[1] Ал Иса Зәйтүн тауына қарай беттеген еді.
[2] Ертеңгісін Ол қалаға қайта оралып, ғибадатханаға барды. Сонда бүкіл жұрт Оның қасына жиналды. Иса отырған соң, оларға тәлім берді.
[3] Бірнеше дін мұғалімі мен парызшыл да осы жерге келді. Олар неке адалдығын бұзып жатқан жерінде ұсталған бір әйелді айдап әкеліп, ортаға тұрғызып қойды.
[4] Олар Исаға қарап: — Ұстаз, мына әйел неке адалдығын бұзған қылмысы үстінде ұсталды!
[5] Таурат заңында Мұса бізге мұндайларды тас лақтырып өлтіруді бұйырған. Сіз бұған не айтасыз? — деді.
[6] Сол діндарлар Исаны сынап, айыптайтын сылтау табу үшін осыны айтқан еді. Бірақ Ол еңкейіп, саусағымен жерге жазып, оларға көңіл бөлмеді.
[7] Әлгілер сұрай берген соң, Иса басын көтеріп: — Араларыңда кімде-кім күнәсіз болса, сол әйелге бірінші болып тас лақтырсын, — деп,
[8] тағы да еңкейіп, саусағымен жерге жазып отыра берді.
[9] Олар Оның сөзін естігеннен кейін ұялып, алдымен үлкендері, содан кейін басқалары бірінен соң бірі шығып кетті. Ал Иса ортада тұрған әйелмен оңаша қалды.
[10] Басын көтеріп, әйелден: — Әлгі айыптаушыларың қайда кетті? Саған ешкім үкім шығарған жоқ па? — деп сұрады. Ол:
[11] — Ешқайсысы да, Мырза, — деп жауап берді. Ал Иса: — Мен де саған үкім шығармаймын. Бара бер, бұдан былай күнә жасаушы болма! — деді.
[12] Иса тағы бір жолы халыққа сөйлеп отырғанда былай деді: — Мен дүние үшін Нұрмын. Маған ерген кісі енді түнекте жүрмей, шынайы өмірдің Нұрына ие болады, — деді.
[13] Сонда парызшылдар Оған: — Сен Өзіңе-Өзің куәсің, сондықтан куәлігің жарамайды, — деді.
[14] Иса былай деп жауап берді: — Мен Өзіме-Өзім куә болсам да, куәлігім жарап тұр. Себебі Мен қайдан келгенімді, қайда баратынымды білемін. Ал сендер Менің қайдан келгенімді, қайда баратынымды білмейсіңдер.
[15] Сендер пенделік тұрғыдан үкім айтып тұрсыңдар, ал Мен ешкімге үкім айтып тұрған жоқпын.
[16] Егерде үкім айтсам, үкімім жарар еді, себебі Мен жалғыз емеспін, Өзімді жіберген Әкеммен біргемін.
[17] Сендер ұстанған Таурат заңында екі адамның куәлігінің жарамдылығы туралы жазылған ғой.
[18] Мен Өзіме куәмін, ал Мені жіберген Әкем де Маған куә. —
[19] Әлгі парызшылдар: — Әкең қайда? — деп сұрады. Иса оларға: — Сендер Мені де, Әкемді де білмейсіңдер. Егер Мені білсеңдер, онда Әкемді де білер едіңдер, — деп жауап қайырды.
[20] Осы сөзді Иса ғибадатхананың қазынасы сақталатын қойманың жанында тәлім беріп отырғанда айтты. Алайда Оны ешкім тұтқындаған жоқ, өйткені Исаның өз жанын қиятын уақыты әлі жетпеген еді.
[21] Иса жиналғандарға тағы бір жолы тіл қатып былай деді: — Мен бұл жерден кетемін, сонда Мені іздейсіңдер. Ал сендер күнәларыңды арқалап өлесіңдер және Мен баратын жерге жете алмайсыңдар. —
[22] Сонда яһуди діндарлары бір-біріне: — «Мен баратын жерге сендер жете алмайсыңдар» дегені Оның Өзін өлтірмек болғаны ма? — десті.
[23] Иса оларға былай деді: — Сендер жерденсіңдер, Мен көктенмін. Сендер осы күнәкар дүниенің адамысыңдар, ал Мен осы дүниелік емеспін.
[24] Сондықтан да сендерге «күнәларыңды арқалап өлесіңдер» дедім. Өйткені егер Менің Сол екеніме сенбесеңдер, күнәларыңды арқалап өлетін боласыңдар. —
[25] Олар Исадан: — Осы Сен кімсің? — деп сұрады. Иса: — Сендерге әуел бастан-ақ не айтсам, Мен дәл Солмын.
[26] Сендер туралы айтып, үкім шығаратын жайттарым көп. Бірақ Мені Жіберген — Хақ, Одан естігендерімді дүниеге білдіремін, — деп жауап берді.
[27] Олар Исаның көктегі рухани Әкесі туралы айтып тұрғанын түсінген жоқ.
[28] Сондықтан Иса былай деді: — Сендер көктен келген Билеушіні (айқышқа шегелеп) жоғары көтеріп қойған кезде Менің Сол екенімді, әрі еш нәрсені өз еркіммен істемей, тек Әкем қалай үйретсе, солай сөйлейтінімді ұғатын боласыңдар.
[29] Мені жіберген Әкем Өзіммен бірге. Мен әрқашан Оған ұнайтынын істейтіндіктен, Әкем Мені жалғыз қалдырмайды.
[30] Иса осыны айтып тұрғанда, көптеген адамдар Оған сенді.
