Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 4:55

[1] Иса осыны айтқаннан кейін, аспанға қарап былай деді: — Әке, уақыт жетті. Рухани Ұлыңды ұлылыққа бөлей гөр, сонда Мен Сенің ұлылығыңды көрсете аламын.

[2] Себебі Сен Маған берген адамдарыңның бәріне мәңгілік өмір сыйлауым үшін күллі адамзаттың билігін Менің қолыма тапсырдың.

[3] Мәңгілік өмір — Сені, жалғыз шынайы Құдайды, әрі Өзің жерге жіберген Мені, Иса Мәсіхті, жақыннан тану.

[4] Маған тапсырған ісіңді аяқтап, жерде Сенің ұлылығыңды көрсеттім.

[5] Әке, әлем жаратылмай тұрып Өзіңмен бірге болғанымда ұлылыққа кенелген едім. Енді Мені өз қасыңда сол ұлылыққа қайтадан кенелте гөр.

[6] Сені Маған күнәкар дүниенің ішінен айырып берген адамдарға Өзіңді таныттым. Олар Сенікі еді, Сен Маған оларды бердің. Олар Сенің сөзіңді берік ұстанып келеді.

[7] Сенің Маған тапсырғандарыңның бәрінің де Өзіңнен шыққанына енді олардың көздері жетті.

[8] Себебі Мен Өзің тапсырған хабарды оларға жеткіздім, олар оны қабыл алды. Сенен келгенімді шәкірттерім шынымен түсініп, Мені Өзіңнің жібергендігіңе сенді.

[9] Олар үшін өтініп жатырмын. Саған бағынбайтын дүние үшін емес, Өзің Маған берген шәкірттерім үшін өтініп жатырмын, себебі олар Сенікі.

[10] Менікінің бәрі Сенікі, Сенікінің бәрі де Менікі. Бұл адамдар арқылы Менің ұлылығым көрініп тұр.

[11] Бұдан былай Мен осы дүниеде қалмай, Саған бара жатырмын. Бірақ олар осы дүниеде қалады. Киелі Әке, Маған берген есіміңнің құдіретімен шәкірттерімді қорғай гөр. Екеуіміздің біртұтас екендігіміздей, олар да біртұтас болсын.

[12] Мен қастарында болған кезімде оларды Сенің Маған берген есіміңнің құдіретімен қорғап, аман сақтап жүрдім. Құрып кетуге тиісті адамнан басқа бірде-біреуін жоғалтқан жоқпын. Киелі жазбада сол адамның істейтіні туралы айтылғандар орындалу үшін осылай болды.

[13] Ал енді Саған бара жатырмын. Бірақ Менің қуанышым толығымен шәкірттерімнің де қуанышы болсын деп осы сөздерді әлі де жерде жүрген кезімде айтып тұрмын.

[14] Бұларға Сенің хабарыңды білдірдім. Күнәкар дүние оларды жек көріп келеді, себебі Менің осы дүниелік еместігім сияқты, бұлар да сондай емес.

[15] Сенен оларды осы дүниеден әкете гөр деп емес, әзәзіл шайтаннан қорғай гөр деп сұрап тұрмын.

[16] Менің осы дүниелік еместігім сияқты, бұлар да осы күнәкар дүниенің адамдары емес.

[17] Оларды шындығың арқылы Өзіңе бағыштап, таза жүргізе гөр. Сенің сөзің — шындық.

[18] Мені осы күнәкар дүниеге жібергеніңдей, Мен де бұларды осы дүниеге жіберемін.

[19] Сенің шындығың арқылы олардың да Өзіңе бағышталулары үшін Мен Өзімді оларға бола Саған бағыштаймын.

[20] Мен бұлар үшін ғана емес, олардың айтқандары арқылы Маған сенетін барлық адамдар үшін де өтініп тұрмын.

[21] Әке, Мені Өзіңнің жібергендігіңе адамзаттың сенуі үшін, Сенің Менімен, Менің де Сенімен тығыз байланыста тұрғанымыздай, сенушілер де Екеуімізбен тығыз байланыста тұрып, бәрі біртұтас болсын деп өтінемін.

[22] Солар да Біз сияқты біртұтас болсын деп, Өзің Маған сыйлаған ұлылықты Мен оларға да бердім.

[23] Мен бұлармен тығыз байланыстамын, Сен де Менімен солайсың. Маған сенетіндер толық бірлікке жетсін! Осылайша Өзіңнің Мені жібергеніңе әрі Мені қалай сүйсең, оларды да солай сүйетініңе адамзаттың көзі жетсін.

[24] Әке, Маған тапсырған адамдарыңның Өзім болатын жерде болуларын және Өзің Маған сыйлаған салтанатты ұлылығымды көрулерін қалаймын. Бұл ұлылығымды Сен Маған Мені сүйгендіктен әлем жаратылмастан бұрын-ақ сыйлаған едің.

[25] Әділетті Әке, осы дүние Сені түсінген жоқ, ал Мен Сені түсінемін. Мені Өзіңнің жібергеніңе шәкірттерімнің көздері жетті.

[26] Маған деген сүйіспеншілігің солардың ішінде де болсын және Өзім де олардың өмірлерінен орын алайын деп оларға Сенің қасиеттеріңді білдірдім және білдіре беремін де.

Жохан — Chapters