Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 8:08

[1] Содан кейін Иса Ғалилея аймағын аралап жүрді. Яһуди басшылары Оны өлтірмекші болған соң, Иса Яһудея аймағын аралағысы келмеді.

[2] Бұл — яһуди халқының Күркелер мейрамының қарсаңы еді.

[3] Сонда Исаның туған інілері Оған: — Яһудеяға бара бер, сол жердегі шәкірттерің де Сенің кереметтеріңді көрсін.

[4] Халықтың көзіне түскісі келген кісі істерін жасырмайды. Сен осындай кереметтер істедің, енді Өзіңді әлемге таныт, — деді.

[5] Себебі өз інілері Оған сенбейтін.

[6] Сонда Иса оларға былай деді: — Өзімді халыққа танытатын уақытым әлі келген жоқ; ал сендер үшін қай мезгіл болса да дер кез.

[7] Осы күнәкар дүние сендерді жек көре алмайды. Ал ол Мені жек көреді, өйткені Мен оның істерінің жаман екенін әшкерелеп жүрмін.

[8] Сендер мейрамға бара беріңдер! Мен қазір бұл мейрамға бармаймын. Өзімді танытатын уақытым әлі келген жоқ. —

[9] Иса осылай деп, Ғалилеяда қалып қойды.

[10] Інілері мейрамға кеткен соң, халық көзінен тасаланып Иса да жолға шықты.

[11] Яһуди басшылары: «Ол қайда?» — деп, Оны мерекеде іздеп жүрді.

[12] Келген жұрт Ол туралы көп күңкіл сөз айтып жатты. Біреулері: «Ол жақсы», — десе, басқалары: «Жоқ, халықты азғырып жүр», — деді.

[13] Бірақ яһуди басшыларынан қорыққандықтан, ешкім Ол туралы ашық айтпады.

[14] Мейрамның жартысы өткен кезде Иса ғибадатхананың ауласына барып, жұртқа тәлім берді.

[15] Яһуди діндарлары таңғалып: — Арнайы дайындықсыз Мынау Киелі жазбаларды қалай түсіне алады? — деді.

[16] Иса оларға былай деп жауап берді: — Ілімім Менікі емес, Мені Жібергендікі.

[17] Соның еркін орындағысы келген әркім осы ілім Құдайдан ба, әлде Мен өз бетіммен сөйлеп тұрмын ба, соны білетін болады.

[18] Өз бетімен сөйлеген әркім өзінің ғана беделін ойлайды. Ал Өзін Жібергеннің беделін ойлаған Кісіге сенуге болады, Оның ойында әділетсіздік жоқ.

[19] Сендерге Мұса пайғамбар Таурат заңын бермеп пе еді? Шындығында бірде-біреуің сол заңға бағынбайсыңдар. Әйтпесе неге Мені өлтірмексіңдер? —

[20] Жұрт Оған: — Жын соқты ма? Кім Сені өлтірмек? — деп қарсылық білдірді.

[21] Иса оларға былай деп жауап берді: — Мен (демалыс күні) бір керемет іс жасадым, ал бәрің соған абыржулысыңдар.

[22] Мұса сүндеттеуді бұйырды. Расында бұл рәсім Мұсадан емес, одан бұрынғы ата-бабаларымыздан қалған. Сендер бұйрыққа сай балаларыңды туғаннан кейінгі сегізінші күні, демалыс күні болса да, сүндеттей бересіңдер.

[23] Сонымен Мұсаның заңы бұзылмасын деп, балалар демалыс күні де сүндеттеліп келеді. Ендеше біреуді демалыс күні ауруынан құлантаза сауықтырғаным үшін қалайша Маған ашуланасыңдар?

[24] Сырт көрінісіне ғана қарамай, әділ шешіңдер!

[25] Сонда бірнеше иерусалимдік тұрғындар былай деді: — Басшылар өлтіреміз деп жүрген кісі Осы емес пе?

[26] Қараңдар, Ол емін-еркін де ашық сөйлейді, ал Оған ештеңе демейді. Сонда Оның Мәсіх екеніне басшылардың көздері шынымен жеткені ме?

[27] Мәсіх келгенде, Оның қай жақтан шығатынын ешкім білмейді. Ал Мынаның қай жерлік екенін білеміз ғой.

