ал басқа біреу өз атынан келгенде, сендер оны қабылдайтын боласыңдар.

[44] Бір-біріңнен құрмет күтіп, жалғыз Құдайдан болатын шынайы құрметті іздемей жүресіңдер. Сонда сендер Менің Құдайдан келгеніме қалайша сене аласыңдар?

[45] Мен сендерді Әкемнің алдында айыптайды деп ойлап қалмаңдар. Айыптаушы бар: ол — сендер үміт артып жүрген Мұса пайғамбар.

[46] Егер де шынымен Мұсаға сенсеңдер, онда Маған да сенер едіңдер, өйткені ол Мен туралы жазып кеткен.

[47] Алайда Мұсаның жазбаларына шындап сенбейсіңдер, ендеше Менің сөздеріме қалай сене аласыңдар?

Жохан — Chapters