[31] Сонда Иса Өзіне сенген яһудилерге былай деді: — Егер сендер айтқандарымды естеріңе сақтап, жүзеге асырсаңдар, шынымен Менің шәкірттерім боласыңдар.
[32] Сонда ақиқатты біле түсесіңдер, ал ақиқат сендерді азаттыққа жеткізеді. —
[33] Олар: — Біз Ыбырайымның ұрпағымыз, ешқашан да біреудің құлы болған емеспіз! Қалайша бізге «азаттыққа жетесіңдер» деп айта аласыз? — деді.
[34] Иса оларға былай деп жауап берді: — Сендерге өте маңызды шындықты айтамын: кім күнә жасаса, сол — күнәнің құлы.
[35] Ал құлы емес, ұлы ғана қожайынның үйінде мәңгі қалады, себебі ұлы ретінде оның еркі бар.
[36] Сонымен егер Құдайдың рухани Ұлы сендерді азаттыққа жеткізсе, шынымен азат боласыңдар.
[37] Сендердің Ыбырайымның ұрпақтары екендеріңді білемін. Алайда Мені өлтірмексіңдер, себебі айтқандарыма жүректеріңнен орын бермедіңдер.
[38] Мен Әкемнің көрсеткендері туралы айтып тұрмын, ал сендер өз түп аталарыңнан көргендеріңді істейсіңдер. —
[39] Сол яһудилер: — Біздің түп атамыз — Ыбырайым ғой, — деп жауап берді. Иса оларға былай деді: — Сендер шынымен Ыбырайымның ұрпақтары болсаңдар, Ыбырайым секілді әрекет етер едіңдер.
[40] Алайда Құдайдан естіген ақиқатты сендерге жеткізген Мені өлтіргілерің келеді. Ондай нәрсені Ыбырайым істеген жоқ.
[41] Сөйтіп сендер өз аталарың не істесе, соны істеп жүрсіңдер. — Біз некесіз туғандар емеспіз! Біздің бір ғана рухани атамыз бар, Ол — Құдай! —
[42] Иса оларға былай деді: — Рухани аталарың Құдай болса, сендер Мені жақсы көрер едіңдер. Өйткені Мен осында Құдайдан келдім. Өз бетіммен келген жоқпын, Мені Құдай жіберді.
[43] Менің айтып тұрғанымды неге түсінбейсіңдер? Себебі Менің сөзімді естіп тұра алмайсыңдар.
[44] Сендердің рухани аталарың — әзәзіл шайтан. Соның құмарлықтарын орындағыларың келеді. Ол әуел бастан-ақ кісі өлтіруші болып келеді, ақиқат жағында тұрған да емес, өйткені онда ақиқат жоқ. Әзәзіл өтірікті өз болмысына сай айта береді, себебі ол — өтірікші, өтіріктің бастауы.
[45] Мен ақиқатты айтқандықтан Маған сенбейсіңдер.
[46] Араларыңдағы қайсың Мені күнә жасадың деп әшкерелей аласың? Ал егер ақиқатты айтсам, неге Маған сенбейсіңдер?
[47] Кімде Құдайдың рухани өмірі болса, сол Оның айтқандарына құлақ асады. Сендерде Құдайдың рухани өмірі болмағандықтан, Оның айтқандарына құлақ аспайсыңдар.
[48] — Самариялық екенсің, Сені жын соққан деп тұрғанымыз дұрыс емес пе? — деп әлгі яһудилер Исаға тіл тигізді.
[49] — Мені жын соққан жоқ! Тек Әкемді құрметтеймін, ал сендер Мені қорлайсыңдар.
[50] Мен құрметке бөленуге тырыспаймын, ол жағын ойластыратын Әкем бар. Сендер мен Өзімнің арамыздағы төрелікті айтатын да Сол.
[51] Сендерге өте маңызды шындықты айтамын: Менің сөзімді берік ұстанатын кісі мәңгі өлмейді, — деп жауап берді Иса.
[52] Ал яһуди діндарлары Оның айтқанын түсінбей: — Ішіңде жынның бар екеніне көзіміз жетті. Ыбырайым да, пайғамбарлар да өлген, ал Сен «Менің сөзімді берік ұстанатын кісі мәңгі өлмейді» дейсің!
[53] Әлде Сен өліп қалған түп атамыз Ыбырайымнан да құдіреттісің бе? Пайғамбарлар да өліп қалған. Өзіңді кіммін деп тұрсың? — деді.
[54] Иса бұған жауап ретінде былай деді: — Менің Өзімді құрметтеуім түк болмас еді; Мені құрметтеуші — өз Әкем. Сендер Оны «біздің Құдайымыз» десеңдер де,
[55] Оны білмейсіңдер; ал Мен Оны білемін. Егер Оны білмеймін десем, сендер сияқты өтірікші болар едім. Бірақ Мен Оны білемін және Оның айтқандарын ұстанамын.
[56] Түп аталарың Ыбырайым Менің дүниеге келетін күнімді көретініне шаттанды; ол сол күнді көріп, қуанды да. — Әлгі діншіл яһудилер:
[57] — Сен әлі елуге де келген жоқсың, Ыбырайымды көрдім дейсің бе? — деді.
[58] Иса оларға былай жауап берді: — Сендерге өте маңызды шындықты айтамын: Ыбырайым тумастан бұрын да (Мәңгі) Бар Болушы Менмін!
[59] Сонда олар ашуланып, Оны тас лақтырып өлтіру үшін жерден тас алды. Бірақ Иса білдіртпей ғибадатханадан шығып кетті.