Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 7:05

[1] Иса өтіп бара жатып, туғаннан соқыр бір адамды көрді.

[2] Сонда шәкірттері Исадан: — Ұстаз, мынаның соқыр болып туғанына өз күнәсі себеп болды ма, әлде ата-анасынікі ме? — деп сұрады.

[3] Иса: — Оған өзінің де, ата-анасының да күнәсі себеп болған жоқ. Қайта, оның өмірінен Құдайдың құдіретті ісі көрінбек! — деп жауап берді.

[4] Сөзін астарлап жалғастырып: — Жарық барда, Мені Жібергеннің тапсырған игі істерін істеуіміз керек. Қараңғы түскен соң, ешкім еш нәрсе істей алмайды.

[5] Осы дүниеде тұрған шағымда Мен адамзат үшін Құдайдың Нұрымын, — деді.

[6] Осылай дегеннен кейін Ол жерге бір түкіріп, содан балшық жасап, зағиптың көзіне жақты да:

[7] — Силоғам тоғанына бар да, жуып таста! — деп тапсырды. Силоғам аударғанда «Жіберілген кісі» деген сөз. Соқыр кісі барып, бетін жуды. Сонда оның көзі ашылып көретін болды. Содан адам үйіне қайта оралды.

[8] Көршілері мен оның бұрын соқыр қайыршы болып жүргенін көргендер бір-біріне: «Мынау осы жерде қайыр сұрап отыратын адам емес пе?» — деп, қайран қалысты.

[9] Кейбіреулері: «Сол», — десе, басқалары: «Жоқ, бұл соған ұқсас қана», — деді. Әлгі адам: «Мен соның дәл өзімін!» — деп тұрып алды.

[10] Сонда кісілер одан: — Көзің қалай көріп кетті? — деп сұрады. Ол:

[11] — Иса есімді Адам балшық жасап, көзіме жағып: «Силоғам тоғанына бар да, жуып таста!» — деді. Мен барып, бетімді жудым, сонда көретін боп шыға келдім! — деп жауап берді.

[12] — Ол Адам қайда? — деп сұрады олар. Анау: — Мен білмеймін, — деді.

[13] Содан жұрт бұрын соқыр болған адамды парызшылдарға алып барды.

[14] Ал Иса балшық жасап, оның көзін ашқан күн діни демалыс күні болатын.

[15] Парызшылдар да әлгі кісіден көзінің қалай көретін болғанын сұрады. — Ол көзіме балшық жақты. Мен бетімді жудым да, көретін боп шыға келдім! — деді ол.

[16] Сонда парызшылдардың кейбіреулері: «Бұл Кісі Құдайдан келген емес, себебі Ол соқырды емдеуімен демалыс күнінің тәртібін бұзды», — десе, басқалары: «Күнәкар кісі осындай кереметтерді қалай істей алады?» — деді. Осылайша олар екі жақ болып бөлініп кетті.

[17] — Сол Кісі көзіңді ашыпты дейді. Ол туралы не айтасың? — деп, олар зағип болған кісіге тағы бір сұрақ қойды. Анау былай деп жауап берді: — Ол — пайғамбар!

[18] Алайда яһуди діндарлары көзі ашылған кісінің соқыр болып, енді көретіндігіне әлі де сенбегендіктен оның әке-шешесін шақыртып алдыртты.

[19] Оларға: — Соқыр боп туды деген балаларың осы ма? Енді ол қалайша көретін болды? — деген сұрақ қойды.

[20] Әке-шешесі оларға: — Бұның баламыз екенін және соқыр боп туғанын білеміз.

[21] Ал енді ол қалай көретін болды, соны білмейміз. Көзін кім ашқанын да білмейміз. Өзінен сұраңыздар, бала емес қой, өзі айтып берсін, — деді.

[22] Әке-шешесі яһуди басшыларынан қорыққандықтан осылай деді, өйткені солар: «Кім Исаны Құтқарушы Мәсіх деп таныса, сол мәжілісхана қауымынан шығарылсын!» — деп келісіп қойған болатын.

[23] Осы себептен әке-шешесі «өзінен сұраңыздар, бала емес қой» деді.

[24] Сонда парызшылдар бұрын соқыр болған жігітті екінші рет шақырып алып: — Құдай алдында шыныңды айт! Ана Кісінің күнәкар екенін білеміз, — деп тергеді.

[25] — Ол күнәкар ма, жоқ па, соны білмеймін. Білетінім бір-ақ нәрсе: мен соқыр едім, енді көретін болдым! — деп жауап берді ол.

[26] Парызшылдар тағы да: — Ол саған не істеді? Көзіңді қалай ашты? — деп сұрады.

[27] — Мен сіздерге жаңа айттым ғой, бірақ тыңдаған жоқсыздар. Неменеге тағы да естігілеріңіз келеді? Мүмкін, сіздер де Соның жолын қуушы шәкірттері болғыларыңыз келетін шығар? — деп жауап қайырды ол.

[28] Сонда парызшылдар оны балағаттап: — Соның шәкірті сенсің, ал біз Мұса пайғамбардың шәкірттеріміз!

[29] Құдайдың Мұсамен сөйлескенін білеміз, ал ана Кісінің қайдан келгенін білмейміз, — деді.

[30] — Оның қайдан келгенін білмейтіндеріңіз қызық екен. Ол менің көзімді ашты ғой.

[31] Құдай күнәкарларға құлақ салмайды; бірақ кім Оны қастерлеп, еркін орындаса, Құдайдың соған құлақ салатынын білеміз.

[32] Дүние жаратылғаннан бері іштен соқыр боп туған кісінің көзін біреу ашты дегенді бұған дейін ешкім естіген емес.

[33] Құдайдан келмесе, осы Кісі ештеңе де істей алмас еді! — деп нық жауап берді бұрынғы зағип.

[34] Әлгілер бұған қарсы шығып: — Сен тұла бойың түгел күнәкар боп тудың, енді бізге ақыл үйретпексің бе?! — деп, оны мәжілісханадан қуып шықты.

[35] Иса діндарлардың әлгі кісіні қуып жібергені туралы естіді. Содан Ол оны тауып алған соң, оған: — Көктен келген Билеушіге сенесің бе? — деген сұрақ қойды.

[36] — Мырза, Соның кім екенін айтыңызшы, мен Оған сенейін.

[37] — Сен Оны көрдің, сенімен сөйлесіп тұрған — Соның Өзі.

[38] — Ием, Сізге сенем! — деп, әлгі адам Оның аяғына жығылды.

[39] Иса: — Мен бұл дүниеге «соқырлардың» көзі ашылсын, ал «көретіндер» «соқыр» болсын деп, айыру үшін келдім, — деді.

[40] Бұл сөзді қасында тұрған бірнеше парызшылдар да естіп: — Сонда біз де «соқырмыз» ба? — деп сұрады.

[41] Иса оларға былай деп жауап берді: — Егерде соқыр болсаңдар, кінәларың болмас еді. Ал қазір сендер «көзіміз көреді» деп мақтанғандықтан, кінәларың мойындарыңда қалады.

Жохан — Chapters