[28] Сол кезде ғибадатханада тәлім беріп отырған Иса қатты дауыспен: — Менің кім екенімді, қайдан шыққанымды білесіңдер ме? Мен өз бетіммен келген жоқпын. Бірақ Мені жіберген — сендер білмейтін Ақиқаттың Өзі.

[29] Ал Мен Оны білемін, себебі Содан келдім, Мені Сол жіберді, — деді.

[30] Содан біреулер Оны тұтқындамақ болды, бірақ Оған қарсы ешқайсысы қол көтермеді. Өйткені Исаның өз жанын қиятын уақыты әлі жетпеген еді.

[31] Ал халықтың көбі: «Құтқарушы Мәсіх келгенде, Ол Бұдан артық кереметтер көрсетер деймісің?» — деп, Исаға сене бастады.

[32] Халық арасында осындай күңкіл болғаны парызшылдардың құлағына жетті. Сонда басты діни қызметкерлер мен парызшылдар Исаны тұтқындауға сақшыларын жіберді.

[33] Ал Иса оларға: — Тағы біразырақ уақыт араларыңда боламын, содан кейін Өзімді Жібергенге қайта ораламын.

[34] Мені іздесеңдер де, таба алмайтын боласыңдар. Себебі Мен болатын жерге сендер бара алмайсыңдар, — деді.

[35] Сонда яһуди діндарлары өзара былай десті: — Біз Оны таба алмайтындай Бұл қайда бармақшы? Шетелге тарап кеткен яһудилерге барып, басқа ұлттарға да тәлім бермекші ме?

[36] Оның «Мені іздесеңдер де, таба алмайтын боласыңдар» және «Мен болатын жерге сендер бара алмайсыңдар» дегені не сөз?

[37] Мейрам соңындағы ең ұлы күні Иса ел алдында тұрып: — Кімнің жаны шөлдесе, сол Маған келіп, «ішсін»!

[38] Кім Маған сенсе, (келіп, шөлін қандырып су ішсін!) Киелі жазбаларда бұл туралы мына тәрізді сөздер айтылған: оның жүрегінен өмір беретін «су» тасқындап ағады, — деді.

[39] Иса бұларды Киелі Рух туралы айтты; Оны Исаға сенгендер кейінірек қабылдады. Құдай Исаның ұлылығын адамдарға әлі білдірмегендіктен, Өзінің Киелі Рухын сенушілерге әлі де қондырмаған еді.

[40] Исаның сөзін естіген кейбіреулер: — Шынында да Бұл — келуге тиісті Пайғамбар! — деді.

[41] Басқалары: — Ол — Құтқарушы Патшамыз Мәсіх! — дегенді айтты. Енді біреулері: — Ал Мәсіх Ғалилея аймағынан келуші ме еді?

[42] Киелі жазбаларда Мәсіх Дәуіт патшаның әулетінен, оның атамекені Бетлехемнен шығады делінген емес пе? — деп күмән келтірді.

[43] Осылай ел арасында Иса туралы араздық туды.

[44] Бірнешеуі Оны тұтқындамақ болды, бірақ ешқайсысы Оған қарсы қол көтермеді.

[45] Исаны тұтқындауға жіберілген сақшылар қайта оралғанда басты діни қызметкерлер және парызшылдар олардан: — Неге Оны алып келмедіңдер? — деп сұрады.

[46] Сақшылар: — Бірде-бір адам Ол сияқты сөйлеген емес! — деді.

[47] Сонда парызшылдар: — Ол сендерді де алдап кеткен бе?!

[48] Басшылар мен парызшылдардың арасында Оған сенетін біреудің болғаны ма?!

[49] Оған Таурат заңын білмейтін, қарғыс атқан қара халық қана сенеді! — деп зекіді.

[50] Парызшылдардың біреуі — бірде түн ішінде Исаға келіп кеткен Нікөдем де сол жерде болды. Ол басқаларға қарсы шығып:

[51] — Таурат заңымыз бойынша біреуден жауап алып тексермей, оған үкім шығаруға бола ма? — деді.

[52] Олар Нікөдемге: — Сен де ғалилеялық шығарсың? Киелі жазбаларды зерттеп шық: Ғалилеядан пайғамбар шықпайды, соны біліп қой! — деді.

[53] Мұнан кейін жиналыс аяқталып, бәрі өз үйлеріне кетті.

Жохан — Chapters