[1] Екі күннен кейін Ғалилея аймағының Қана қаласында бір үйлену тойы болды. Исаның шешесі сонда еді,
[2] Иса да шәкірттерімен бірге шақырылды.
[3] Шарап таусылып қалып, Исаның шешесі Оған: — Олардың шарабы қалмады, — деді.
[4] Иса: — Апа, Маған оны не үшін айтасыз? (Керемет жасау үшін көктегі Әкем белгілеген) уақытым әлі келген жоқ, — деп жауап берді.
[5] Дегенмен шешесі қызметшілерге: «Ол не айтса, соны істеңдер!» — деп тапсырды.
[6] Сол жерде яһудилердің дәстүрі бойынша діни тазару салтына арналған, ішіне он шелектей су сыятын алты тас күбі тұр еді.
[7] Иса қызметшілерге: «Күбілерді суға толтырыңдар!» — деген тапсырма берді. Олар күбілерді суға ернеулете толтырды.
[8] «Аздап алып, асабаға апарыңдар!» — деді Иса. Олар апарып беріп,
[9] асаба шарапқа айналған әлгі суды татып көрді. Бірақ асаба оның қайдан екенін білген жоқ, мұны тек суды шөміштеп алған қызметшілер ғана білетін. Асаба таңғалды да, күйеу жігітті шақыртып алып:
[10] «Әркім алдымен жақсы шарабын құяды, қонақтар қызып алған кезде оның төмендеу түрін береді. Ал сен ең жақсысын осы уақытқа дейін сақтап қойыпсың!» — деді.
[11] Осылай Иса кереметтерінің алғашқысын Ғалилеядағы Қана қаласында жасап, Өзінің ұлылығын көрсетті. Содан шәкірттері Оған сенді.
[12] Мұнан кейін Иса шешесі, інілері және шәкірттерімен бірге Қапарнаумға барып, сол қалада бірнеше күн тұрды.
[13] Яһуди халқының Құтқарылу мейрамы жақындағанда, Иса Иерусалим қаласына өрлеп барды.
[14] Ғибадатхана алаңында Ол (құрбандыққа шалынатын) бұқа, қой, көгершін сатушыларға және шетелдік ақшаны (зекет беру үшін жергілікті ақшаға) айырбастаушыларға назар салды.
[15] Сосын Иса арқаннан қамшы өріп алып, сатушылардың бәрін қой, бұқаларымен бірге ғибадатхана ауласынан қуып шықты. Айырбастаушылардың ақшаларын шашып, үстелдерін аударып тастады.
[16] Иса көгершін сатушыларға бұрылып: — Мыналарыңды бұл арадан алып кетіңдер! Көктегі Әкемнің киелі үйін базарға айналдырмаңдар! — деп бұйырды.
[17] Сонда «Киелі үйіңнің қамын жеп, азапқа түсем» деп (Забурда алдын ала) жазылған сөздер шәкірттерінің естеріне түсті.
[18] Ал яһуди басшылары Оған: — Осыны істеуге қақыңның барын қандай кереметпен дәлелдемексің? — деген сұрақ қойды.
[19] Иса оларға: — Мына киелі үйді бұзыңдар, Мен оны үш күнде қайта тұрғызамын, — деп жауап қатты.
[20] Яһудилер: — Бұл киелі үй қырық алты жыл бойы салынды. Ал Сен оны үш күннің ішінде қайта тұрғызбақшымысың? — деді.
[21] Бірақ Иса «киелі үй» дегенде Өзінің денесі туралы айтқан еді.
[22] Сондықтан Иса өлімнен қайта тірілген кезде шәкірттері Оның осылай дегенін естеріне түсіріп, Киелі кітапта жазылған және Исаның Өзі айтқан пайғамбарлық сөздерге сенді.
[23] Құтқарылу мейрамы кезінде Иса Иерусалимде болғанда, Оның жасаған кереметтерін көрген көптеген адамдар Оған сенді.
[24] Алайда бәрінің ойы мен ниеті құбылмалы екенін біліп, Иса оларға сене қоймады.
[25] Ол адам баласының көңіліндегісін толық білгендіктен, біреудің Өзіне ол туралы мәлімет беруін қажет етпеді.